Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Таразда «Қызғалдақ мұра» атты халықаралық ғылыми конференция өтті

Таразда «Қызғалдақ мұра» атты халықаралық ғылыми конференция өтті
Юрий Ким
Шерхан Мұртаза атындағы Тараз өңірлік университетінде «Қызғалдақ мұра» атты халықаралық ғылыми конференция өтті, деп хабарлайды arainfo.kz

Бұл конференцияның негізгі мақсаты – Жамбыл облысының экожүйесі мен мәдениетінде маңызды рөл атқаратын жабайы қызғалдақтарды ерекше табиғи мұра ретінде сақтау жолдарын қарастыру, қоршаған ортаға жауапкершілікті арттыру және халықтың экологиялық сауаттылығын көтеру болды.

Конференция барысында бірқатар маңызды тақырыптар талқыланды. Жиынның негізгі мәселелерінің бірі – таулы аймақтарда өсетін жабайы қызғалдақтардың табиғи мекендерін сақтап қалу. Қатысушылар бұл өсімдіктердің биологиялық әртүрліліктегі ерекше орнын, оларды сақтау мен көбейту тетіктерін, климаттық өзгерістерге қарсы тұру жолдарын талқылады. Сонымен бірге жабайы қызғалдақты Жамбыл облысының бренді ретінде қалыптастыру арқылы өңірдің туристік әлеуетін арттыру қажеттілігі де айтылды.

Конференцияға 30-ден астам қатысушы жиналды. Олардың қатарында Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының беделді ғалымдары, биоалуантүрлілікті зерттеуші халықаралық сарапшылар, ботаника, экология және жаратылыстану ғылымдарының білікті мамандары, сондай-ақ ЮНЕСКО өкілдері болды. Сонымен бірге Германия, Украина, Қырғызстан, Ресей, Иран және Нидерланды елдерінен келген шетелдік зерттеушілер мен ғылыми қауым өкілдері жиынның мазмұнын байытып, өз елдеріндегі тәжірибелерімен бөлісті.

Жиында бірнеше өзекті мәселе кеңінен талқыланды. Алдымен таулы өңірлердегі экологиялық тепе-теңдік пен табиғи ландшафтардың бір бөлігі болып саналатын жабайы қызғалдақтардың өсіп тұрған табиғи орталарының қазіргі жағдайы сарапқа салынды. Бұл қызғалдақтар – тек өсімдік әлемінің өкілдері ғана емес, адамзат тарихының, дала мәдениетінің, табиғат пен руханияттың арасындағы алтын көпір іспеттес. Оларды сақтау – болашақ ұрпақ алдындағы борыш.

Сонымен қатар, конференция аясында Жамбыл облысының туристік әлеуетін көтеру жайы да кеңінен қозғалды. Қызғалдақты өлке ретінде өңірдің брендік келбетін қалыптастыру арқылы халықаралық туризмді дамыту, экотуризмнің жаңа бағыттарын енгізу, шетелдік қонақтар үшін Жамбыл облысын ерекше табиғи нысан ретінде таныту ұсынылды. Қатысушылардың пайымынша, қызғалдақ тек табиғат нышаны ғана емес, ол – жаңа экономикалық мүмкіндіктерге жол ашатын символ.

Жиында Қаратау тауының табиғи байлығы мен экологиялық маңыздылығы туралы да бірқатар баяндамалар жасалды. Қаратау – сирек кездесетін өсімдіктер мен жануарлар дүниесіне бай, ерекше геологиялық құрылымымен және тарихи ескерткіштерімен маңызды аймақ. Осыған орай, конференция барысында Қаратау геопаркін құру идеясы көтерілді. Бұл бастама Қазақстанда алғаш рет жүзеге асуы мүмкін экологиялық, ғылыми және мәдени жоба ретінде бағаланды. Геопарк құру арқылы өңірдің табиғи мұрасын қорғау, әлемге оның бірегейлігін таныту және халықаралық стандарттарға сай экотуристік инфрақұрылым қалыптастыру мәселелері жан-жақты талқыланды.

Жиында экологиялық білім беруді жүйелеу, оқу бағдарламаларына қызғалдақтар мен өңірдің флорасы туралы тақырыптарды енгізу, жас ұрпақтың табиғатты аялауға деген көзқарасын нығайту туралы ұсыныстар ортаға салынды. Конференция материалдарын ғылыми жинақ ретінде жариялап, халықаралық ғылыми айналымға енгізу ұсынысы да қолдау тапты.

Айта кетейік, аталған фестивальдің негізгі бөлімі ертең, яғни 3 мамыр күні Талас ауданына қарасты Есей би ауылының маңындағы Қаратау бөктерінде өтеді.

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар