Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Елімізде жыл сайын 360 мыңнан астам сәби дүниеге келеді

Елімізде жыл сайын 360 мыңнан астам сәби дүниеге келеді
pixabay.com
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова елімізде балалардың денсаулығын сақтау және нығайту бағытында атқарылып жатқан ауқымды шаралар туралы мәлімдеді, деп хабарлайды arainfo.kz

Бүгінде Қазақстанда жыл сайын 360 мыңнан астам сәби дүниеге келеді. Олардың денсаулығын туған сәтінен бастап 4 мыңнан астам педиатр, 1 мыңнан астам неонатолог және жергілікті практика дәрігерлері мұқият қадағалап, бақылауда ұстайды. Әрбір бала туғаннан бастап медициналық бақылауға алынады.

Қазіргі таңда елімізде 7 миллионнан астам бала тегін медициналық көмекке қол жеткізіп отыр. Жыл сайын:

  • 2 миллионнан астам бала скринингтік тексеруден өтеді,
  • 4,5 миллионнан астамы профилактикалық қарап-тексерумен қамтылады,
  • 1,5 миллионнан астам балаға жоспарлы иммундау жүргізіледі.

Мектеп жасындағы балалардың денсаулығына ерекше назар аударылып келеді. Бүгінде әр мектеп белгілі бір емханаға бекітіліп, еліміз бойынша 6,5 мыңнан астам мектепішілік медициналық пункт жұмыс істейді. Бұл жүйе оқушылардың денсаулығындағы ауытқуларды ерте кезеңде анықтауға, уақтылы көмек көрсетуге және аурулардың алдын алуға мүмкіндік береді.

2024 жылдан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, елімізде мектеп оқушыларына арналған жаңа ұлттық тамақтану стандарты енгізілуде. Бұл стандарт ғылыми ұсынымдарға, өсіп келе жатқан жас организмнің физиологиялық қажеттіліктеріне және салауатты өмір салты қағидаттарына негізделген.

Министрдің айтуынша, Қазақстанда балалар денсаулығы инфрақұрылымын дамыту, ерте диагностика, неонаталдық көмек, онкопедиатрия, оңалту және паллиативтік қолдау бағытында озық технологиялар енгізіліп жатыр.

2025 жылдан бастап еліміздің емханаларында ерте араласу орталықтары ашылады. Бұл орталықтар дамуында ауытқушылығы бар немесе ерекше күтімді қажет ететін балаларды қолдауға бағытталады.

Сондай-ақ, елімізде балалардың ауыз қуысы денсаулығына да айрықша көңіл бөлініп отыр. "Болашаққа – сау тіспен" бағдарламасы аясында барлық мектептерде міндетті стоматологиялық қарап-тексерулер мен тісжегінің алдын алу шаралары қолға алынған.

"Мен, педиатр-дәрігер және министр ретінде, баланың денсаулығы — оның толыққанды дамуының, өмірдегі жетістігінің және бүкіл ұлттың білімі мен күшінің негізі екенін жақсы білемін," – деп атап өтті Ақмарал Әлназарова.

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар