Жемқорлардан тәркіленген қаржы мектеп салуға жұмсалды – Президент
- author AR-AY
- 23 маусым, 2025
- 58

Президент сыбайлас жемқорлықпен күресте нақты нәтиже беру маңызды екенін айтып, соңғы үш жылда жемқорлардан өндірілген қаражаттың бір бөлігі әлеуметтік маңызы бар салаларға, нақтырақ айтқанда – білім беру нысандарына жұмсалып жатқанын айтты.
– “Менің тапсырмаммен сот арқылы тәркіленген қаржы мектептер салуға бағытталды. Үш жыл ішінде 89 мектептің құрылысына 150 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінді. Оның 61-і пайдалануға берілді,” – деді Мемлекет басшысы.
Тоқаев қонақжайлық индустриясының әлеуетін арттыру – ел экономикасы үшін маңызды бағыт екенін атап өтті. Туризмді дамытумен қатар, шетелдік қонақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге де басымдық берілмек. Қазір Қазақстанға келген әрбір туристке әуежайда қауіпсіздік жадынамасымен бірге мобильді байланыс пен базалық интернеті бар арнайы SIM-карта беріледі. Бұл – елге деген сенімді арттыруға бағытталған жаңа тәжірибе.
– “Қазақстанды жайлы әрі қауіпсіз мемлекет ету – бәрімізге ортақ міндет. Азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғау, ішкі тұрақтылықты қамтамасыз ету – табысты даму кепілі,” – деді Президент.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы құқық қорғау саласындағы жұмыс тәсілін заман талабына сай жаңарту қажет екенін атап өтті. Оның айтуынша, түйткілдерді үстірт шешу емес, жан-жақты ойластырылған, жүйелі әрі нақты нәтижеге бағытталған жұмыс қажет.
– “Құзырлы органдар түбегейлі өзгерістерге дайын болуға тиіс. Біз бүкіл құқық қорғау жүйесінің әлеуетін арттыру арқылы еліміздің аймақтағы қауіпсіздікке қосар үлесін нығайтамыз,” – деді Президент Тоқаев.