
Сонымен қатар, мүгедектерді оңалту және мүгедек балаларды оңалтып бейімдейтін 9 орталық және орталықтың 1 филиалы жұмыс істейді. Орталықтарда бір мезгілде 606 мүгедек, оның ішінде 456 мүгедек бала бейімдеуден, оңалтудан өте алады.
Өткен жылы облыстық әлеуметтік оңалту орталығы «Әлеуметтік қызметтер порталы» арқылы 794 қызмет алушыларды қабылдап, оның 644-і орталықтан оңалып шықты. Қазіргі таңда орталықта 150 қызмет алушылар оңалту іс-шараларын қабылдауда. Биыл наурыз айында 218 қызмет алушы оңалту шараларын қабылдап шықты.
– Мүгедек балаларды оңалту және бейімдеу орталықтарында бір мезетте 456 бала оңалту шараларын қабылдай алса, бүгінде 121 бала оңалту шараларын қабылдап шықты. Одан бөлек, 2025 жылға аталған мекемелерге оңалту және бейімдеу іс шараларына облыстық бюджеттен 2 837,5 мың теңге қарастырылған. Орталықтағы ерекше қажеттіліктері бар адамдар ыстық тамақ және қажетті гигиеналық құралдармен, төсек жабдықтармен қамтылған. Қызмет алушыларды үйден орталыққа, орталықтан үйге тасымалдауға «ГАЗЕЛЬ» «ПАЗ» автокөліктері қарастырылып, толыққанды жұмыстар атқаруда. Қызмет алушы балалар әдістемелік тауарлармен, гигиеналық құралдармен, тұрмыстық қажетті заттармен қамтамасыз етілген. Балалар 2 мезгіл аспен қамтылған. Өзіне-өзі толық қызмет жасай алмайтын балаларды орталық қызметкерлері тамақтандырады, шешіндіріп-киіндіреді, жөргегін ауыстырады, қажетіне қарай жүріп-тұруына және басқа да қызметіне көмек көрсетіледі. Барлық қызмет алушы балалар сабаққа қажетті құрал-саймандармен қамтылған, – дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Еркін Келесов.
Оңалту орталықтарында арнайы жабдықталған емдік дене шынықтыру залы бар. Залдың еденіне қауіпсіз, жұмсақ мата төселген.