Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Энергия тиімділігін арттыру – уақыт талабы

Энергия тиімділігін арттыру – уақыт талабы
А.Рысмахан
Өңірдің экономикалық әлеуетін арттырып, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуда энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, энергияны тиімді пайдаланудың, үнемдеудің маңызы зор.

Жалпы облыста энергия қауіпсіздігі, оны үнемдеу және энергияның тиімділігін арттыру жұмыстары 6 бағыт бойынша жүргізіліп жатыр екен. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен аппараттық кеңесте айтылды.

2024 жылы «KOREM» компаниясының сауда алаңында ҚР Біртұтас энергетикалық жүйесінің Солтүстік және Оңтүстік аймағы, яғни Ақтөбе, Жамбыл облыстары үшін маневрлік генерациялау режимі бар жаңадан пайдалануға берілетін қондырғылардың құрылысы бойынша аукциондық сауда-саттық өткізілді. Нәтижесінде Тараз қаласында 200 МВт-ны құрайтын бу-газ қондырғысын (ПГУ) орнату бойынша аукциондық сауда-саттықтың жеңімпаздары анықталды.

Бүгінде жеңімпаз компаниялармен тиісті құжаттар рәсімделуде, жобаларды 2028 жылы іске асыру көзделген. Сондай-ақ «Т.И. Батуров атындағы Жамбыл ГРЭС» акционерлік қоғамы 2024-2031 жылдарға арналған инвестициялық бағдарлама аясында қуаты 210 МВт-ны құрайтын газ-турбиналық қондырғы (ГТУ) орнату бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуде. «ГурьевПроектМонтажСтрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жобаны 2027 жылы іске асырады. «KEGOC» акционерлік қоғамы тарапынан Қазақстанның бірыңғай электр жүйесінің оңтүстік аймағының электр желісін күшейту бойынша облыс аумағында 300 шақырымды құрайтын қуаты 500 кВт болатын электр желісінің құрылысы және «Шу», «Жамбыл» қосалқы стансасын қайта жаңғырту жобасы іске асырылуда. Мердігер мекеме болып «ABM-Building 2007» серіктестігі анықталған. Жобаның құны – 154 миллиард теңге. Әуе электр желілері Шу, Меркі, Т.Рысқұлов, Байзақ, Жамбыл және Жуалы аудандары аумақтары арқылы өтеді. Құрылыс жұмыстарын 2027 жылға аяқтау жоспарланған.

Қордай ауданындағы «Корцем» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі цемент өндіру жөніндегі инвестициялық жобасына және «Алатау» индустриялық сауда-логистикалық орталығын тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз ету үшін «Қордай 220 кВ» қосалқы стансасын салу жобасы әзірленді, – деген облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек 6 бағыт бойынша да атқарылып жатқан жұмыстарды егжей-тегжейлі баяндады.

Жиында облыс әкімі жауаптылардан жүзеге асырылатын әуе желілері бойынша және басқа да маңызды жобалар, коммуналдық меншіктегі желілер мен трнсфармоторлардың сенімгерлікке берілуі, жел электр стансасын салуда бөлінетін жер учаскесі, өңірге тартылауы тиіс инвестициялық мәселелер қалай шешіліп жатқанын сұрады.

Энергетикалық инфрақұрылымды дамыту бүгінгі күнде өзекті мәселе болып отырғанын сөз еткен Ербол Шырақпайұлы өңір халқы мен өндірістік кәсіпорындарды энергиямен тұрақты қамтамасыз ету, энергетика саласына инвестиция тарту назардан тыс қалмауы қажеттігін еске салды.

– Шетелден инвестиция тарту ісін жандандыру, жаңартылатын энергия көздері бойынша жобаларды қолдау, жүйеге заманауи технологияларды енгізу – уақыт талабы. Бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасын табуы қажет. Сондықтан жоғарыда аталған мәселелер тұрақты бақылауда болуы керек.

Облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы Тараз қаласы әкімдігімен бірлесе жаңа энергетикалық жобаларды енгізу бойынша жоспарланған жұмыстарды белгіленген мерзімде іске асыруды қамтамасыз етсін. Инновациялық энергетиканы дамыту, жаңартылған энергия көздері бойынша жобаларды уақытылы жүзеге асыру, заңнама талаптарына сәйкес тиісті шараларды орындау – басты міндет.

Тізімге сәйкес энергияны үнемдеу және энергияның тиімділігін арттыру ісі белгіленген мерзімде іске асырылуы қажет. Тараз қаласы мен аудан әкімдіктері теңгерімдегі электр желілері мен трансформаторлық нысандарды сенімгерлік басқаруға беру жұмыстарын жеделдетсін. Бұл істе аудандардың нақты мерзімі хаттамада көрсетіліп, ол бойынша арнайы жоспар жасалсын. Мәселен, Тараз қаласы мен екі аудан жұмысты жақын жылдарда аяқтауы қажет. Қалған аудандар бойынша да бұл жұмыс ұзаққа созылмауы тиіс. Әр ауданның межелі уақыты нақтыланып, жауапкершілік күшейтілсін, – деді Е.Қарашөкеев.

Бұдан кейін 2025 жылғы өртке қарсы маусымға дайындық бойынша қабылданып жатқан шаралар барысы қаралды. Бұл ретте облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы Ералы Ақылбеков баяндама жасады. Облыс әкімі кейбір ауданда өрт сөндіру бекетін құру ісі баяу жүргізіліп жатқанын сынға алды. Аймақ басшысы тиіс жұмыстарды межелі уақытында аяқтау, ерікті өртсөндірушілердің жағдайын тесеру, олардың құрал-сайманын, киімін талапқа сай жабдықтау тұрғысында және өзге де өзекті мәселелер бойынша жауаптыларға арнайы тапсырма берді.

 

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар