
Ауданда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерін орналастыру және пайдалану қолданыстағы заңнамаларға сәйкес жүргізіліп келеді.
«Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық заңы 2007 жылы 4 маусымда қабылданды. Осы заңға сәйкес, жыл сайын 4 маусым – Қазақстан Республикасында Мемлекеттік рәміздер күні ретінде мерекеленеді.
Мемлекеттік Тудың авторы – монументші-суретші, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Шәкен Ниязбеков. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы – ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік бұрышты көгілдір түсті мата. Ту сабының тұсында ұлттық өрнек тік жолақ түрінде нақышталған. Күн оның шұғыласы, қыран және ұлттық өрнек бейнесі алтын түстес. Өз сәулесіне шомылған алтын Күн тыныштық пен байлықты білдіреді. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туындағы дала бүркіті қазақстандықтардың жомарттығы мен қырағылығын, пейілінің кеңдігін, рухының биіктігін танытады.
Елтаңбаның авторлары – белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлихан. Мемлекеттік Елтаңбаның негізіне шаңырақ алынған. Шаңырақ – әлемнің біртұтастығы, мемлекеттің бастауы. Шаңырақты айнала күн сәулесіндей тарап уықтар шаншылған. Олар – мамыражай шуақты өмір мен мейірім-шапағат, жылылықтың белгісі. Оң жағы мен сол жағында аңыздардағы қанатты пырақтар бейнесі орналастырылған. Тұлпардың алтын қанаттары – астықтың, тоқшылықтың және материалдық ырыс-несібенің белгісі. Елтаңбаның жоғары жағындағы бес бұрышты жұлдыз – біздің жүрегіміз бен құшағымыз барлық бес құрлық өкілдеріне ашық деген сөз.
Әлем мемлекеттерінің әрқайсысының өзінің ұлттық Әнұраны бар. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранының негізі – ол халық арасында кең тараған «Менің Қазақстаным!» патриоттық өлеңі. Әнұранның авторлары – Шәмші Қалдаяқов (әні), Жұмекен Нәжімеденов және Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев. Әнұран ресми рәміз ретінде қазақстандықтардың ортақ рухани қазынасына айналып кетті.
Аудан бойынша Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерін пайдаланатын 128 мемлекеттік мекеменің барлығында мемлекеттік Ту, Елтаңба ҚР Ұлттық стандартына сай келеді. ҚР Мемлекеттік рәміздерін орналастыру ережесіне сәйкес, ғимараттарда тұрақты тігілген ҚР Мемлекеттік Туына тәуліктің қараңғы мерзімінде жарық түсіп тұруы қамтамасыз етілген.
Мемлекеттік рәміздерді пайдалану және қолдану мәселелеріне келсек, ауданда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерін пайдаланатын 128 мекемеде 544 Елтаңба бар. Елтаңбаның 544-і латын графикасына ауысқан. Мемлекеттік рәміздерді қолдану Конституциялық Заңмен және Үкіметтің 2 қаулысымен, Үкіметтің 1 бұйрығы және 2 мемлекеттік стандартпен реттеледі.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерін пайдалануы мен қолдануын насихаттау мақсатында аудан орталығындағы алаңда ҚР Мемлекеттік рәміздеріне арналған баральеф қойылып, «Жасай бер, Қазақстан!» саябағында биіктігі 20 метрлік Тутұғыр орнатылған. Аудан көлемінде рәміздерге арналған көрнекіліктер орналастырылған.
Аудандағы барлық білім беру ұйымдарында оқшауланған орындар бар. Оқшауланған орындарда Мемлекеттік рәміздер жаңа талапқа сай орнатылған.
Мемлекеттік рәміздер – ел дамуының ажырамас бөлігі. Сондықтан қазақстандықтардың рәміздерге деген құрметі, оларды бойтұмардай қастерлеуі ерекше сезіліп тұруы тиіс. Рәміздер арқылы елімізді бүкіл әлем таниды. Өйткені онда қазақ халқының бастан өткізген тарихы, мәдениеті мен дәстүрі көрініс береді. Жастардың отансүйгіштік сезімін оятады, патриотизмге үндеп, батылдыққа тәрбиелейді.
Алғашқы жылдардағыдай емес, қазіргі кезде ел Әнұранының мәтінін білмейтін азаматтар кемде-кем. Бұл насихаттың жемісі десек, қателеспейміз. Рәміздер балабақшаларда да, мектептерде де, жоғары оқу орындарында да, мемлекеттік мекеме ғимараттарында да көрнекті орындарға орналастырылған.
Рәміздер – еліміздің, яғни мемлекеттің бет-бейнесі, біз үшін биік, біз үшін қастерлі. Қазақстанның әрбір азаматы оларды құрметтей, қастерлей білуі қажет!
Лаура МҰСАБЕКОВА,
журналист,
Жуалы ауданы