
Сөйлемеймін екпін бермей жырға құр.
Менің әкем ең биікте, шыңда тұр.
Отан үшін жанын оққа байлаған,
Менің әкем елін сүйген шын батыр.
Отан үшін ел қорғауға аттанып,
Тұла бойда оқ ізі тұр сақталып.
«Қызыл жұлдыз» орденді төске таққанын,
Жырлап өтем ерлігіне мақтанып.
Фашистердің бар құлқыны жерге ауған.
Зеңбіректен, ұшақтардан оқ жауған.
Әкем азап тартса қар-мұз жастанып,
Тазаланды, азат болды жер жаудан.
Қаулаған өрт тоқтағандай тіршілік,
Астаң-кестең жайттан дене түршігіп.
Мәйіттерді анықтау қиын десе де,
Жеңіс келді жас бұтаққа бүр шығып.
Аты қалды мәңгі өшпес тарихта,
Отан үшін жанын қиған алыптар.
Тылда адамдар еңбектенді жалықпай,
Күндіз-түні үміт сыйлап халыққа.
Жеңіс Туын бес жыл күтті, тым ұзақ,
Соғыс салды жүректерге мұң-сызат
Қазір бейбіт заман бірлік нық болса,
Тыныш елдің берекесін кім бұзат(ы).
Гүлбағда АХМЕТОВА,
ҚР денсаулық сақтау ісінің үздігі,
Тараз қаласы