
Салтанатты рәсімге аудан әкімі Ербол Жиенқұлов, ауыл ақсақалдары мен тұрғындар, жүрегі жомарт азаматтар жиналды. Рәсімнің шымылдығы ауыл мешітінің бас имамы Азамат Абдіразақтың қатысуымен Құран аяттарын оқумен ашылды. Бұл жайт шараға рухани тереңдік беріп, берекелі бастаманың тек материалдық емес, сонымен қатар ізгілік пен имандылыққа негізделген құндылықтармен сабақтасып жатқанын көрсетті. Жиын барысында аудан әкімі Ербол Жиенқұлов жүрекжарды лебізін білдіріп, игі істің ұйытқысы болған барша азаматтарға шынайы алғысын жеткізді. Өз кезегінде ауыл биі Аманбай Бексұлтанов пен ауылдың ақ жаулықты аналары, ардақты ақсақалдары батасын беріп, бұл дәстүрдің үзілмей, жалғасын табуына ақ тілектерін арнады. Жаңа тұрғызылған төрт бөлмелі заманауи үйдің кілті 2-топтағы мүгедектігі бар азамат Мұрат Аликулов пен оның жұбайы Гүлмира Сабденбековаға салтанатты түрде табысталды. Бұл – ауыл жұртшылығының ауызбіршілігінің, қамқор көңілінің және адамгершілік асыл қасиеттерінің нақты көрінісі деуге толық негіз бар.
Айта кеткен жөн, жаңадан салынған бұл баспана заман талабына толық сай келеді. Үй кең, жарық, әрі еуропалық үлгіде жоғары сапамен әрленген. Сонымен қатар, қажетті жиһаздар мен тұрмыстық техникалар толықтай қамтылып, жаңа қоныс иелеріне қолайлы жағдай жасалған. Мұндай қайырымдылық шарасына белсенді атсалысқан жомарт азаматтарға округ әкімдігінің атынан арнайы алғыс хаттар табысталды. Бұл тек қана тұрғын үй емес, – жүректерді тоғыстырған шынайы мейірімнің, қазақ халқының көне әрі киелі дәстүрі – асардың жаңғырған үлгісі. Ауыл азаматтарының ортақ күш біріктіруі арқылы жүзеге асқан бұл бастама – ізгілік пен игіліктің нақты көрінісі ретінде көптің көңілінен шықты.
Айрықша атап өтерлік жайт, «Асарлатып үй салу» жобасы алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады. Жоспарға сәйкес, жыл соңына дейін аудан аумағындағы Кеңес, Тәтті, Сарымолдаев, Ақарал және Сұрат ауылдық округтерінде де осындай қайырымдылық бағытындағы игі бастамалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылмақ.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ