Жамбыл облысындағы аудандық ауруханалардың жұмысын арнайы комиссия тексеруде
- author AR-AY
- Бүгін, 17:50
- 1

Бұл туралы Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Әлеуметтік желі пайдаланушылары Меркі аудандық ауруханасында көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасы мен мекеменің материалдық-техникалық жабдықталмауына қатысты шағымданған.
Жиынға Астанадан келген ҚР Денсаулық сақтау министрінің тапсырмасына сәйкес Жамбыл облысына ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Нұрлан Айманов қатысты.
Ол Жамбыл облысы әкімінің тапсырмасымен құрылған арнайы комиссияны басқарады. Оның құрамына денсаулық сақтау басқармасы басшылығының, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ филиалының, ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті департаментінің өкілдері енген.
Комиссия барлық көрсетілген фактілер бойынша тексеру жүргізеді және оның нәтижелері бойынша қорытынды әзірлейді. Кінәлі тұлғалар заң талаптарына сәйкес жауапқа тартылатын болады.
Облыс басшысы осы және өзге түрлі келеңсіз жағдайларды болдырмау үшін барлық аудандық ауруханаға тексеру жүргізуді, жергілікті жерлердегі жағдайды егжей-тегжейлі зерделеуді тапсырды.
Ербол Қарашөкеев жауаптыларға облыстың медициналық ұйымдарында қажетті дәрілік заттардың жеткілікті қорын қамтамасыз ету, денсаулық сақтау нысандарының қызметіне бақылауды күшейту және көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасын арттыру бойынша кешенді шаралар қабылдау міндетін жүктеді.