
Қасиет дарып, құт қонған Әулиеата өлкесінде де денешынықтыру мен спортқа жіті көңіл бөлінген. Мәселен, өткен жылы өңірдің спорт саласын дамытуға 15,8 миллиард теңге қаржы қарастырылды. Осыдан-ақ, жергілікті билік тарапынан спортшыларға барынша жағдай жасалып жатқанын бағамдауға болады.
Жалпы, облыста 54 спорт мекемесі тұрақты жұмыс істеп келеді. Бұл мекемелерде 29 872 спортшы бар, 1 195 жаттықтырушы олардың талапқа сай жаттығуы жолында тер төгіп жүр. Қазіргі кезде өңірде спорттың 85 түрі қамтылған. 885 сайыпқыранымыз – түрлі деңгейдегі ұлттық құраманың мүшесі. Облыс спортшылары бүгінге дейін республикалық, халықаралық деңгейдегі жарыстарда 1 797 медаль иеленді. Оның 658-і алтын, 570-і күміс және 569-ы қола жүлде. Айта кетейік, былтыр 13 спорт кешені пайдалануға берілсе, оның 9-ы бюджет есебінен, 4-уі демеушілердің көмегімен бой көтерді. Ал, биылғы жылы бюджет есебінен 17 спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 14-і бюджет қаражатына салынатын болса, 3-уінің құрылысы «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры тарапынан жүргізілуде. Осылайша, осы жылы 6 спорт кешенін ел игілігіне беру көзделуде. Ал, қалған 11 ғимарат келер жылға өтпелі.
Естеріңізде болса, біздің аймақ былтырғы жылы еліміз бойынша «Үздік спорттық өңір» атанған еді. Сондай-ақ, өткен жылы бір спортшымыз еліміздің еңбек сіңірген спорт шебері, сегіз жерлесіміз халықаралық дәрежедегі спорт шебері және 84 саңлағымыз спорт шебері нормативін орындаған. Бұдан бөлек үш бапкеріміз еліміздің «Еңбек сіңірген жаттықтырушысы» атағына ие болды. Ендеше, Жамбыл жеріне «Жылдың үздік спорттық өңірі» атағының берілуі кездейсоқтық емес. Мамандардың айтуынша, бұл табыс төртжылдықтың басты додасы саналатын Париж Олимпиадасындағы тарихи жеңіспен тікелей байланысты.
– Париж төріндегі ХХХІІІ жазғы Олимпия ойындарында сан сүрлеуден сүрінбей өткен саңлағымыз Елдос Сметоварман-мақсатына қол жеткізді. Жерлесіміз төртжылдықтың басты додасында жарыс иесі Лука Мхеидзені өз көрермендерінің алдында тізе бүктірді. Шын мәнінде, Францияның мақтанышына айналған жігіт оңай шағылар жаңғақ емес еді. Мхейдзе Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, Еуропа чемпионы. Алайда, исі қазақтың өр мінезді өрені байрақты бәсекенің басты жүлдесіне таласу мүмкіндігін қалт жіберген жоқ. Соңғы үш Олимпиадада үш жүлде иеленген Елдостың Париждегі алтын жүлдесін жанкүйерлер 44 жыл күтті. Сайыпқыранымыз ақыры ел үмітін ақтады, – деді дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ернар Ибраимов.
Иә, өткен жылы өңір спортшыларының халықаралық додаларда жасындай жарқыраған сәттері аз емес. Сондай-ақ, өңірде бұқаралық спортқа мықтап бет бұрған тұрғындардың саны жыл санап артып келе жатқанын да атап өткен. Айталық, былтырғы жылы облыс халқының 41,2 пайызы спортпен тұрақты түрде шұғылдануға ден қойған. Осылайша, көрсеткіш алдыңғы жылдарға қарағанда едәуір артты. Ал, қазір облыс көлемінде 503,3 мың адам бұқаралық спортқа тартылған. Сонымен қатар, Паралимпиада ойындарына облысымыздан 4 спортшы қатысып, Жұмағали Нұрдәулет паражүзуден күміс медальға ие болды. Ал, дзюдодан ұлттық құрама мүшесі, жерлесіміз Ақмарал Науатбек 48 килограмм салмақ дәрежесінде (J2 санаты) финалдық кезеңде сынға түсті. Ол тәжірибелі франциялық спортшы Сандрин Мартинеттен басым түсіп, 10:0 есебімен жеңіске жетті. Ақмарал татамиде кездескен үш бәсекелесін де «иппон» ұпай санымен жеңді. Бұл – Қазақстанның Париж Паралимпиадасындағы екінші алтын медалі. Бұдан бөлек 8-13 қыркүйек аралығында Астана қаласында өткен V Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында 17 жамбылдық спортшы қатысып, 7 алтын, 7 күміс пен 4 қола, барлығы 18 медаль иеленді. Грек-рим күресінің шебері Ержет Жарылқасынның Әлем чемпионатында күміс жүлдегер атануы мен Азия чемпионатында топ жаруы да айтарлықтай жетістік. Бұл – жамбылдық спортшылардың ересектер арасындағы Әлем чемпионатындағы тұңғыш жүлдесі.
Есен ӨТЕУЛІ