
Аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Айқаныш Исраилованың айтуынша, жыл басынан бері орталық тарапынан 1 000-нан аса іс-шара ұйымдастырылып, оларға 29 мыңнан астам жас қамтылған.
– Әсіресе, ауыл жастары назардан тыс қалмай, 836 іс-шараның шалғай елді мекендерде өткізілуі маңызды қадам екенін айта кеткен абзал. Бұл шаралардың арасында мәдени-шығармашылық бағыттағы басқосулар мен құқықтық сауат ашуға арналған кездесулер ерекше орын алады. Сондай-ақ құқықтық тәрбие, әскери-патриоттық сабақтар, экологиялық акциялар, спорттық жарыстар, психологиялық тренингтер – барлығы жастардың жан-жақты дамуына арналған. Жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі. Осы ретте Қордайдағы еріктілер қозғалысының белсенділігі қуантады. Бүгінде ауданда ресми түрде тіркелген 250 ерікті бар. Олар жыл басынан бері 78 іс-шараға қатысып, қайырымдылық пен қоғамдық жұмыстардың алдыңғы шебінде жүр. Соңғы жылдары қоғамда NEET ұғымы жиі қолданыла бастады. Қордайда бұл мәселеге де ерекше көңіл бөлінген. Айталық, бүгінде 4 747 жасқа талдау жасалып, олардың әлеуметтік портреттері әзірленді. Осы санаттағы жастарды қоғамға бейімдеу, оларға жеке қолдау көрсету мақсатында аудандық жастар орталығы, әкімдік және тиісті мекемелер бірлесе жұмыс жүргізіп келеді, – дейді Айқаныш Болатбекқызы.
Жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесін шешу үшін ауданда жыл басынан бері 5 бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі, 3 ақпараттық алаң өткізіліпті. Нәтижесінде 425 жас жұмыспен қамтылып, оның ішінде 291-і тұрақты жұмысқа орналасқан. Сондай-ақ 80 жас қоғамдық жұмысқа тартылып, 80 жас мемлекеттік органдарға жіберілген. «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы арқылы 46 жас тәжірибе жинаса, оның үшеуі тұрақты жұмысқа қабылданыпты. Кәсіпкерлікке қызығушылық танытқан 19 жас «Бастау бизнес» жобасы аясында оқудан өтсе, 12 жас онлайн курстардан білім алған. Дегенмен, қайтарымсыз грант алған жастар әзірге тіркелмеген.
Бұдан бөлек «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында 7 жас маман көтерме жәрдемақыға қол жеткізіпті. Алайда тұрғын үй несиесіне кезекте тұрған жас маман тіркелмеген. Ал «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша 220 жасқа 21,2 миллион теңге қаржы бөлініп, мамыр айында 82 жас жұмысқа тартылса, қалған 138 жас алдағы маусым-шілде айлары аралығында жұмысқа жіберіледі.
– Орталық мамандарының ұйымдастыруымен өткізілген шаралар мәдени, рухани, спорттық, психологиялық, құқықтық, экологиялық және волонтерлік бағыттар бойынша жүзеге асырылды. Жоғарыда айтылғандай өткізілген 1038 іс-шараның 836-сы ауылдық округтерде ұйымдастырылып, шалғай елді мекен жастарының да белсенділігіне жол ашты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен 2025 жыл Жұмысшы мамандықтарының жылы деп жарияланған болатын. Соған орай Қақпатас ауылында орналасқан «Қақпатас-Қордай» серіктестігінің шаруашылығында М.Шоқай атындағы №30 орта мектебінің оқушыларына танымдық экскурсия ұйымдастырылды. Сондай-ақ өңірдегі «ECO-CHICKEN» ауылшаруашылығы өндірістік кооперативінде де Қордай гуманитарлық-экономикалық колледжі студенттерінің қатысуымен экскурсия өтті. Аталған компания 2020 жылдың қыркүйек айында тіркелген. Негізгі қызметі – бройлер етін өндіру, құс етін өңдеу және құрама жем өндірісі. Осындай экскурсия Қордай ауылшаруашылық колледжінің студенттерінің қатысуымен «Ноғайбай Казексим» кәсіпорнында жалғасын тапты. Бұған қоса Үлкен Сұлутөр ауылдық округінде «Адал еңбек үшін рақмет!» атты кездесу, Қордай ауылындағы орталық саябақта еңбек адамдарын ұлықтап, олардың қоғамдағы мәртебесін арттыруға бағытталған «Адал еңбектен – жарқын болашаққа» атты фестивальдің алғашқы кезеңі, Байланыс және ақпарат қызметкерлерінің күніне орай жастарға арналған ерекше танымдық экскурсия өтті, – дейді аудандық жастар ресурстық орталығы директоры.
Тағы бір айта кетерлігі, жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында 190 іс-шара өткізіліп, лудомания, буллинг, отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында да кездесулер мен рейдтер жиі ұйымдастырылып тұрады.
Фатима САЛИЕВА,
М.Х.Дулати атындағы Тараз
университетінің 3-курс студенті