
Қазір коучтардың түрі көп. Бірі әйелдерге күйеуімен қарым-қатынасын жақсартудың жолын үйретсе, енді бірі байлыққа кенелтемін деп сендіреді. Тағы бірі сұлу әрі іскер әйел болудың құпиясын паш етемін деп еліктіреді. Осылайша «аңқау елге арамза молда» болып жүргендер өздерін ақылды көрсетіп, онсыз да ойы онға, санасы санға бөлініп жүрген адамды, қала берді қоғамды адастырып жүр.
Тақырыбымызға терең бойламас бұрын алдымен коучтың қандай маман екенін, оның мақсат-міндетін айқындап алайық. Коуч – білім алушыға белгілі бір өмірлік немесе кәсіби мақсатқа жетуге көмектеседі. Коучинг жалпы дамудың орнына нақты белгіленген мақсаттарға жетуге бағытталған.
Коучтың негізгі білімінен басқа адамды биікке жетелеп, серпіліс бере алатын әдістерді меңгерген және тәжірибесі туралы білімін растайтын сертификаты болуы керек. Ал бүгінгі таңда псевдо-коучтар көбіне ортанқол курстарды оқып, кейде өзінің сөзшеңдігіне сүйененеді немесе мотивациялық кітаптар оқу арқылы білімін арттырып, өзін-өзі дамытады. Сөйтіп амалдап ақыға ақыл айтып, көлгірсіп көсем, шешіліп шешен болып көрінуге тырысады және сол жолда діттегеніне жетпей тоқтамайды.
Шын білімдар коуч пен жалған коучты қалай айыруға болады? Шынайы маман өз абыройы мен беделіне сүйеніп ішкі ойын тықпалап, өзіне жүгінген адамның санасын улап, керекті-керексіз деректермен адамның миын ашытпайды. Білікті маман өзінің жеке тәжірибесін пайдаланғанымен, бірақ оны нақты негізге алмайды. Ал тәжірибесі жоқ мамандар көп жағдайда қорғанамын деп мінез-құлқын көрсете бастайды, яғни агрессивті жауап беріп, қызды-қыздымен дөрекілеу сөйлеп қояды.
Бірнеше жыл бұрын «Супермамасита» деген лақап атпен танымал блогердің үстінен қылмыстық іс қозғалғаны бәрімізге аян. Істі Алматы қалалық полиция департаментінің мүліктік қылмыстарды тергеу бөлімі қарады. «Супермамасита» қаржылық тәуелділіктен арылып, несие мен қарыздан құтылып, түрлі бизнес-аккаунттарды басқаруды үйретуге бағытталған курсын 28 мыңнан астам адамға сатқан. Курс бағасы 22 мың теңгенің төңірегінде. Алайда онлайн сабақтың сапасы мен мазмұнына көңілі толмаған қатысушылар төлеген ақшаларын кері қайтару үшін полицияға арызданған. Бұл блогер негізінен мотиватор-коуч ретінде танылды. Оған дейін де сан алуан тренинг өткізіп, көптеген адамның қалтасын қаққан.
Тағы бір қызығы, тіл мен жағына сүйеніп «үлгілі отбасы болудың озық үлгісін үйретемін» деген коучтың өзі ажырасқан не болмаса «баюға көмектесемін» деген тренердің өзі «шықпа жаным, шықпалап» күн кешіп жүргендердің бірі болып шығады. Осындайда «Өзің дуанасың, кімге пір боласың» деген сөз тіркесі еріксіз ойға оралады.
Осы орайда сөзімізге тұздық болсын деген оймен бірнеше мысал келтіруді жөн деп таптық. Бірде қызуқандылау, не болса соны көңіліне алып қалатын, адамдармен тіл табысуы қиындау бір құрбымыз «әлеуметтік желі арқылы табыс табуды үйренемін, адамдармен қарым-қатынасымды жақсартамын» деген оймен бір танымал коучтың курсын сатып алды.
Қоңырау шалғанда сабақ 10 күн бойы күнделікті белгіленген уақытта өтетінін, сұрағын кез келген уақытта қоюға мүмкіндігі бар екенін білді. Сауда-саттықпен айналысудың озық үлгісін, бірде-бір клиентті құр қол қайтармайтын ережемен жұмыс істеудің қыр-сырын үйрететінін тәптіштеп, егжей-тегжейлі түсіндіреді. Не керек құрбымыз 50 мың төлеп, 5 күндік курсқа жазылды.
Сонымен керек дәрістің бірінші күні коуч курсқа қатысушылармен танысумен шектеледі. Екінші күнгі дәрісте ақшаны үнемдеп жарату туралы әңгіме қозғайды. Үшінші күнгі дәрісте сөзі сұйылған коуч амандық-саулықтан соң әр мысалды бір келтіріп, жаңалық айтумен болады. Соңғы күні «Өміріңді жоспарла», «Бақытты болатыныңа, болашағыңның жарқын болатынына сен», «Дұрыс арманда» деген сияқты ақыл-кеңестен ары аспаған. Сөйтіп бірнеше күн бойы дәріске қатысушылардың басын бос сөзбен қатырған кочусымақ соңғы күні «басқа сұрақтарға жауап бермеймін, маған тиесілі уақыт бітті» деп қош айтысып кете барған.
Негізі тұтынушылардың бірін жұмыртқадан жүн қырқып-ақ табыс тауып жүрген айлакерлердің қызыл-жасыл жарнамасы қызықтырса, енді бірі оның танымалдығына сеніп қалады. Күнде теледидардан көріп жүрген адам болғандықтан, оның сөзіне құлақ асып, иланады. Ал олардың қақпанына онсыз да жолы болмай, қиналып жүргендер түседі. Сөйтіп көбіне өздері өтірік айта алмайтын, бірақ өзгенің сөзіне тез сеніп қалатындардың қалтасы қағылады. Дәл осындай «маңғыт, аузыңа саңғыт» деп кете баратындар қоғамға расымен қауіп төндіріп тұрғаны рас.
Курс сатып алып, тренингке қатысып сан соққандар өз арамызда да жетерлік. Бір таң қаларлығы алданғандар арасында асарын асап, жасарын жасап, жасы елуді еңсерген ересектер де, жастар да баршылық.
Отбасындағы кикілжің мен жоқшылықтан шаршаған тараздық ерлі-зайыптының үйленгеніне биыл он жыл толыпты. Отанасы мен отағасы бірге тұрған жылдар ішінде өзара тату болмағандарын айтады. Ұрыс-керістен шаршаған екеу төртінші перзенттері дүниеге келген соң, өзгеруге тырысқан. Балаларды толыққанды отбасында жетілдіруді ойлап, ажыраспау мақсатында психолог-коучтың көмегіне жүгінген.
– Несие рәсімдеп, екі аптаның ішінде 500 мың теңге қаражат бердік. Ал сенген коучымыз бізге отбасы татулығын, ерлі-зайыптының сыйластығын, үлгілі отбасы болудың жолдарын айтып отырды. Бірнеше психологиялық кітапты оқуға кеңес берді.
Алайда өзін ақылды санап, отбасының татулығын сақтап қалуды үйретіп отырған әйелдің екі күйеуден ажырасқанын естігенде әйелімді жетектеп сыртқа шығып кеттім де, сабаққа барудан бас тарттым. Себебі сол сәтте түсінгенім, адамға бақытты болуды біреу үйрете алмайды. Бақытты болудың ешқандай қатып қалған ережесі де жоқ екен. Ерлі-зайыптының арасындағы сыйластық қана бәрін шешетінін ұқтым.
Сөйтіп үйге келген соң әйелім екеуміз отбасылық ереже жаздық. Ереже бойынша егер мен ұрыс бастасам әйелім сыртқа шығып кетуге, әйелім ұрыс бастаса мен тысқа шығып кетуге міндеттелдік. Және балалардың көзінше бір-бірімізге ауыр сөз айтпауға ниеттендік. Бір-бірімізге күн сайын жылы сөз айтып, апта сайын шағын болса да сыйлық беріп тұратын болып келістік. Бар мәселе осылай оңай шешілді.
Сауатсыз коучқа жүгінуден бас тартқалы бері 3 жылдың жүзі өтіпті. Біз осы жылдар ішінде бір рет те ұрысып көрмедік. Себебі бір-біріне жылы сөйлеп тұрған екі адам ұрыса алмайтынын ұқтық. Қазір біздің жүрегімізде тек қана ыстық ықылас қана бар, – дейді коучтан көңілі қалған Қанат Мырзабайұлы.
Коучтың көмегіне жүгінген келесі кейіпкеріміз – Әлия Қанапия. Әлия жақсы табыс тапқысы келіп әлеуметтік желідегі түрлі жарнамаларды парақтаған. Сөйтіп «Жеті күнде баюға жеті қадам жасаймыз» деген жарнаманы оқып қалады. «Бір аптаның ішінде блогерлікті үйретіп, табысқа шығарамыз, ақша табудың түрлі әдіс-тәсілін меңгересіз» деген сөздерді оқып, табыс табудың, баюдың оңай жолын таптым деген оймен жарнамадағы телефон нөміріне хабарласады.
– Бас-аяғы 10 минуттың ішінде басымды шыр айналдырып, 100 мың теңгемді қағып алды. Қаражатты аудармай тұрып, уәдені үйіп-төкті. Бір апта бойы кездесіп, «Instagram» мен «Tik Tok» әлеуметтік желілерін пайдалануды үйретіп, сол арқылы қаражат табуға көмектесетінін жеткізді. Алайда екі кездесуден кейін біресе қолы тимей жатқанын айтып қашқақтаса, енді бірде шетелге шығатынын сылтауратты.
Ашуға булығып ізінен қуып жүріп, әрең дегенде үшінші рет кездестік. Әрнәрсенің басын бір шалып, дәріс өткендей болды. Сонда ғана өзімнің алданып қалғанымды ұқтым. Ешқандай сертификаты да жоқ екенін кейін білдім.
Мұндай кісілердің сөзшең болатынын, өздеріне ешқандай шаң жуытпайтынын түсіндім. Ал біз сияқты дәріс оқуға ниеттенушілер қарапайымдылығынан үнсіз қала береді екен, – дейді Әлия ханым.
Осыдан 2 ай бұрын Астана қаласының тұрғыны Жарылқасын Нұқан тірнектеп жинаған зейнетақысынан бір-ақ күнде айырылып қалған. Оған аты жер жарған Нұрлан Жанай есімді коучқа алданғаны себеп болып тұр. Зейнеткер екі жыл бұрын танымал коучтың сабағын оқып, артынша кітабына инвестор болыпты. Соңында «12 миллионды санап берсеңіз, үш айдың ішінде 14 миллион етіп қайтарамын» деп уәде берген екен.
– Нұрлан Жанай «Несие рәсімдеп қойдым, бір аптаның ішінде беремін» деп уәде бергеніне көп болды. 2023 жылы қыркүйек айында берілген соманы атақты коуч әйелі мен көмекшісіне бөліп аудартты. Кейін тәртіп сақшыларына шағымданған соң, 5 миллионын қайтарды. Қорғаушым екі рет сотқа дейінгі талап-арыз жолдады. Неге екенін тәртіп сақшылары Нұрлан Жанайдан сұрақ-жауап та алмаған.
Ал әлеуметтік желіде 100-мыңнан аса оқырманы бар Нұрлан Жанай үш кітаптың авторы. Әр сабағы 5-10 миллион теңге тұратынын өзі де жасырмай айтады. Елдің ақшасына шығарылған кітаптары арқылы сабағының құнын өсіріп, баю жолын үйретіп жүр. Ендігі айтарым, басқа адамдар да мен сияқты алданып қалмаса екен. Алдағы уақытта прокуратураға арыз жазып, азаматтық сотқа жүгінемін, – дейді астаналық зейнеткер.
Бір өкініштісі, қарапайым халықтың көбі оңай ақша тауып, байып, миллионер атанғысы келетіндіктен, «байытамын» деген сөзге имандай сенеді. «Пәлен мотиватордың сабағына қатыссам», «Түген коучпен бір кездессем, өмірім жақсарып кетеді» деген ойдың жетегінде жүргендер жетерлік. Бірақ алдымен сол өздері кездесуді арман етіп жүрген коуч-мотиваторлардың білімінің қай деңгейде екенін ойлап жатқан ешкім жоқ.
Арнайы білімсіз адам оқытып жүрген шала сауаттылар күннен-күнге көбейіп кетті. Ал сондай сабаққа қатысушылар одан да көп. Яғни, сұраныс бар деген сөз. Ақылын сатқандарға алданатын аңғал халыққа не деуге болады?!
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ