
Қазіргі уақытта музейлердің басты тренді – сандық жүйеге көшу. Бұл үрдіс мәдениетті сақтаудың, танытудың және оны келешекке жеткізудің заманауи жолы ретінде көрініс табуда.
Сандық жүйеге көшу – тек техникалық өзгеріс емес, тұтас бір көзқарастың, музейлік қызмет философиясының жаңаруы. Жүйе арқылы жәдігерлерді электронды форматта сақтап қана қоймай, оларды әлемнің түкпір-түкпіріне қолжетімді ету мүмкіндігі туады. Цифрландыру арқылы біз тек жәдігерлердің суретін немесе 3D моделін жасап қоймаймыз, тарих пен қазіргі заман арасындағы шекараны жоямыз. Енді музейге бару үшін міндетті түрде белгілі бір қалаға барып, ғимаратқа кіру қажет емес. Бір ғана смартфон немесе ноутбук арқылы әлемнің кез келген музейін аралауға болады.
Сонымен қатар сандық жүйе музейді жастар үшін тартымды етудің, жаңа буынды мәдениетке тартудың тиімді жолы. Қазіргі жастар визуалды әрі интерактивті контентке әуес. Осы тұрғыдан алғанда виртуалды көрмелер, QR-код арқылы ақпарат алу, 3D турлар өскелең ұрпақтың музейге деген қызығушылығын арттырады. Өкінішке қарай, кейде музейлерді ескі, қызықсыз, тек үлкендерге арналған орын деп қабылдайтындар бар. Бірақ цифрландыру арқылы осы бір стереотиптерді бұзуға болады.
Бүгінгі күні Қазақстан музейлері мен тарихи орындары цифрлық жүйеге көшуді батыл түрде қолға алып, жаңа заманның талаптарына сай қызмет көрсету үлгісін қалыптастырып келеді. Соның жарқын мысалдарының бірі – «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығына қарасты республикалық маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштерге заманауи технологиялар негізінде электрондық QR-кодтар енгізілуі. Жаңашыл бастама теориялық білім мен практикалық тәжірибені ұштастырудың нақты үлгісі. QR-код арқылы келушілер өз смартфонын пайдаланып, арнайы мобильді қосымшалар арқылы ескерткіш туралы толыққанды ақпаратқа қол жеткізеді. Жаңашыл әдіс тек мәлімет ұсыну құралы ғана емес, сонымен қатар тарихқа деген қызығушылықты арттыратын танымдық әлеуеті жоғары цифрлық шешім. Электрондық жүйе арқылы әрбір ескерткіштің тарихи мәні, архитектуралық ерекшелігі, археологиялық маңызы туралы жан-жақты мағлұмат ұсынылады. Әсіресе, шетелдік туристер үшін аталған тәсіл тілдік кедергіні жеңіп, қазақ халқының мәдениеті мен тарихына оңай әрі ыңғайлы жолмен үңілуге мүмкіндік беретін тиімді құрал.
Мұндай технологиялар ұлттық мұраны сақтап қана қоймай, оны қоғам игілігіне айналдырып, көпшілікке заманауи форматта ұсыну арқылы мәдени-танымдық процесті жеделдетеді.
Осылайша цифрландыру мен интерактивтілік – музей мен тарихи орындардың басты бағытына айналып, ұлттық мәдениеттің қолжетімділігі мен танымалдығын арттыруда.
Бүгінде әлем елдері мәдени мұраны басқару мен таныстыруда жаңа белестерге көтеріліп отыр. Кейбір дамыған мемлекеттерде «ақылды музей» (smart museum) ұғымы әлдеқашан қалыптасып, нақты жүзеге асып үлгерді. Бұл – музей ісінің болашағы ғана емес, қазірдің өзінде жүзеге асып жатқан шынайы бетбұрыс. Заманауи музейлерде жасанды интеллект, үлкен деректер (Big Data) және виртуалды шындық (Virtual Reality) сынды озық технологиялар кеңінен қолданысқа енгізілген. Бұл технологиялар тарихи-мәдени ескерткіштерді көркем әрі интерактивті етіп қана қоймай, келушінің қызығушылығын оятып, оны тарихи кеңістікпен терең байланысқа түсіреді. Сонымен қатар, аталған жүйелер музейдің ішкі жұмыстарын оңтайландырып, басқару мен талдау ісін автоматтандырып, қызмет сапасын арттыруда үлкен рөл атқаруда. Осындай заманауи бағыттан «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы да шет қалмай, тың бастамаларды жүзеге асыруда. Жақында мекеме жасанды интеллекттің көмегімен Қарахан мен Айша бибі кесенелеріне арналған бейнебаян дайындап, жұртшылық назарына ұсынды. Бастамамыз халық тарапынан ерекше қолдау тапты. Мұндай жобалар отандық музей ісінің жаңа сапалық деңгейге көтеріліп келе жатқанын көрсетеді.
Музей қорларында сақталған тарихи жәдігерлер – ұлттың өткенінен сыр шертетін құнды мұралар. Алайда, олардың физикалық тозуы, табиғи апаттар немесе басқа да қауіптерден жойылу қаупі жоғары. Осы орайда жәдігерлерді цифрлық форматта сақтау – ең тиімді әрі заманауи шешім. 3D сканерлеу, жоғары сапалы фототүсірілім арқылы кез келген экспонатты сандық жүйеге енгізу – оны ұзақ уақыт сақтауға мүмкіндік береді. Ал сандық көшірмесі – жүздеген, тіпті мыңдаған жылдар бойы өз келбетін жоғалтпай сақтала алады. Бұл – ұрпақ алдындағы жауапкершілік. Бізге дейінгілердің бізге аманаттаған бай мұрасын біз де өз кезегімізде болашаққа аман жеткізуіміз керек. Цифрлық жүйе осы миссияны орындауға көмектеседі. Сонымен қатар, музейдің цифрлануы білім беру саласына да оң әсер етеді. Онлайн көрмелерді мектеп бағдарламасына енгізіп, оқушыларды тарихи дереккөздермен таныстыру елдің интеллектуалдық әлеуетін арттыру жолындағы нақты қадам болар еді.
Музейлер – ұлт жадының айнасы. Сондықтан олар заман ағымынан қалмай, жаңа технологияларды игеріп, цифрлық мүмкіндіктерді барынша пайдалану арқылы мәдени мұраны келешек ұрпаққа жеткізуі тиіс. Цифрландыру арқылы біз тек музейлердің ішкі құрылымын жаңғыртпаймыз, біз мәдениетке деген көзқарасты өзгертеміз, оны заманауи қоғамның қажеттілігіне айналдырамыз. Менің ойымша, еліміздегі мәдениет саласындағы кадрларды даярлау жүйесі цифрлық сауаттылықты ескеруі қажет. Музей қызметкері тек тарихты білетін маман емес, заманауи технологияны меңгерген, цифрлық платформаларда жұмыс істей алатын, визуалды мәдениеттен хабардар тұлға болуы тиіс. Осыған орай, арнайы оқыту курстары, онлайн білім беру бағдарламалары, халықаралық әріптестік жобалары қолға алынуы керек. Бұл үрдіс уақыттың талабы ғана емес, ұлттың болашағы үшін қабылданар жауапты шешім. Болашақта музейлер – тек жәдігерлер қоймасы емес, интеллектуалды, интерактивті және креативті мәдени хабқа айналатынына сенемін.
Нұржан МЕРГЕНБАЙ,
«Ежелгі Тараз» тарихи-мәдени музей-қорығы
директорының міндетін атқарушы