
Әскери тарихшылардың айғақтауынша, сондай құрамалардың бірі – 1941 жылдың маусым айында Архангельск әскери округінің базасында құрылып, Ставканың резервінде болған 28-армия көрінеді. Аталған әскери құрама ең әуелі 1941 жылы Смолнеск қаласының түбінде болған қорғаныс ұрыстарының барысында қоршауда қалады. Содан сол жылғы қараша айының 15 күні Мәскеу әскери округінің базасында қайта жасақталып, 1942 жылдың мамыр айында Бас штабтың кінәсінен сәтсіздікке ұшыраған Харьков операциясына қатыстырылады. Бұл ретте армия құрамындағы әскери бөлімдер ауыр шығындарға ұшырағанымен қоршауда қалу қаупінен аман құтылады. Ал 28-армияның Ұлы Отан соғысы барысындағы соңғы үшінші қайта жасақталуы 1942 жылдың қыркүйек айында жүзеге асырылады. Байзақ ауданының бұрынғы Ленин атындағы кеңшарының тумасы, 1942 жылдың бас кезінде Қызыл Армия қатарына алынып, ақпан айынан бастап 28- армияның бағынысындағы 50-гвардиялық миномет полкі құрамына қабылданған қатардағы жауынгер Меделбек Атамқұлов міне, кеңес әскерлерінің осы Харьков түбіндегі жеңілісінің әрі соның салдарынан олардың жүздеген шақырымға кері шегініп, Еділ өзенінің бойынан бір-ақ шығуға мәжбүр болғандығының, қаша соғысқан ұрыстардың барысында өзге әскери құрамалармен бірге 28-армияның адам құрамының 90 пайызға жуығының шығынға ұшырағандығының куәсі болуына тура келеді. Дана қазақтың «Қырық жыл қырғын болса да, тек ажалды ғана өледі» деген сөзінің жаны бар екен. Айналаның астаң-кесеңін шығарып, жердің астын-үстіне келтірген небір артиллериялық канонадалар мен жау авиациясының бомбалаулары кезінде сан мыңдаған қаруластары қынадай қырылса да, әйтеуір татар дәм-тұзы мол екен, Меделбек аман қалған.
Сөйтіп, екі бірдей қаңды қырғыннан әупірімдеп әрең шығып, құрамының негізгі бөлігінен айырылғанымен, туларын аман сақтап қалған резервтегі 28-армия үшінші рет қайта құрылғанда 21 жастағы жас жауынгер Сталинград қорғанысы ұрыстарының бірінде жарақат алады. Әйтсе де дәрігерлердің күш салуымен госпитальда біраз емделіп, жарақатынан айыққаннан кейін өз бөліміне қайта оралған.
Кезінде кеңестік тарихшылар Ұлы Отан соғысы деп атап кеткен фашистік Германиямен арадағы шайқастағы алғашқы қадамы сұрапыл соғыстың тозаққа бергісіз жойқын сәттерімен тұспа-тұс келген байзақтық жауынгер Меделбек Атамқұлов 28-армияның жеңісті жорықтарының да куәсі болған. Ставканың резервінде болғандықтан үшінші рет қайта жасақталған екпінді құраманың Сталинград, Оңтүстік, кейін таратылған Солтүстік Кавказ, сондай-ақ, төртінші және үшінші Украина, бірінші және үшінші Белорусь майдандарының құрамында соғысуына тура келеді. Жеңісті шайқастардың бастапқа кезінде подполковник Жариков командирі болып табылатын бұлардың 50-гвардиялық миномет полкі гитлершілердің Қырым түбегін қорғауына және Кавказ бағытындағы шабуылын қайта жаңғыртуына мүмкіндік беретін Кубаньдағы стратегиялық мәні бар плацдармының күл-талқанын шығаруға атсалысқан. Тамань түбегін жаудан азат етуде сәтті өткен операциялардың алдыңғы шебінде болған. Сол үшін әскери бөлімге Жоғарғы Бас қолбасшы, Кеңес Одағының Маршалы И.Сталинның 1943 жылғы 9 қазандағы №31 бұйрығымен Елуінші гвардиялық Темрюк миномет полкі атауы беріліп, әскери бөлімнің құрамы түгелдей Жоғарғы Бас қолбасшының алғысымен марапатталады. Кейін полк 28-армияның құрамында Чехословакияның астанасы Праганы азат ету жорығына қатысып, Миусск операциясы кезінде жаудың адам күшін ойсырата шығынға ұшыратып, Жоғарғы Бас қолбасшының алғысына екінші рет ие болады.
Соғыстың соңғы айларында Германияның өз аумағында ұрыс қимылдарын жүргізген үшінші Белорусь майданының құрамында болған 28-армияның қатарында Меделбек Атамқұлов та гитлершілерді өз апанында тұншықтыруға үлес қосады. Фашистер талқандалғаннан кейін бір жыл КСРО-Түркия шекарасында қызмет атқарып, 1946 жылдың мамыр айында елге оралады. Содан қашан зейнет демалысына шыққанға дейін өзі туып-өскен бұрынғы Свердлов, қазіргі Байзақ ауданындағы Ленин атындағы ұжымшарда егіс бригадирі болып, ел байлығын еселеуге атсалысады. Бүгінде өмірден озып, бақилық болған екінші дәрежелі «Отан соғысы» ордені мен бірнеше жауынгерлік медальдардың иегері Мелдебек Атамқұловты 7 ұлы мен 5 қызынан тараған немере-шөберелері әр уақытта еске алып, әруағына құран бағыштап отырады.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ