Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қызыл жұлдыздағы қуаныш

Қызыл жұлдыздағы қуаныш
А.Рысмахан
Тараз қаласына қарасты Әулиеата ауданындағы Қызыл жұлдыз тұрғын алқабында заманауи үлгідегі амбулатория ел игілігіне берілді. Ауыл тұрғындарына алғашқы медициналық көмекті қолжетімді етуге бағытталған денсаулық нысаны қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етіліп, аймақтың әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға үлес қосып отыр.

Тұрғын алқапта 50 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория ашылды

Жаңа нысанның ашылуына облыс әкімі Ербол Қарашөкеев арнайы қатысып, жұртшылыққа ақжарма тілегін арнады.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев денсаулық сақтау ісінің тиімді моделін құру арқылы барлық ауылдық елді мекендерді фельдшерлік-акушерлік пункттермен және дәрігерлік амбулаториялармен қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Осы ретте «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында облысымызда өткен жылы 20 нысан ел игілігіне тапсырылды. Бұған қоса, биыл 4 нысанның құрылыс жұмыстары аяқталады. Сондай-ақ 6 денсаулық сақтау нысаны күрделі жөндеуден өтеді. Медицина ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға 6 миллиард теңге қаражат қарастырылды. Қазір пайдалануға берілгелі тұрған нысанның құрылысы ұлттық жоба аясында жүргізілді. 5 мыңға жуық тұрғынға түрлі медициналық қызмет көрсететін нысан қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған. Жаңадан ашылып отырған амбулатория халыққа алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету деңгейін жаңа сатыға көтереді. Себебі мұнда алғашқы медициналық-санитарлық көмек, ересектер мен балаларға консультативті-диагностикалық көмек, лабораториялық диагностика, халықты профилактикалық және скринингтік тексеру, психологтың, әлеуметтік қызметкердің кеңесі, стационарды алмастыратын көмек көрсетіледі. Тұрғындар тек ем қабылдаумен шектелмей, аурудың алдын алу мүмкіндігіне де ие болады. Алдағы уақытта денсаулық сақтау саласының мамандары жаңа ғимаратта жемісті еңбек етеді деп сенемін. Осы нысан тұрғындардың денсаулығын сақтау және өмір сапасын арттыруда үлкен рөл атқаратын болады, – деді Ербол Шырақпайұлы.

Салтанатты жиында Қызыл Жұлдыз тұрғын алқабының тұрғыны, зейнеткер Тұрсынхан Нұрбаев та сөз алып, қуанышымен бөлісті.

– Ауылымызда ел игілігі үшін жаңа, жайлы денсаулық нысаны қолданысқа беріліп отыр. Қызыл Жұлдыз ауыз толтырып айтарлықтай тарихы бар ауыл. Бұл ауыл еңбек ерлерінің ауылы. 1950 жылдары осы ауылдың өзінен 9 «Еңбек ері» шыққандықтан елді мекен «Жұлдызды ауыл» деп аталып кеткен. Жақында ауылымыз Тараз қаласының құрамына өтіп, тұрғын алқап атанып отырмыз. Ендеше қуанышымызды еселеген амбулаторияның ел игіліне берілуі құтты болсын. Медицина қызметкерлерінің барлығының басына бақ қонсын, істері оңынан болсын, – деді Тұрсынхан Мұхамедхалиұлы.

Ал облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ерік Мұсабаевтың айтуынша, Қызыл жұлдыз тұрғын алқабында 6,5 мың адам өмір сүреді.

– 2024 жылы қала құрамына енген тұрғын алқапта пайдалануға берілген жаңа заманауи дәрігерлік амбулаторияның құрылысы біраз уақыт бұрын аяқталған болатын. Бірақ бұл елді мекеннің қалаға қосылуына байланысты салтанатты ашылуы жарты жылға созылды. Бұл жерде үш жалпы тәжірибелі дәрігер, жиырма бір маман жұмыс істейді. Ғимаратттың құрылысына 250 миллион теңге қаражат жұмсалды. Медициналық нысан 50 келушіге дейін адам қабылдауға дайын, – дейді Е.Тілләбекұлы.

Бір айта кетерлігі, амбулатория №7 қалалық емханаға қарайды. Аталмыш емхананың бас дәрігері Әлия Шатаеваның сөзіне сүйенсек, амбулатория соңғы медициналық үлгідегі құралдармен толық жабдықталған.

– Мұнда гинекологиялық ауруларды диагностикалау үшін соңғы үлгідегі кальпоскоп аппараты, жүрек реанимациясын жүргізу үшін дефибриллятор аппаратының 4 данасы бар. Сонымен қатар жүкті әйелдердегі баланың жүрек қағысын тыңдау үшін КТГ аппаратымен қамтамасыз етілген. Сол секілді оңалту бөлмесі де соңғы үлгімен жабдықталған. Атап айтар болсақ, оңалту бөлмесі мүгедектігі бар азаматтардың инсульт алғаннан кейінгі емін жүргізу үшін аяқ және қол қимылдарын ерте ретке келтіруге арналған велотренажер аппараты, механотерапия, оңалту үстелдері, магнитотерапия, ультра дыбысты емдеу терапиясы, электрофорездің соңғы үлгісі және бірнеше ингаляторлармен жабдықталған, – дейді Ә.Өзбекқызы.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар