«Біріккен Ұлт жеңеді!» атты V халықаралық бейнематериалдар байқауының қорытындысы жарияланды
- author AR-AY
- 8 мамыр, 2025
- 30

Іс-шара Ұлы Жеңістің 80 жылдығына және университеттің Журналистика факультетінің 15 жылдық мерейтойына арналды.
Биылғы байқау «Ұлы Жеңісті ұлықтаған, рухы биік жас ұрпақ!» тақырыбымен жарияланып, оған отандық университеттермен қатар АҚШ, Ұлыбритания, Жапония, Оңтүстік Корея, Түркия, Ресей және Орталық Азия елдерінен 100-ден астам студент, магистрант пен докторант өз шығармашылық жұмыстарын ұсынған.
Профессор, кәсіби тележурналист, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының иегері Ұлбосын Есенбекованың бастамасымен 2020 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан бұл байқау жас ұрпақты тарихты құрметтеуге, патриоттық рухты нығайтуға, ұлттық медианың цифрлық ортада дамуына үлес қосуға шақырады.
Бесінші рет өтіп жатқан Халықаралық байқаудың жеңімпаздарын марапаттау рәсімі Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дың Ғылыми Кеңес залында өтті. Салтанатты жиынды университет проректоры Бейсенбай Ардақ Бақытұлы ашып, алғашқы құттықтау сөзін арнады.
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері Қазыбек Жарылқасынұлы Иса мен Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Президентінің Сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Жанарбек Садықанұлы Әшімжанов, белгілі қоғам қайраткерлері мен БАҚ өкілдері құттықтау сөз сөйледі.
Байқауға құттықтау сөзін арнаған Қазыбек Иса бұл шығармашылық платформаның тәрбиелік әрі рухани мәнін ерекше атап өтті.
– Бұл байқау – тек шығармашылық жарыс емес, жас ұрпақтың рухани кемелденуінің, ел мен жерге деген сүйіспеншілігінің айқын көрінісі. Байқау тақырыбы жастардың жүрегіне жол табады, ал оның мазмұны — ұлттық идеологияны жаңғыртатын маңызды бастама, – деді Қазыбек Жарылқасынұлы.
Халықаралық байқаудың Гран-При жүлдесі Бауыржан Фариза Бауыржанқызына (ЕҰУ) берілді. І орын – Akbilge Kutym (Nazarbayev University); ІІ орын – Ақылбекова Аяжан (М.Х. Дулати атындағы Тараз университеті) және Сағатова Нұрай, Абдықадыр Томирис, Қожабай Қыдырәли (ХАТУ); ІІІ орын – бірнеше жүлдегер марапатталды, олардың қатарында Болатова Сабина (Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті), Егінбаев Қасымжомарт, Аманжол Қарақат (М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті) және басқа дарынды жастар бар.
Бұған қоса, «Үздік идея», «Үздік режиссура», «Үздік операторлық жұмыс», «Үздік монтаж» сияқты арнайы номинациялар бойынша да үздіктер анықталды. «Күлтегін», «Сағат Әшімбаев», «Шерхан Мұртаза», «Лязиза Аймашева» және «Ақселеу Сейдімбек» атындағы арнайы номинациялар тағайындалды. Номинациялар бойынша дипломдарды жеңімпаздарға елімізге белгілі профессорлар, тележурналистер, редакторлар мен мәдениет қайраткерлері табыстады.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттауға «Егемен Қазақстан» газетінің Бас редакторының орынбасары Қуат Әуесбай, Turkistan TV телеарнасының басқарушы директоры Алдабергенова Жанна, профессорлар Серік Тахан, Сәуле Тапанова, факультет деканының орынбасарлары Әшірбекова Гүлмира,Болатова Гүлжаухар және кафедра меңгерушілері Шурентаев Амангелді мен Байғожина Дана, филология ғылымдарының кандидаты Тоқтағазин Мұратбек пен Ақсейіт Ғалия қатысты.Сондай-ақ, салтанатты рәсімге республикаға танымал медиа менеджер, тележурналист, PhD докторы Егембердиев Ысқақ Дүйсенбайұлы АҚШ-тан онлайн қосылады.
«Біріккен Ұлт жеңеді!» халықаралық байқауы жыл сайын кең ауқымды халықаралық платформаға айналып келеді. Жастардың ойы мен сөзі арқылы бейбітшілік, тарихи жады мен ұлттық рух биік деңгейде дәріптелді. Марапаттау рәсімін «Мен – Қазақпын» атты рухты бейнебаян қорытындылап, қатысушылар жүрегіне ерекше әсер қалдырды.