
Солтүстік Қазақстан облысында Петропавл қаласының тұрғыны «тез әрі оңай табыс» туралы уәделерге сеніп, 19 миллион теңгесінен айырылды.
Полицияның мәліметінше, әлеуметтік желілерде жеңіл жолмен ақша табуға шақыратын жарнамалар жиі кездеседі. Алаяқтар жарнамадағы сілтемелер арқылы адамдарды WhatsApp желісіне бағыттап, өздерін инвестициялық немесе қаржылық кеңес беретін компаниялардың қызметкерлері ретінде таныстырады. Олар жәбірленушіге "болашағы зор" биржалық жобаларға инвестиция салуды ұсынып, арнайы сайтта жеке кабинет ашқызады. Онда пайдаланушы жалған табыстың өскенін көреді.
Кей адамдар оңай олжаға кенелемін деп, несие алып, тіпті таныстарынан қарыз сұрауға дейін барады. Петропавл тұрғыны да осындай жолмен ірі сомадағы қаржысын аударып жіберген. Доллармен көрсетілген табыс экранда үнемі өсіп отырғанымен, ол ақшасын қайтарып алмақ болғанда алаяқтар хабарласпай қойған.
Соңғы бес ай ішінде өңірде осындай интернет-алаяқтық схемаларға алданған 27 адам тіркелген.
Полиция тұрғындарды интернеттегі күмәнді жарнамаларға сенбеуге және бейтаныс адамдарға ақша аудармауға шақырады. "Жеңіл табыс" деген – көп жағдайда алаяқтықтың бетпердесі.