«Әшекейлер мен қымбат киімдерден тартынатын»: Тоқаев анасы жайлы сағынышты сырымен бөлісті
- author AR-AY
- 11 мамыр, 2025
- 38

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Аналар күнімен барша қазақстандық аналарды құттықтап, өзінің анасы – Тұрар Шабарбаева туралы естелігін әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті.
Президент өзінің қарапайым отбасында өскенін, анасының ұзақ уақыт үй шаруасымен айналысып, бар өмірін балаларына арнағанын ерекше ықыласпен еске алды.
– Анам жас кезінде сәнді киім мен әшекей бұйымдарға қызыққанымен, өзінің қалауын емес, балалары мен немерелерінің жағдайын бірінші орынға қоятын. Тіпті, мүмкіндігі бола тұра, өзіне емес, немерелеріне сыйлық алатын. Қиын кезеңде, яғни Кеңес Одағы тараған тұста, анамның маған айтқан бір сөзі әлі есімде: «Әкең тірі болса, саған бірден Қазақстанда қызмет ету керек дер еді». Бұл сөз мен үшін бұйрықтай әсер етті, – деп жазды ол.
Президент анасының парасаттылығы мен ұстамдылығын, адалдығын ерекше атап өтті. Ол шенеуніктердің аяқ астынан байып кетуіне сын көзбен қарап, баласына әрдайым әділет пен тазалық жолын ұстануды үйреткен.
– Анам маған жастайымнан жинақы болуды, көрсеқызарлықтан аулақ жүруді, жақсыдан үйреніп, пайдалысын алуды үйретті. «Күні бойы не істейтініңді таңертеңнен ойлап қой. Асыққан адам сәтсіздікке ұшырайды», – деп жиі айтып отыратын, – деп еске алады Президент.
Сондай-ақ, Тұрар Шабарбаева балаларының оқуына ерекше мән бергенін, мектептегі әр жиналысқа қатысып, балаларының мұғалімдерімен тығыз байланыста болғанын айтты. Балаларының қуанышы мен қайғысын бөлісіп, өмірлерінің ажырамас бір бөлігіне айналған ана бейнесін тебіреніспен сипаттады.
– Аналардың қадірін біліп, әрдайым құрмет көрсетіп, ардақтап жүріңіздер! – деп қорытындылады Қасым-Жомарт Тоқаев.