
Мәселен Дінмұхамед Қонаев атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының директоры Гүлфайруз Іңкәрбекованың айтуынша, бүгінде жас та, жасамыс та, бала да, қария да кітап оқуға ден қоя бастаған. Тіпті оқырмандардың басым бөлігін жастар құрап келеді.
«1986 жылдан бастап жұмыс істеп келе жатқан кітапхананың қорында бүгінгі күні 110 000-нан астам кітап болса, шамамен 46 мыңы мемлекеттік тілдегі кітаптар, қалғаны орыс және ағылшын тілдеріндегі әдебиеттер.
Кітапханада оқырмандарға қызмет көрсету, балалар, негізгі қорды сақтау, кітаптарды өңдеу және цифрлы түрде қызмет көрсету сныды бірнеше бөлім жұмыс істейді. Біз қаладағы барлық мектептермен келісімшартқа отырып, жыл басынан бері жоспарға сәйкес түрлі іс-шаралар өткізіп жатырмыз. Балалар мен жасөспірімдер үшін арнайы мүмкіндіктер қарастырылған. Олар кітапханадан қызықтырған тақырыптар бойынша ақпарат тауып, сұрақтарына жауап ала алады. Мамандарымыз оқырмандарға қажетті кітаптарды таңдауға, іздеуге көмектеседі, – дейді Гүлфайруз Іңкәрбекова.
Руханият ордасында қолға алынған түрлі жобалар арқылы кітапхана қызметінің қоғамдағы рөлін нығайту, жас буынды кітап оқуға ынталандыру және рухани дамуға жол ашу мақсат етіліпті.
– «Кітап оқы – арманға ұмтыл» жобасы ең белсенді оқырманды анықтауға бағытталған. Жеңімпазды кітапхана атынан марапаттап, арнайы сыйлықтар табыстаймыз. «Интелектум» да атап өтуге тұрарлық ерекше жоба. Қоғамда цифрлық аутизмге шалдыққан және мүмкіндігі шектеулі балалар өте көп. Біз олар үшін логикалық ойындар, дамытушы пазлдар ұсынамыз. Баланың ойлау қабілетін дамытатын түрлі құралдармен жұмыс істейміз. Одан бөлек отбасылық бағыттағы «Жедел жәрдем» әлеуметтік жобасы да оқырмандарымыздың көңілінен шығуда. Біз ауруханалармен ынтымақтастық орнатып, сол жердегі балаларға барып, жеке кітапхана төлқұжатын ашамыз. Олардың сұранысындағы кітаптарды жеткізіп береміз. Сонымен қатар, логопедиялық қызметіміз де бар. Тілі кеш шыққан немесе сөйлеуде қиындық көретін балалармен арнайы мамандар жұмыс істейді. Жастардың назарын әдебиетке ерекше формат арқылы аударту мақсатында комикс орталығы ашылған. Комикстарды оқырмандарымыздың жас ерекшеліктеріне қарай және қызығушылықтарына қарай топтастырамыз, – дейді кітапхана директоры.
Сымбат ҚУАНЫШ