Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Сот жүйесі – ел ішіндегі тұрақтылық пен заң үстемдігінің берік тірегі

Сот жүйесі – ел ішіндегі тұрақтылық пен заң үстемдігінің берік тірегі
Ақәділ Рысмахан
Заңның үстемдігін қамтамасыз ететін заң органдары қызметкерлерінің бірі – сот. Өйткені олар елге қызмет етуде Конституция мен қолданыстағы заңдарға сүйеніп әрекет етеді. Сондай-ақ олардың бойында құқықтық біліммен қатар адамгершілік қасиеттер болуы тиіс. Ал сот жүйесінің жұмысын қамтамасыз етумен айналысатын сот қызметкерлерінің кәсібилігі мен жауапкершілігі жоғары болса, халықтың сот билігіне деген сенімі нығая түседі.

24 маусым – Судья және сот қызметкері күні мерекесіне арналған салтанатты іс-шарада осындай орамды ойлар айтылды. Жиында алғаш сөз алған облыс әкімі Ербол Қарашөкеев сала қызметкерлері мен ардагерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, ізгі тілегін арнады.

– Сот билігі – мемлекеттегі заң үстемдігі мен әділеттіліктің негізгі тұғыры. «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» және Тәуке ханның «Жеті жарғысы» – халқымыздың құқықтық ой-санасының биік деңгейін көрсететін бірегей тарихи құжаттар. Бұл дала заңдары әділдік, парасат, адамгершілік қағидаттарына негізделген және бүгінгі сот жүйесінің рухани-тарихи іргетасы болып есептеледі. Ата-бабаларымыздың «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген қанатты сөзі де сот билігінің әділетке сүйенуін басты қағида еткен. Бүгінде бұл дәстүр тәуелсіз еліміздің сот жүйесінде жаңаша сипатта жалғасып, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған әділетті сот төрелігінің негізіне айналып отыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен соңғы жылдары сот жүйесінде әділдік пен сенімді күшейтуге бағытталған кешенді реформалар жүргізілуде. Бұл өзгерістердің түпкі мақсаты – сот төрелігін заманауи талаптарға сай жаңғырту, халыққа жақын, қолжетімді, әрі ашық сот билігін қалыптастыру. Сот жүйесі – ел ішіндегі тұрақтылық пен заң үстемдігінің берік тірегі.

Бүгінде облыс бойынша 120 судья мен 296 сот қызметкері құқықтық мемлекет қағидаттарын іске асыру жолында аянбай еңбек етуде. Сала ардагерлерінің өмірлік тәжірибесі мен парасаты, қазіргі буынның кәсіби шеберлігі – сот жүйесінің дамуына негіз болуда. Халықтың сотқа деген сенімін арттыру – баршамызға ортақ мақсат. Бұл жолда сот пен жергілікті атқарушы органдардың тығыз әріптестігі, әсіресе әлеуметтік және еңбекдауларын заң шеңберінде шешудегі бірлескен жұмысы – оң нәтиже беріп келеді.

Құрметті сот саласының өкілдері! Сіздердің заң үстемдігін қамтамасыз етудегі табандылықтарыңыз, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудағы адал қызметтеріңіз – еліміздің тұрақтылығы мен әділдігіне қосылған өлшеусіз үлес. «Заң – халықтың қорғаны, әділдік – елдің тұғыры» десек, сіздер осы ұлы мұрат жолында аянбай еңбек етіп келесіздер.

Ел мерейі  жолындағы еселі еңбектеріңіз әркез жоғары бағаланып, абырой биігінде болыныздар. Қызметтеріңізге табыс, отбасыларыңызға амандық, береке-бірлік, мол бақыт тілеймін! Кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын! – деді Ербол Шырақпайұлы.

Бұдан кейін облыстық соттың төрағасы Ербол Ахметжанов, сот жүйесінің ардагері, облыстық соттың доғдарыстағы судьясы Асылхан Дармурзаев құттықтау сөз сөйледі.

Жиында аймақ басшысы облыстық соттың судьясы Гүлмира Егембердиева мен Айгүл Нұрлыбекованы, Тараз қалалық сотының төрағасы Берік Оразымбетовты, Тараз қалалық сотының судьясы Ғазиза Қамзиева мен Жанат Дүйсебаеваны, Байзақ аудандық сотының төрағасы Досжан Төленбековті «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісімен марапаттады. Сондай-ақ 3 адамға облыс әкімінің Құрмет грамотасы, 1 адамға Алғыс хаты табыс етілді. Сонымен қатар бір топ сала қызметкері Жоғарғы соттың ІІ және ІІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медалін, «Сот жүйесінің үздігі» төсбелгісін, Құрмет грамотасы мен Алғыс хатын, Судьялар одағының «Үш би», «Судьялар одағының Құрметті мүшесі», «Жеті жарғы» төсбелгісін, Құрмет грамота және Алғыс хатын иеленді. Бірқатар азамат облыстық сот төрағасының, Сот әкімшілігінің облыс бойынша департаменті басшысының, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыс бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушының Құрмет грамотасы және Алғыс хатымен марапатталды.

Салтанатты іс-шара соңында көпшілік назарына концерттік бағдарлама ұсынылды.

 

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар