
Оның ішінде, 1 237 километр республикалық, 1 756 шақырым облыстық және 1 383 километр аудандық маңызы бар автомобиль жолдары. Десе де, осынау жолдарға ауыр жүк көліктерінен келетін залал аз емес.
Айталық, дәл қазір Әулиеата өңіріндегі қалалық және жол құрылыстарында сондай-ақ өзге де нысандарда 4 мыңға жуық самосвал көліктер пайдаланылуда. Нәтижесінде, жүгенсіз жүк көліктерінің салдарынан жолдың жай-күйі (жағдайы) төмендеп, нашарлауда. Өз кезегінде мамандар салмағы тиісті талапқа сай келмейтін аса ауыр темір тұлпарларды қанша жерден бақылағанымен, ережеге бағынбайтын кейбір жүгенсіз жүк көліктерінің қозғалысы әлі де толастамай тұр.
– Мәселен, «Нowo», «Shacman» және «Man» маркалы көліктердің жүк көтергіштері 25 тоннаны құрайды. Алайда, салмағы 15 тоннаға жуық көліктердегі жүк көлемі 40 тоннадан асып түседі. Осылайша, мұндағы жүктеме тиісті құжаттағы стандарттардан да жоғары. Биылдан бастап орташа жөндеуге ведомстволық сараптама жүргізу үшін жобалаушылардан жобалық-техникалық құжаттамаға жүктерді тасымалдау мақсатында салмағы 15 тоннадан артық емес жүк көліктерінің жүруін талап етілуде. Бұл өз кезегінде автожолдардағы ақаулардың алдын алып, тас жолдың тез тозуына тосқауыл болады, – дейді «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» облыстық филиалының жетекші сарапшысы Жұмахан Шәкірбаев.
Қорыта айтқанда, аса ауыр жүк көліктерінің қозғалысын бақылау міндеті – бір ғана мекемемеге жүктелмегені ақиқат. Бір жағынан жүк көліктерін үзіліссіз бақылауға алу мүмкін де емес. Тағы да айта кетерлігі, облыс аумағында ауыр жүк көліктері жиі жүретін кешегі Кеңес заманында салынған қара жолдарда бар. Алайда, өткен ғасырда салынған қара жолдың бүгінде мұрты да бұзылмаған. Осыдан-ақ, бүгінгі мердігерлердің жол салу жұмысына баға беруге болар…