Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Салауатты өмір сүру – өзіңізге деген құрмет

Салауатты өмір сүру – өзіңізге деген құрмет
Автор
Адам денсаулығы – ең құнды байлық. Әрбір адам өзінің денсаулық атты байлығына жауапты әрі оған қамқор болуы керек. Өмір сүру қарқыны артқан сайын, денсаулықтың маңызы да жоғарылай түседі. Адамның ұзақ әрі сау ғұмыр кешуі көбінесе оның өмір сүруі салтына байланысты. Сол себепті де салауатты өмір салты тек жеке бастың емес, барша қоғам үшін маңызды ұстанымдардың бірі болып саналады.

Салауатты өмір салты – адам денсаулығын сақтауға, нығайтуға және өмір сапасын арттыруға бағытталған өмір сүру салты. Оған бірнеше маңызды фактор кіреді. Ең алдымен, дұрыс және теңгерімді тамақтану. Сонымен қатар, тұрақты дене белсенділігі де маңызды рөл атқарады. Бұл екі фактор ауыр сырқаттардың пайда болу қаупін азайтып, өмірдің ұзақтығы мен сапасын арттыруға ықпал етеді. Алайда салауатты өмір салты тек жаттығу мен дұрыс тамақтанумен шектелмейді. Адам толыққанды салауатты өмір сүру үшін зиянды әдеттерден, атап айтқанда темекі тарту, ішімдік ішу және нашақорлықтан бас тартуы қажет. Мұндай әдеттерден арылу ағзаның жалпы жағдайын жақсартып, созылмалы аурулардан сақтауға көмектеседі.

Салауатты өмір салтына жеткілікті ұйқы мен дұрыс демалыс та кіреді. Ұйқы мен тынығу мидың, жүректің және басқа да маңызды мүшелердің дұрыс жұмыс істеуіне әсер етеді. Сонымен қатар, адамның психологиялық жайлылығы, көңіл күйінің тұрақтылығы мен стрессті басқару қабілеті де денсаулыққа айтарлықтай септігін тигізеді.

Салауатты өмір салтының маңызды бір бөлігі – дұрыс тамақтану. Яғни күнделікті түрлі тағамдарды тең мөлшерде тұтыну. Мысалы, күніге жеміс пен көкөніс жеу жүрек аурулары мен кейбір қатерлі ісіктердің даму қаупін азайтады. Дәнді дақылдардан жасалған нан мен ботқалар ішекті тазалап, ас қорытуға көмектеседі. Сонымен қатар, балық, жұмыртқа, тауық еті сияқты ақуызы мол тағамдар жасушаларымызды қалпына келтіруге көмектеседі. Сүт пен айран сүйекті қатайтып, денені мықты етеді. Ал майды тұтынғанда, оның мөлшері мен түріне көңіл бөлген жөн. Қанықпаған майларды шектеулі түрде қолданған дұрыс. Майлы, қуырылған, тым тәтті не тұзды тағамды шектеген жөн.

Күн сайын қимыл-қозғалыс жасау, спортпен шұғылдану да денсаулыққа жақсы әсер етеді. Жаяу жүру, би билеу, велосипед тебу – бәрі жүрекке де, көңіл күйге де пайдалы. Аптасына кем дегенде 150 минут орташа қарқынды жаттығу жасап, аптасына екі рет күштік жаттығулар істеген жөн. Сонда жүрек пен қан айналымын жақсартып, қант диабеті, остеопороз сияқты аурулардың алдын алуға болады. Адамға күніне кемінде 6 000-8 000 қадам жүру жеткілікті, бұл жүрек пен қан тамырларының жұмысын жақсартады, артық салмақтың алдын алады. Ал денсаулығын жақсартып, ұзақ өмір сүргісі келетіндерге 10 000 қадам жүру ұсынылады. Дегенмен ең бастысы қадам санынан гөрі тұрақты қозғалыс маңызды екенін ұмытпаңыз. Егер сіз күні бойы отырып, бірақ кешке 10 000 қадам жасасаңыз, жеткіліксіз болуы мүмкін.

Дене салмағын бақылау – жалпы денсаулықты сақтау жолындағы тағы бір маңызды қадам. Артық салмақ пен семіздік түрлі ауруларға, соның ішінде жүрек ауруы, қант диабеті, бауыр аурулары мен қатерлі ісіктерге әкелуі мүмкін

Темекі шегу – денсаулыққа ең қауіпті зиянды әдеттердің бірі. Оның ешқандай қауіпсіз дозасы жоқ. Темекі өкпе қатерлі ісігінің басты себебі ғана емес, жүрек пен қан тамырларына, бауырға, асқазан мен ауыз қуысына да кері әсер етеді. Созылмалы өкпе ауруларына да себепші болады. Сондықтан ең дұрыс шешім – мүлдем темекі шекпеу. Алкогольді шамадан тыс ішу де денсаулыққа зиян. Артық мөлшерде ішімдік қандағы майдың көбеюіне, қан қысымының көтерілуіне, жүрек ырғағының бұзылуына және бауырдың зақымдануына әкеліп соғады. Сол себепті осындай зиянды әдеттерден мүлде бас тартқан дұрыс.

Жалпы айтқанда, салауатты өмір сүру өзіңізге деген құрмет. Деніміздің сау болуын қаласақ, бәрін өзімізден бастауымыз керек. Әсіресе жастар – елдің болашағы. Сондықтан олардың дені сау, ой-санасы сергек, өмірге құштар болып өсуі аса маңызды. Алайда бүгінгі таңда жастар арасында гаджетке тәуелділік, фастфудқа әуестік, қозғалыссыз өмір салты сияқты жағымсыз әдеттер белең алып тұр. Мұның барлығы болашақта денсаулыққа үлкен қауіп төндіреді. Осыған байланысты білім беру мекемелерінде салауатты өмір салтын дәріптеу, спорттық үйірмелер мен пайдалы әдеттерді насихаттау – аса қажет шаралар.

Сонымен қатар салауатты өмір салты тек жеке адамның ғана таңдауы емес, қоғам болып бірлесе атқаратын іс. Мемлекет тарапынан денсаулық сақтау саласын дамыту, спортпен айналысуға жағдай жасау, дұрыс тамақтану мәдениетін қалыптастыру – ұлт денсаулығына қосылған үлес болмақ. Ал отбасы баланың ең алғашқы мектебі. Егер ата-ана салауатты өмір салтын ұстанса, бала да соны бойына сіңіреді. Қарапайым ғана ерте тұру, дұрыс тамақтану, кітап оқу, серуендеу сияқты әдеттердің бәрі отбасында қалыптасады.

Қорыта айтқанда, салауатты өмір салты – адамның өз болашағына салған іргетасы. Әрбір адам өміріне мән беріп, денсаулығына қамқор болса, ол өзі үшін де, қоғам үшін де үлкен пайда әкелмек. Себебі ең құнды дүние – денсаулық, ал денсаулықты сақтау – әркімнің өз қолында.

 

Мадина МҰСАБАЙ,

М.Х.Дулати атындағы Тараз

университетінің 3-курс студенті

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар