
Апталық шеңберінде облыстық жұқтырылған иммун тапшылығы синдромының алдын алу және онымен күрес жүргізу орталығының ұйымдастыруымен Тараз қаласындағы университет, колледж студенттері мен жоғары сынып оқушыларына арналған іс-шаралар өткізілуде. Ондағы басты мақсат – жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттап, репродуктивті денсаулықты сақтау мәдениетін қалыптастыру, сондай-ақ АИТВ мен ЖЖБИ-дің алдын алу бойынша кешенді түсіндіру жұмыстарын жүргізу.
Атап өтер болсақ, 13 мамыр күні Тараз сервис және технология колледжінде жастар үшін маңызды семинар ұйымдастырылды. Басқосуға орталықтың тәжірибелі мамандары қатысып, жастарға АИТВ инфекциясының жұғу жолдары, одан сақтану тәсілдері, стигма мен кемсітушілікке қарсы күрес тақырыптарында жан-жақты ақпарат берді. Мамандар қатысушылардың сұрақтарына ашық әрі нақты жауап беріп, репродуктивті денсаулыққа қатысты мәселелерге кеңінен тоқталды.
Семинар аясында студенттерге ақпараттық бүктемелер мен парақшалар таратылды.
Іс-шара соңында студенттерге 12-16 мамыр аралығында облыстық жұқтырылған иммун тапшылығы синдромының алдын алу және онымен күрес жүргізу орталығында арнайы мамандар – гинеколог және дерматовенеролог дәрігерлердің тегін қабылдауы өтіп жатқандығы хабарланды. Бұл қабылдаулар жастардың репродуктивті денсаулығын сақтау, ЖЖБИ және АИТВ-ның алдын алу бағытында кеңес беру мен скрининг жүргізуге бағытталған.
«AR-AI»-ақпарат