
Бекзат Асылбекұлының айтуынша, облыстық жедел медициналық жәрдем стансасы күніне 1 600-ден 1800-ге дейін шақырту қабылдайды. Стансада 1 700-ге жуық қызметкер (30 дәрігер, 1 005 фельдшер, 414 жүргізуші) еңбек етеді. Ал ауысымда 22 диспетчер жұмыс істесе, 14-і қоңырауларды қабылдайды, төртеуі бригадаларға қоңырау жібереді, 1 диспетчер төртінші санаттағы қоңырауларды қабылдайды. Сондай-ақ Сall-орталықта 2 аға дәрігер тәулік бойы жұмыс істейді. Облыс бойынша 93 жедел жәрдем бригадасы шақыртуға шығады.
– Мереке мен демалыс күндері шақыртулар саны тіпті артады. Жедел жәрдем көліктерін шақырған кезде қарастырылған арнайы 4 санат бар. Бірінші санаттағы өміріне тікелей қауіп төніп тұрған науқастарға жедел жәрдем 10 минуттың ішінде жетеді. Сондай-ақ науқас жағдайының күрделілігіне қарай екінші және үшінші санаттағы қоңыраулар бойынша жедел жәрдем 15-30 минутта көмекке келеді. Ал төртінші санаттағы денсаулығы бірден сыр бермеген, дерті айқын білінбеген адамдардың шақыртуына бару уақыты бір сағатқа дейін созылуы мүмкін.
Рас, кейде жедел жәрдем кешігіп, тұрғындар тарапынан түрлі сын айтылып жатады. Кешігудің ең басты себебі – кейбір аймақта атауы жоқ көшелер, нөмірленбеген үйлер көп. Мұның бәрі уақыт жоғалтуға себеп болады. Ал ауыр хәлдегі науқас үшін әрбір минут маңызды, – дейді Бекзат Әбітаев.
Пернебек Шонаевтың жедел жәрдем қызметінде еңбек етіп келе жатқанына 35 жыл болыпты. Жедел жәрдем фельдшері бірінші санаттағы бригадада қызмет етеді. Біз тәжірибелі маманның бригадасымен бірге күнделікті қызметке араластық.
– Бір бригадада 2 фельдшер мен 1 жүргізуші болады. Таңғы сағат 8.00-де жұмысқа кірісеміз. Алдымен құрал-жабдықтарды, дәрі-дәрмектерді, аппараттарды тексереміз. Коммуникатор арқылы шақыртуларды аламыз. Бірінші санаттағы шақыртулар бойынша қызмет көрсететін 4 бригада бар. Біз көбіне адамдардың өміріне қауіп төніп тұрған, шұғыл түрде медициналық көмек көрсетуді қажет ететін шақыртуларға барамыз. Бір күнде 10-нан аса шақыртуға барамыз, кейде төрт-бесеу ғана, – деген Пернебек Сатымбекұлы жедел шешім қабылдау, адам өмірін сақтау басты міндеттері екенін жеткізді.
Түс ауа бірінен соң бірі шақыртулар түсіп жатты. Алғашқы шақырту Қапал көшесінен тіркелді. Қоңырау шалған тұрғын қан қысымының көтеріліп, ешқандай дәрі-дәрек көмектесе алмай жатқанын айтты. Айтылған мекенжайға 8 минут ішінде жеттік. Фельдшерлер тұрғынның қан қысымын өлшеп, қажетті екпені салып, жағдайын тұрақтандырды.
– 35 жыл ішінде талай оқиға басымнан өтті. Мысалы, клиникалық өлім жағдайында науқасты тірілтіп алғанымызды ешқашан ұмытпайтын шығарм. Арыстағы төтенше жағдайға қатыстық, Байзақтағы жарылыста да соңына дейін болдық. Қаңтар оқиғасы кезінде де қызметімізді атқардық.
Шақырған үйге барғанда есігін ашпай қоятындар да бар, өтірік шақырушылар да кездеседі. Бірақ біз науқасты көзбен көрмей кетпейміз. Кейде мас адамдар, психологиялық күйзелісте жүргендер агрессивті мінез танытады. Бірақ біз әр жағдайға сабырмен қараймыз, – П.Шонаев.
Ал фельдшер Әлішер Бердалиев жедел жәрдем қызметінде 11 жылдан бері қызмет етеді. Мамандығын мақтанышы санайтын кейіпкеріміз көптің алғысын алу ең үлкен бақыт, ең үлкен марапат деп есептейді.
– Біздің жұмысымыз тек жедел көмек көрсету емес. Әр науқаспен жеке байланыс орнату, олардың жай-күйін түсіну де маңызды. Жалпы жедел жәрдем қызметкерлері жұмыс барысындағы кез келген жағдайға дайын болуы тиіс. Өйткені, қандай да бір оқиғамен бетпе-бет келгенде абдырап, уақыт жоғалтуға мүлде болмайды, – дейді Әлішер.
Бригаданың толыққанды мүшесі – жүргізуші. Жеделдікті қамтамасыз етіп, науқасты қауіпсіз жеткізу – жүргізушінің мойнында. Көлік жүргізушісі Тахир Мырзакаримов та өз ісіне адал жан. Ол фельдшерлермен бірге зембілді көтерісіп, қиын жағдайда қолдау көрсетеді.
Пернебек Сатымбекұлы жедел жәрдем қызметінде алдымен қауіпсіздікті сақтау бірінші орында екенін айтады.
– Мәселен кейде асығып бара жатып жол апатына ұшырап қалуымыз мүмкін немесе біреудің үйіне барсақ есік алдында иттері жүреді. «Кіре беріңіздер, тістемейді» деп қарап тұратындар бар. Ондай кезде тәуекелге бел буып кіріп кетуге болмайды. Адамға көмектесу үшін, жедел әрекет үшін ең алдымен қауіпсіздікті сақтау керек, – дейді дәрігер.
Жедел жәрдем – уақытпен санаспай, адам өмірі үшін күресетін ерекше мамандық. Ақ халатты жандардың бір күндік жұмысын көріп, олардың жанқиярлық еңбегіне тағы бір мәрте көз жеткіздік. Кәсіби мерекелері қарсаңында халық денсаулығы жолында аянбай тер төгіп жүрген жандарға алғыс білдіреміз. Бұл мамандық өкілдері ел амандығы жолында әрқашан алғы шепте. Күнделікті жұмыстан бөлек әсерилердің оқу-жаттығуына, Мемлекет басшысының облысқа сапарын да сүйемелдейді.
Сонымен, кешкі 17:30-да жұмыс уақыты аяқталып, 1 күн бірге қызмет атқарған әріптестерімізбен қош айтысып шықтық.
Айта кетейік, 2025 жылдың 1 мамырынан бастап жедел жәрдем қызметінің жұмыс тәртібі өзгереді. Бұл қадам қызмет көрсету сапасын жақсартып, кешігу мәселелерін шешпек. Енді төртінші категориядағы шақыруларға: мәселен, жоғары қан қысымы, дене қызуы немесе жеңіл жарақаттар сияқты өмірге қауіп төндірмейтін жағдайлар – күндізгі уақытта емхана жанындағы мобильді бригадаларға бағытталады. Олар таңғы сағат 8:00-ден кешкі 20:00-ге дейін жұмыс істейді.
Ал түнгі уақытта және демалыс күндері барлық шақыртуға жедел жәрдем бригадалары бара береді. Қажет болса қатарларына педиатр, кардиолог және басқа да мамандар қосылады. ҚР Денсаулық сақтау министрліктің мәліметінше, 2025 жылдың алғашқы тоқсанында елімізде 2,1 миллионнан астам шақыру тіркелген. Оның ішінде 763 мыңға жуық шақыру төртінші категорияға жатады. Ал олардың 518 мыңнан астамын алғашқы медициналық-санитарлық көмек мобильді бригадалары орындаған.
Айжан ӨЗБЕКОВА