
«Біз адам капиталына инвестиция салып, жас мамандардың қалыптасуына қолайлы жағдай жасаймыз. Ең басты мақсатымыз — аймақтар арасындағы әлеуметтік-экономикалық алшақтықты азайтып, орта тапты нығайту», — деді Мемлекет басшысы.
Осы бағытта Қазақстан цифрлық технологиялардан бастап жасанды интеллект, жасыл энергетика мен қосымша құны жоғары өндіріс салаларына дейінгі негізгі секторлардың әлеуетін күшейтуді жалғастырады.
Президенттің айтуынша, еліміз цифрлық трансформацияда елеулі жетістіктерге жетіп, ендігі мақсат Еуразия кеңістігіндегі жетекші IT хабқа айналу.
«Әсіресе жасанды интеллектіні дамытуға айрықша назар аударып отырмыз. Қазірдің өзінде бірқатар шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдары жұмыс істейді. Зерттеу мен әзірлеу бағытында халықаралық серіктестіктер орнатылып, Қазақстан академиялық әрі инновациялық хабқа айналуға бет алды», — деді Президент.
Сонымен қатар, елде ең қуатты суперкомпьютерді іске қосу жұмыстары басталды.
Тағы бір маңызды бастама — CryptoCity деп аталатын пилоттық жоба. Бұл цифрлық қалашықта криптовалютаны азық-түлік сатып алу, қызмет ақысын төлеу және басқа да күнделікті қажеттіліктер үшін қолдануға мүмкіндік берілмек.