
ДЕРЕКТЕР НЕ ДЕЙДІ?
ҚР Ішкі істер министрлігінің тапсырмасына сәйкес облыс аумағында 2025 жылдың 10 сәуірі мен 6 мамыры аралығында «Жасөспірім» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Рейдтің алғашқы 8 күнінде-ақ бала тәрбиесіне немқұрайды қарайтын 20 қолайсыз отбасы және құқықбұзушылық жасаған 38 кәмелетке толмаған жасөспірім полицияның есебіне алынған.
Осы уақыт аралығында девианттық тәрбиедегі мінез-құлқына байланысты 5 жасөспірім арнайы режимдегі мектепке орналастырылса, 3 тұлғаның ата-ана құқығы шектеліп, 9 жасөспірім бейімдеу орталығына орналастырылған. Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу, олардың құқықтары мен мүдделерiн қорғау жөнiндегi мiндеттердi орындамағаны үшін ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 127-бабымен 72 ата-ана жауапкершілікке тартылған.
Түнгі уақытта қараусыз жүрген жасөспірімдер қылмыс жасауы немесе қылмыстың құрбаны болуы мүмкін. Іс-шара барысында Әкімшілік кодекстің 442-бабына сәйкес кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз жүргені үшін 589 ата-ананың жауапкершілігі қаралыпты.
Сонымен қатар ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 435-бабы бойынша 21 кәмелетке толмаған жасөспірімнің заңды өкілі әкімшілік жауапкершілікке тартылған екен. Сағат түнгі 22:00-ден кейін ойын-сауық орындарында балалардың заңды өкілінсіз болуына жол берген 16 мекеме иесі Әкімшілік кодекстің 132-бабымен жауапкершілікке тартылыпты.
Ең өкініштісі, рейд кезінде Тараз қаласы және Қордай ауданында полиция қызметкерлері тыйым салынған заттарды алып жүргені үшін 3 жасөспірімді ұстаған.
ИНСПЕКТОРЛАРДЫҢ МІНДЕТІНЕ НЕ КІРЕДІ?
Жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу, оларға дер кезінде психологиялық және құқықтық көмек көрсету – тәртіп сақшыларының, оның ішінде мектеп инспекторларының мойнындағы үлкен жауапкершілік.
Осы орайда біз инспекторлардың жұмысы қалай жоспарланатыны, олардың күнделікті қызметіндегі қиындықтар мен жауапкершіліктері туралы тереңірек білу мақсатында облыстық полиция департаменті, жергілікті полиция қызметі басқармасының кәмелетке толмағандар полициясы тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Әлішер Қалышевті сөзге тартқан едік.
Әлішер Тілебекұлының айтуынша, бүгінгі таңда инспекторлар қызметінде бірқатар өзгерістер орын алған. Атап айтқанда, қазір мектеп инспекторларының орнына оқу орындарына аумақтық полиция инспекторлары бекітілген. Нақтылап өтсек, жасөспірімдер арасында құқықбұзушылық профилактикасының тиімділігін арттыру мақсатында 2024 жылы облыстық полиция департаментінің № 1009 бұйрығына сәйкес облыс аумағында орналасқан 457 мемлекеттік, 59 жекеменшік, барлығы 516 мектеп пен 42 колледждге 767 полиция қызметкері белгіленген. Тарқатып айтқанда, 207 жедел уәкіл, 155 ювеналдық полиция инспекторы, 405 учаскелік полиция инспекторы бекітіліп, тиісті жұмыстар атқарылуда.
Сондай-ақ инспектор бұрынғыдай бір емес, бірнеше білім беру ұйымының қауіпсіздігіне жауапты. Облыста өрендер арасындағы қылмыстардың алдын алу, оқушылар мен студенттердің қоғамдық тәртіпті бұзу деректерін анықтау, олармен профилактикалық бағытта жұмыстар жүргізу мақсатында кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторлар аумақтар бойынша бекітілген. Инспекторлар өз аумағында орналасқан мектеп, колледждердің барлығының тыныштығына жауапты.
– Полиция қызметкерлерінің 2-3, кейде одан да көп мектепке инспектор болып бекітілуі тәртіп сақшысының жұмысын күрделендіре түсетіні анық. Алайда бұл – уақытша қиындық. Себебі әрбір инспектор өзіне жүктелген аумақтағы оқу орындарындағы әрбір оқушымен де жақын қарым-қатынас орнатуға тырысады. Оқушылар сеніміне ие болу бір күнде жүзеге аса қоймайды, ол үшін уақыт қажет. Дегенмен, біздің мамандар уақыты тығыз болса да ұрпақ тәрбиесіне жауапты екенін сезініп, өрендер арасындағы қылмысты төмендету бағыттағы жұмыстарды сапалы атқаруға тырысады. Жүйелі жұмыс өз жемісін беріп келеді.
Күнделікті тәжірибе көрсеткендей, оқушылар арасында кездесетін бұзақылық, ұрлық, бопсалау, буллинг яғни, қорқыту, мазақтау сынды жағдайлар дер кезінде анықталып, мектеп инспекторының көмегімен шешімін тауып отырады. Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторлары бекітілген аумағында орналасқан мектептерде күнделікті алдын алу іс-шараларын атқарады. Егер инспектор болмаған жағдайда көбіне ауылдық елді мекендерде учаскелік полиция инспекторлары барып, тиісті профилактикалық жұмыстар жүргізеді.
Сондай-ақ әлеуметтік жағдайы төмен немесе ата-анасының қарауынсыз қалған балаларды дер кезінде анықтау да маңызды бағыттардың бірі. Одан бөлек жасөспірімдердің үйден кету немесе хабарсыз жоғалу жағдайларының алдын алу да инспекторлар жұмысының маңызды бір бағыты. Мұндай оқиғалардың себептерін терең талдап, олардың алдын алу мақсатында психологиялық және құқықтық қолдау көрсетіледі, – дейді Әлішер Тілебекұлы.
Ең маңыздысы, кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторлары өрендермен күнделікті тығыз байланыста болып, олардың мінез-құлқын, өмір салтын қадағалап, құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында жүйелі жұмыс жүргізеді. Әрбір жасөспіріммен жеке танысу кезінде оның отбасылық-тұрмыстық жағдайы, ахуалы зерделенеді.
БАЛАЛАР ТАҒДЫРЫНА КІМ ЖАУАПТЫ?
Әлішер Тілебекұлының айтуынша, жасөспірімдер қылмысының алдын алу бойынша жыл басынан бері «Түнгі қаладағы балалар» секілді жедел профилактикалық іс-шаралар жүргізілген. Мәселен 2025 жылдың үш айында 916 бірлескен рейд ұйымдастырылса, оның 514-і мектеп жанындағы профилактикалық іс-шара. Рейд барысында жалпы ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің түрлі баптары бойынша 4 451 әкімшілік хаттама толтырылған.
Күнделікті өткізілген рейдтік және профилактикалық іс-шаралар нәтижесінде, 3 айда түрлі қылмыстық және әкімшілік құқықбұзушылық жасағаны үшін облыстық полиция департаментінің полиция бөліністеріне 2 809 кәмелетке толмаған бала жеткізіліпті. Сонымен қатар профилактикалық іс-шаралар барысында 198 кәмелетке толмаған бала, 101 жайсыз отбасы анықталып, есепке қойылса, полиция бөліністерінде 392 жасөспірім және 299 жайсыз отбасы есепке алынған. Сонымен қатар 34 тұлға ата-ана құқығынан айырылып немесе шектелген болса, арнайы мектепке 7 жасөспірім оқшауланып, 54 кәмелетке толмаған жасөспірім бейімдеу орталығына орналастырылған екен.
– Жылдың алғашқы 3 айының қортындысы бойынша кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияларда ювеналдық полиция қызметкерлерінің тарапынан 86 іс қаралды.
Кең ауқымды 2 432 лекция мен 51 «дөңгелек үстел», 82 ата-ана жиналысы ұйымдастырылды. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде кәмелетке толмағандардың қатысуымен жасалған қылмыстар 17-ден 10 іске төмендеген. Айта кетсек, 10 фактінің 8 дерегі былтыр, ал 2 дерегі 2023 жылы орын алған қылмыстар. Яғни осы деректер сот-медициналық сараптамалардың ұзақ жүргізілуіне байланысты 2025 жылдың есебіне енгізілген.
Жалпы орын алған 10 қылмысты жасауға 11 кәмелетке толмаған жасөспірім қатысқан. Оның төртеуі мектеп оқушысы, екеуі колледж студенті, екеуі білімін аяқтаған жасөспірім. Орын алған қылмыстардың жалпы үлесінде бесеуі бөтеннің мүлкін ұрлау деректері. Ұрлық жасайтындардың дені осындай қылмысқа әлеуметтік жағдайының төмендігінен барады. Жас мөлшері бойынша 14-15 жастағылар 7 қылмысқа қатысқан болса, 16-17 жастағылар 4 қылмысқа қатысқан. Жасөспірімдердің қылмысқа бару себебі әлеуметтік теңсіздік, басқа баларға еліктеп қымбат ұялы телефон немесе сәнді киім алуға және тағыда басқаға ұмтылады.
Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, үйінен кетіп қалған жасөспірімдер қылмыс жасауға бейім тұрады. Облыс аумағында 3 ай ішінде 40 кәмелетке толмаған жасөспірімнің үйінен кетіп қалғаны анықталған. Оның 24-і қыз, 16-сы ұл. Үйіне бармай көшеде кезіп немесе таныстарының үйін паналап жүрген балалар аз уақыт ішінде табылғанымен, оларды іздеуге үлкен күш пен ресурс жұмсалды. Көбіне үйден қашуға қыз балалар бейім, ұлдарда мұндай жағдай сирек кездеседі. Кейбір балалар үйінен бірнеше рет кеткен. Мысалы, 13 жастағы бала әжесінің ақшасын ұрлап, үйден шығып кетіп, сыныптасының үйінен табылған жағдай болған. Оған кейін бақылау күшейтіліп, арнайы мектепке жіберу мәселесі қарастырылды. Балалар көбіне серуендеу, көрші ауылдарға бару, жаңа таныстар табу үшін үйлерінен шығып кетеді, – деді Әлішер Қалышев.
Жасөспірімдердің құқықбұзушылығының алдын алуда ата-аналар мен мұғалімдер учаскелік полиция инспекторларымен тығыз байланыста жұмыс істеуі тиіс. Алайда Әлішер Тілебекұлы ата-аналармен байланыс бар болғанымен, тұрақты емес екенін айтты. Көп жағдайда байланыс белгілі бір оқиға, яғни тәртіп бұзушылық, үйден кету, агрессивті мінез-құлық туындағаннан кейін ғана орнайды. Ал алдын алу жұмыстары үшін үзіліссіз жүйелі байланыс қажет. Инспекторлар тарапынан қиын жасөспірімдердің ата-аналарымен профилактикалық әңгімелер, ескерту жұмыстары жүргізіледі. Алайда кейбір ата-аналар тарапынан қызығушылықтың, жауапкершіліктің жетіспеуі байқалады екен.
Аумақтық инспекторларда сынып жетекшілерімен, мектеп әкімшілігімен тұрақты байланыс бар. Олар оқушының тәртібі мен психологиялық жағдайы туралы деректермен бөліседі, ал инспектор тиісті шара қолданады. Инспекторлар жасөспірімдердің мінез-құлқындағы ауытқуларды ерте кезеңде анықтап, құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында әсіресе мектеп психологтарымен бірлесе жұмыс істейді.
– Қиын мінезді оқушылармен жұмыс кезінде мектеп психологі баланың эмоционалды және психологиялық жағдайын зерделеп, оны инспекторға хабарлайды. Инспектор өз тарапынан отбасылық, әлеуметтік ортасын тексеріп, кешенді профилактикалық жұмыс жүргізеді. Суицид пен буллингтің алдын алу бойынша психолог оқушының ішкі күйін бақылай отырып, алаңдатарлық белгілерді байқағанда инспекторға мәлімет береді. Инспектор тиісті іс-шараларды қабылдап, қажет болған жағдайда отбасы мүшелерімен түсіндіру жұмысын жүргізеді. Сол секілді екі тарап бірлесіп оқушылар арасында буллинг, қысым көрсету, агрессия сияқты мәселелерді қамтып, анонимді сауалнамалар жүргіземіз. Жиналған деректерге талдау жасалып, нақты оқушылармен жеке жұмыс ұйымдастырылады. Психолог пен инспектор бірлесе отырып, семинар-тренингтер, лекциялар да өткізеді. Бұл оқушылардың заңды түсінуіне, өзін-өзі басқару қабілетін арттыруға және жауапкершілікке баулуға ықпал етеді. Қиын отбасылармен жұмыс бойынша психолог отбасындағы жағдайды зерделесе, инспектор оны бақылауға алып, есепке қою, қажетті шара қолдану мәселесін қарастырады.
Бала тәрбиесіне қоғам болып атсалысқанда ғана ұлағатты жас ұрпақ қалыптасады. Сонымен қатар, бала тәрбиесіндегі басты талап пен тәртіпті «мектепте оқып жүр, мұғалім жауапты» деп өзгеге артып қоюға болмайды. «Баланың бас ұстазы – ата-ана» деп бізге дейінгілер айтып кеткен. Сондықтан әрбір ата-ана өз баласы үшін, оның өмірі үшін жауапты. Жауапкершілк арқалау деген – тек материалдық тұрғыдан қамтамасыз ету емес. Бүгінде барлық ата-ана жұмысбасты, материалдық қажетті өтеуші. Бірақ қазіргі қоғам, бүгінгі бала тәрбиесі бізден, ата-аналардан мүлдем жоғары, мүлдем басқа талап күтіп отыр. Сол себепті ұрпақ тәрбиесінде баршамыз жауаптылық танытуға тиіспіз, – деп түйіндеді сөзін Ә.Қалышев.
Балаға «тәйт» демеген ата-ананың тәрбиесінен шыққан ұл-қыз ертең түрлі қиындықтарға тап болып, қылмысқа баруы да мүмкін. Ал түрлі келеңсіз жағдай орын алғанда көбіне оның салдарымен күресіп жүрген мектеп инспекторларына, психолог-мұғалімдерге кінә артамыз. Алайда «тәрбие тал бесіктен» дегендей, баланың дұрыс өсіп-жетілуіне ең алдымен ата-ана жауапты екенін ұмытпауымыз керек.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ