Қыркүйектен бастап оқушылар жаңа мәзір бойынша тамақтанады
- author AR-AY
- 13 маусым, 2025
- 50

«Мәзір балалардың физиологиялық қажеттіліктері мен калориясын ескере отырып жасалған. Онда жас санаттары, маусымдық, сондай-ақ ас блогы жоқ мектептердегі балалардың тамақтануы ескерілген. Стандарт сондай-ақ шағын жинақталған мектептерде, буфеттерде тамақтануды ұйымдастыруға және қант диабеті, тамақ аллергиясы, целиакия ауруы, лактоза жеткіліксіздігі және басқа да аурулар сияқты ерекше диеталық қажеттіліктері бар балаларды тамақтандыруға қойылатын талаптарды қамтиды», дейді Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Роза Қожапова.
Құжат мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, сондай-ақ білім беру-сауықтыру ұйымдарында тамақтануды ұйымдастырудың бірыңғай тәсілдерін қалыптастыруға бағытталған.
Жаңа стандартқа сәйкес диетада қант, тұз және май мөлшері едәуір азаяды. Құрамында табиғи емес өнімдер мен тұз бен қант көп болатын өнімдер (шұжық өнімдері, ысталған ет, қант қосылған шырындар, спредтер, дәм мен иісті күшейткіші бар өнімдер және т.б.) алынып тасталады. Жаңа піскен көкөністердің, жемістердің және табиғи өнімдердің үлесі артады.
Ас блогы жоқ шағын жинақталған мектептерде ыстық бутербродтан, ашытылған сүт өнімінен (йогурт), маусымдық жемістерден және сусыннан (сүт, айран, итмұрын сусыны, кептірілген жемістер, жидектерден) тұратын ланч-пакеттер дайындалады.
Қазіргі уақытта мектеп әкімшіліктерін, медицина қызметкерлерін, тамақтану қызметтерін жеткізушілерді және бракераждық комиссияның мүшелерін онлайн оқыту жүргізілуде. Кейіннен мектепке дейінгі балалар ұйымдарының қызметкерлерін оқыту жоспарланған.
Әзірленген мәзір Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми сайтында орналастырылды және білім басқармалары мен бизнес субъектілерін хабардар ету үшін Оқу-ағарту министрлігіне жіберілді.
Денсаулық сақтау министрлігінің
баспасөз қызметі