
Облыс бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Еркін Елшібековтің айтуынша, биылғы жылдың 3 айында департаментке 409 өтініш түсіпті. Бұл өткен жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда 183 өтінішке көп, яғни өтініш саны 81 пайызға өскен. Оның ішінде 279 өтініш тұтынушылардың құқықтарын қорғауға қатысты болса, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 65 өтінішке артық. Бұл бойынша 2024 жылдың бірінші тоқсанында 214 өтініш түсіпті.
Сонымен қатар сауда қызметі саласында есепті кезеңде тұрғындар 129 жазбаша өтініш беру арқылы департамент мамандарының қызметіне жүгінген. Ол да былтырғы жылдың бірінші тоқсанда түскен өтініштер санынан 10 есеге артық. Бұл өсім азаматтардың сауда қызметіне қатысты мәселелерге қызығушылығының немесе белсенділігінің айтарлықтай артқанын көрсетсе керек.
– Тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы шағымдардың көбі бөлшек саудаға қатысты болып отыр. Ол бойынша шағым саны – 104, бұл жалпы шағымдар көлемінің 37,3 пайызын құрайды. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бөлшек саудаға түскен өтініштердің саны 13,2 пайызға азайды. Сонымен қатар бөлшек саудаға қатысты өтініштерде сапасыз тауарларды айырбастаудан немесе қайтарудан бас тарту, сондай-ақ 14 күнтізбелік күн ішінде тауарларды айырбастаудан немесе ақысын иесіне қайтармай қою секілді жағдайлар тұтынушыларды біздің қызметке жүгінуге мәжбүр етуде. 2025 жылдың алғашқы тоқсанында электронды коммерция секторындағы шағымдар санының айтарлықтай өсуі байқалды. Сұраныстардың саны 86,2 пайызға өсті. Соның арқасында бұл санат тұтынушыларға қызмет көрсету және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық сынды салаларды басып озып, сұраныс саны бойынша екінші орынға көтерілді. Білім беру қызметтері саласындағы сұраныстардың да қарқынды өскенін атап өткен жөн. 2025 жылдың бірінші тоқсанында 22 шағым түсті, бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,5 есеге көп. Аталған қызметтердің барлығы да онлайн режимде көрсетіліп, үміткерлер оқыту сапасына, сондай-ақ мұғалімдердің келісімшартты бұзудан бас тартуына көңілі толмайтынын білдірді. Бұл өсім тұтынушылардың онлайн білім беру сапасына деген қызығушылығы мен алаңдаушылығын, сондай-ақ осы саладағы келісімшарттық қатынастардағы ықтимал проблемаларды көрсетуі мүмкін, – дейді Е.Елшібеков.
2025 жылдың бірінші тоқсанында облыс бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті едәуір өтініштерді қарапты. Оның ішінде 250 өтініш қанағаттандырылса, бұл жалпы санның 65 пайызын құрайды екен. Тұтынушыларға 10,3 миллион теңге қайтарылып, 119 тұтынушыға қызықтырған сұрақтар бойынша түсініктемелер берілген. Сондай-ақ 15 сауал өз құзыреті шегінде басқа мемлекеттік органдарға әрі қарай қарау үшін жолданған, ал қалған 24-і орындалып жатқан көрінеді.
– Тұтынушылардың құқықтарын қамтамасыз ету және кәсіпкерлік қызметті бақылау аясында департамент тұтынушылардың арыз-шағымдары бойынша кәсіпкерлік субъектілеріне 60 жоспардан тыс тексеру жүргізді. Оның ішінде 52 тексеру сауда саласына қатысты болса, онда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бойынша сауда үстемеақысының мөлшерінен асып кету жағдайлары анықталды. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында тұтынушылардың арыз-шағымдарына жауап бермеу және сапасыз тауарларды айырбастау немесе қайтаруды қамтамасыз етпеу бойынша 8 тексеру жүргізілді. 8 тексеріс барысында 12 әкімшілік шара, кей жағдайда 2 құқықбұзушылық түрі көрініс тапты. Осы тексерістердің нәтижесінде 46 заңбұзушылық анықталды. Тәртіп бұзушыларға ескерту түріндегі 44 әкімшілік жаза, сондай-ақ жалпы сомасы 147,5 мың теңгеге айыппұл түріндегі 2 айыппұл салынды. Бұл шаралар заң талаптарының сақталуын қамтамасыз етуге және тұтынушылардың мүдделерін қорғауға бағытталған. Осы жылдың бірінші тоқсанында департамент әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын реттеу мәселелері бойынша мониторинг және түсіндіру жұмыстарымен белсенді түрде айналысты. Бағаның өсуін жедел анықтау үшін департамент аптасына 2 рет дүкендер, базарлар мен әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізеді. Мониторинг барысында бағаның ресми статистикадан асып кету жағдайлары анықталса, кәсіпкерлерге «Сауда қызметін реттеу туралы» Заңның талаптары бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіледі, – деді Еркін Кеңесбекұлы.
Департамент халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын да қарқынды жүргізуде. 2025 жылдың бірінші тоқсанында әлеуметтік желілерде 600 материал, сондай-ақ облыстық БАҚ-та 21 мақала жарияланыпты. Сонымен қатар Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің сайтында 12 материал жарық көріп, облыстық радиода департаменттің бір қызметкері сұхбат беріпті. Халықты ақпараттандыру мақсатында өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында 7 «Ашық есік» күні ұйымдастырылып, 2 рет брифинг өткізілген.
Бұл іс-шаралар тұтынушылардың құқықтары туралы халықтың хабардар болуын арттыруға, сондай-ақ сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы заңнаманың сақталуын қамтамасыз етуге септігін тигізуде.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ