
Бірлескен қоғамдық қабылдау 200-ден аса азаматтың тиісті құқықтық көмек алуына, сондай-ақ олардың 52 өзекті мәселесін шешуге мүмкіндік берді. Мәселен жергілікті атқарушы орган 170 мүмкіндігі шектеулі баланың білім алуына қолайлы жағдай жасап, оларды жаңа ғимаратқа көшіретін болды.
Жалпы жыл басынан бері прокуратура органдарына азаматтардан 2 514 жолданым келіп түскен, оның 423-і өз шешімін тапса, 623-і бойынша тиісті түсіндірмелер берілген.
Халықтың сұраныстарына жедел ден қою және кері байланыс орнату прокуратура жұмысының негізгі басымдықтарының бірі екенін айтқан облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров қоғаммен диалог пен өзара іс-қимылдың маңыздылығына тоқталды.
Сондай-ақ, облыс прокуроры шұғыл шешімді талап ететін бірқатар мәселе бар екенін жеткізді.
Азаматтардың өтініштерін талдау нәтижесімен шағымдарды қарау процесінде бұзушылықтар бар екені анықталды. Бұл тұрғындарды жоғары тұрған органдарға немесе прокуратураға жүгінуге мәжбүр етеді.
Былтыр Жамбыл ауданының жергілікті атқарушы органына 1 122 жолданым келіп түскен, оның 590-ы (52 пайыз) жер мәселелеріне қатысты. Мәселен Көлқайнар ауылдық округінде жер учаскелерін берудің заңдылығын талдау барысында жерді заңсыз беру фактілері анықталған.
Осыған байланысты жұмыстың тиімділігін арттыру және азаматтармен өзара іс-қимылды жақсарту үшін халықтың өзекті сұрақтарын алдын ала талдау арқылы кездесулерді жүйелі түрде ұйымдастыру туралы шешім қабылданды.
«Қоғаммен байланыс» жобасы жақын арада облыстың өзге өңірлерінде жалғасатын болады.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ