
Жоспардан тыс және бірлескен тексерулер прокуратура мен құқық қорғау органдарының талаптары мен тапсырмалары, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың өтініштері негізінде жүргізіледі.
– Департамент 2024 жылы 23 тексеруді жүзеге асырса, 13-і жоспардан тыс және 10-ы бірлескен тексеру. Жоспардан тыс тексерулер барысында 10 бұзушылық анықталды. Нақтырақ айтсақ, өлшем бірлігін қамтамасыз ету саласында 5 бұзушылық, техникалық реттеу саласында 4 бұзушылық және тауардың шығу саласында 1 бұзушылық тіркелді. Жоспардан тыс тексеру нәтижелері бойынша 1 569 100 теңге сомасында 3 айыппұл салынды. Ал бірлескен тексерулер барысында прокурордың талабы бойынша 9 бұзушылық анықталды. Барлық анықталған бұзушылықтар өлшем бірлігін қамтамасыз ету саласында жіберілді. Бірлескен тексеру нәтижелері бойынша 8 030 100 теңге сомасында 5 айыппұл салынды. Осылайша 2024 жылы департамент жалпы сомасы 9 901 944 теңге көлемінде 10 әкімшілік хаттама толтырды. Ал профилактикалық бақылау мен қадағалау іс жүзінде бақылау және қадағалау субъектісіне барумен және бармай-ақ қолданылады. Мұндай іс-шаралар тоқсан сайын әрі ай сайын өткізіледі және техникалық реттеу, метрология, сондай-ақ бағалы металдар мен тастар саласындағы заңнама талаптарының сақталуын бақылауға бағытталған, – деген Нұрбибі Оразханқызы 2024 жылы бақылау субъектісіне бармай-ақ профилактикалық бақылау бойынша 306 іс-шара өткізілгенін, нәтижесінде 86 бұзушылық анықталғанын айтып өтті.
Саралай айтсақ, зергерлік бұйымдар айналымы саласында – 57, техникалық реттеу бойынша – 18 және өлшем бірлігін қамтамасыз ету саласында 11 заңбұзушылық тіркелген.
– 2025 жылдың ағымдағы кезеңінде бару арқылы профилактикалық бақылау тізіміне 34 субъект енгізілгенін атап өту қажет. Оның ішінде 14 субъект өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы заңнаманың сақталуына жатады. Бұл тексерулер сауда операциялары кезінде таразыны пайдаланатын кәсіпкерлерге қатысты метрологиялық талаптарды қолдану арқылы жүзеге асады. Қалған 24 субъект бағалы металдар мен асыл тастар туралы заңнаманың сақталуын тексеруді қамтиды және зергерлік бұйымдарды сататын кәсіпкерлерге қатысты жүргізіледі. Биылғы жылы бару арқылы профилактикалық бақылау барысында өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы заңнама аясында 6 бұзушылық және бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдар айналымы саласында 1 бұзушылық анықталды, – деді Н.Оразханқызы.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ