Жамбылда 193 мыңннан аса бала жазғы сауықтырумен және түрлі демалыс шараларымен қамтылуда
- author AR-AY
- Бүгін, 15:48
- 32

Жазғы демалыс – балалар үшін жыл бойы асыға күтетін ерекше кезең. Бұл мезгіл тек тынығу ғана емес, олардың жан-жақты дамуы, жаңа достар тауып, қызықты оқиғаларға толы күндер өткізуі үшін де маңызды. Осы орайда, 2025 жылы Жамбыл облысында балалардың жазғы демалысын тиімді және қауіпсіз ұйымдастыруға ерекше көңіл бөлініп отыр.
Ағымдағы жылы облыс бойынша 1-ден 10-сыныпқа дейінгі 217 757 оқушының 193 071-сін жазғы сауықтырумен және түрлі демалыс шараларымен қамту жоспарлануда. Бұл жалпы оқушылар санының 88,6 пайызын құрайды. Жоспарланған жұмыстар балалардың әлеуметтік мәртебесіне, білім жетістіктеріне және бос уақытты мазмұнды өткізулеріне негізделген.
Балалардың жазғы тынығуын ұйымдастыру үшін әртүрлі лагерь түрлері қарастырылған:
- Қала сыртындағы лагерьлерге – 7 673 бала;
- Мектеп жанындағы, тамақтанумен ұйымдастырылатын лагерьлерге – 33 607 бала;
- Мектептің демалыс алаңдарына – 147 271 бала;
- Киіз үй мен шатырлы лагерьлерге – 3 505 бала;
- Республикалық лагерьлерге – 315 бала;
- Ата-аналар мен кәсіподақ ұйымдарының қаражаты есебінен – 700 бала қамтылатын болады.
Облыс аумағындағы 12 қала сыртындағы лагерьдің 7-еуі биылғы маусымда жұмысын бастап кетті. Оның ішінде жыл бойы қызмет көрсететін «Мөлдір бұлақ» оқу-сауықтыру орталығы, сондай-ақ маусымдық «Балауса», «Жұлдыз», «Жұрындысай» мемлекеттік лагерьлері және «Болашақ», «Берікқара», «Тау самалы» жекеменшік лагерьлері балаларды қабылдап, демалыстарын мазмұнды өткізуге жағдай жасауда.
Бұл лагерьлерде негізінен көп балалы, аз қамтылған отбасылардың балалары, сондай-ақ жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар қамтылған. Жазғы маусымда қала сыртындағы лагерьлерде 7 673 бала тынығуда.
2025 жылдың 2 маусымынан бастап 407 мектеп жанындағы лагерь өз жұмысын бастады. Мұнда 33 607 оқушы қамтылған. Бұл лагерьлер әлеуметтік көмекті қажет ететін отбасылардан шыққан балаларға қолжетімді әрі үйге жақын орналасқанымен тиімді.
Білім саласындағы жетістіктер назардан тыс қалған жоқ. Оқу үздіктері мен түрлі жарыстардың жеңімпаздары қатарынан 793 бала «Қазақстан халқы» қорының демеушілігімен қала сыртындағы лагерьлерде демалуда. Сонымен қатар:
• 295 бала – республикалық және облыстық байқаулар жеңімпаздары ретінде «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығына жолданды;
• 20 бала – көп балалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан оқушылар Алматы қаласындағы «Бөбек» сауықтыру орталығында демалуға мүмкіндік алды.
Жергілікті жерлердегі тарихи және мәдени орындарға 21 мыңнан астам оқушының экскурсиясы ұйымдастырылып, балалардың таным көкжиегі кеңейіп, туған жерге деген сүйіспеншілігі арта түсті.
Жаз мезгілінде балалардың қауіпсіздігін сақтау – аса маңызды мәселе. Осы мақсатта «2025 жылғы суға шомылу кезеңінде қауіпсіздік шаралары туралы» ведомствоаралық жоспар бекітіліп, барлық лагерьлерде алдын алу жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Атап айтқанда:
• Төтенше жағдайлар департаментінің нұсқаушылары арнайы курстардан өтіп, су айдындарында қауіпсіздікті қамтамасыз етуде;
• Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті лагерь басшылары мен медицина қызметкерлеріне арналған семинар-кеңестер ұйымдастырды;
• Мектептерде ата-аналар жиналыстары өткізіліп, чаттар арқылы қауіпсіздікке қатысты жадынамалар таратылды.
Жамбыл облысында балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру – тек уақытты тиімді өткізу емес, сонымен қатар олардың өмірлік тәжірибе жинап, денсаулықтарын нығайтуына, жаңа білім алуына және қауіпсіз ортада тынығуына бағытталған маңызды шаралар кешені. Бұл бағыттағы жұмыстар облыс басшылығы мен сала мамандарының ұдайы назарында. Жаз – тек тынығу кезеңі ғана емес, жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын уақыт. Сол себепті де, балаларға лайықты демалыс сыйлау – барша қоғамның ортақ міндеті.