Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жаза мерзімін қысқарту – қайта бейімделуге берілген мүмкіндік

Жаза мерзімін қысқарту – қайта бейімделуге берілген мүмкіндік
Автор
Қазақстан Республикасының 2025 жылғы 2 қаңтардағы «Кейбір заңнамалық актілерге ескерткі, психотроптық заттардың, сол тектестердің, прекурсорлардың және күшті әсер ететін заттардың заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына сәйкес, Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаментінің 58 мекемесінде Қылмыстық кодекстің 297-бабы бойынша жазасын өтеп жатқан сотталғандар арасында құқықтық шаралар жүргізілді, деп хабарлайды arainfo.kz

Атап айтқанда, аталған бап бойынша жазасын өтеуші 267 сотталғанның іс-құжаты қайта қаралып, олардың ішінен 261 адамның жаза өтеу мерзімі қысқартылды. Бұл – бас бостандығынан айыру орындарында отырған көптеген жас азаматтар үшін қоғамға қайта бейімделуге және өмірде дұрыс бағыт таңдауға берілген үлкен мүмкіндік.
Сонымен қатар, осы санаттағы сотталғандар шартты түрде мерзімінен бұрын босатылуға және жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл түрге ауыстыруға құқылы болды. Осыған орай, 58 мекемеден жаза мерзімінің аяқталуына байланысты 3 азамат бостандыққа шықты.

Босатылған азаматтарды қоғамға бейімдеу және жұмысқа орналастыру бағытында да нақты шаралар қолға алынуда. Бұл ретте Тараз қаласы әкімдігінің Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы М.О. Әмреев босатылған азаматтармен арнайы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, олардың жұмысқа орналасуына жәрдем көрсету тетіктерін түсіндірді.
Сондай-ақ, Сотталғандарды әлеуметтік-тұрмыстық және еңбекпен қайта бейімдеу жұмыстары жөніндегі бөлімнің бастығы, әділет майоры Е.Н. Набатов тарапынан тәрбиелік сипаттағы әңгіме жүргізіліп, бостандыққа шыққан азаматтардың қоғамға бейімделу жолдары, қайта қылмыс жасамаудың маңызы жайында түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылды.

Бұл іс-шаралар – мемлекеттің түзету мекемелеріндегі азаматтарды қоғамға бейімдеу, құқық бұзушылықтың алдын алу және олардың өмірін жаңа парақтан бастауына ықпал етуге бағытталған маңызды қадам екені сөзсіз.

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар