Қазақстанда 3000-нан астам ауыл жоғары жылдамдықты интернетке қосылады
- author AR-AY
- 12 маусым, 2025
- 71

Құны 239 млрд теңгеден асатын бұл жоба тек бюджеттен тыс қаражат есебінен жүзеге асырылады. Қол қойылған мәміле аясында талшықты-оптикалық байланыс желісі бір жыл бұрын – 2026 жылдың соңына дейін тартылып бітеді. Ал шалғай ауылдар үшін жерсеріктік байланыс арналарын енгізу 2027 жылдың соңына дейін аяқталады.
Жобаның нәтижесінде елдегі ауылдық елді мекендердің 99%-ы жоғары жылдамдықты интернетпен қамтылады. Алғашқы кезеңде интернетке қосылу мүмкіндігіне:
- мектептер;
- ауруханалар;
- әкімдіктер мен басқа да бюджеттік ұйымдар;
- қоғамдық қолжетімділік нүктелері;
- мемлекеттік шекарадағы 40-тан астам өткізу бекеті ие болады.
Сондай-ақ, ауылдық жерлерде ұялы байланыс базалық станциялары үшін инфрақұрылым күшейтілмек. Бұл нысандарға дейін жеткізіп талшықты-оптикалық желіні төсеу мобильді интернет пен байланыстың сапасын едәуір арттыруға мүмкіндік береді.
«Біз өңірлерді дамытуға тең жағдай жасайтын цифрлық іргетас қалап жатырмыз. Міндетіміз – ауылдарды интернетке қосумен қатар, елді мекендерді елдің цифрлық экожүйесіне енгізу. Бұл білім алу, медицина, мемлекеттік қызметтерге тең дәрежеде қолжеткізудің негізі. Инфрақұрылым тұрақты және ашық түрде жұмыс істегенде, шағын бизнес, ауыл мектептері мен жастарға арналған жаңа кәсіптік бағыттарды дамытуға жол ашады», - деді Жаслан Мәдиев, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі.
«Ең бастысы – білім алу, өзін-өзі дамыту мен заманауи технологияларды пайдалануда ауылдағы бала мен қаладағы баланың мүмкіндіктері тең дәрежеде болуы тиіс. Біз цифрлық теңсіздікті жоюды еліміздің түкпір-түкпірінен, шалғай жатқан ауылдардан бастадық. Интернетке қол жеткізу – көптен бері сән болудан қалды, бұл халықаралық деңгейде, оның ішінде БҰҰ мен еліміздің Президенті мәлімдегендей, негізгі қажеттілік», – Бағдат Мусин, «Қазақтелеком» АҚ Басқарма Төрағасы.
Өз елді мекеніңіздің интернетке қосылу техникалық мүмкіндігін telecom.kz/ru/auylonline сайтынан тексеруге болады.