
Спартакиаданың мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау, мемлекеттік қызметшілерді спортпен жүйелі түрде айналысуға тарту, командалық рухты, мақсатқа ұмтылушылықты, ерік-жігерді, табандылықты және жеңіске ұмтылысты тәрбиелеу.
– Мемлекеттік қызметшілердің кәсіби мерекесіне орай ұйымдастырылып жатқан cпартакиаданы өткізу жыл сайынғы дәстүрге айналған. Бүгінгі таңда мемлекеттік қызметші – бұл өз ісінің кәсіпқой маманы ғана емес, ол ең алдымен, өз денсаулығына тиісті назар аударуды қажет ететін адам, өйткені дені сау мемлекеттік қызметші – тиімді мемлекеттік қызметші екені белгілі. Спартакиадаға қатысушылардың қатары жылдан-жылға артып келе жатқаны көңіл қуантады, – дейді облыс әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Ғали Райымқұлов.
Спартакиадаға қатысушылар ләңгі тебу, армрестлинг, жүзу, арқан тарту, секірмек, кіртас көтеру, жеңіл атлетика және қазақ күресі сынды спорт түрлерінен өзара күш сынасты.
Тартысты өткен сайыстың қорытындысы бойынша Тараз қаласының құрамасы бірінші орынды жеңіп алды. Облыстық аумақтық инспекциясының құрамасы екінші орын иеленді. Жуалы мен Шу аудандарының құрамалары үшінші орынды өзара бөлісті.
Сымбат ҚУАНЫШ