Жамбыл облысы қуаттылығы 1 ГВт болатын ең ірі жел электр станциясының алаңына айналады
- author AR-AY
- 29 мамыр, 2025
- 37

Тараптар Жамбыл облысында қуаты 1 гигаватт болатын жел электр станциясының құрылысын көздейтін ауқымды инвестициялық жобаны іске асыру мәселесін талқылады. Жобаның жалпы инвестиция көлемі 1,4 млрд АҚШ долларын құрайды.
Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Біріккен Араб Әмірліктері Үкіметі бұл жобаны екі ел үшін стратегиялық маңызды әрі басымдыққа ие деп танитын тиісті келісімді заңды түрде бекітті.
Қазіргі уақытта құрылысқа дайындық аясында геологиялық және әлеуметтік-экологиялық зерттеулер жүргізілуде.
Masdar компаниясының бизнес және жобаларды дамыту жөніндегі директоры Абдулла Зайедтің айтуынша, жел энергетикасы жобасының жүзеге асуы Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін айтарлықтай нығайтып, елдің оңтүстік өңірлерін электр энергиясымен тұрақты қамтамасыз етуге сеп болмақ.
– Біз жергілікті қамтуға ерекше назар аударамыз. Жобаны іске асыруға қазақстандық мамандар тартылады. Сонымен қатар, компания жергілікті халықтың өмір сапасын жақсартуға бағытталған әлеуметтік бастамаларды қолдауға дайын, – деді Абдулла Зайед.
Өз кезегінде Ербол Қарашөкеев Жамбыл облысының жаңартылатын энергия көздері, әсіресе жел энергетикасы саласындағы зор әлеуетіне тоқталды. Оның айтуынша, мұндай ауқымды жобаны жүзеге асыру өңірде жаңа жұмыс орындарының ашылуына, қосымша инвестициялар тартуға және жалпы экономикалық дамуға серпін береді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар жобаны бірлесіп жүзеге асыруға уағдаласты.