
5 сәуір күні Ақтау қаласында «Ақтау – Түркі әлемінің мәдени астанасы 2025» жылының салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Бастапқыда дрон операторлары мерекелік тойға 50 мыңға жуық халық жиналған деп болжаса, кейінірек халықтың саны 100 мыңдай болғаны анық көрінді.
Ашылу салтанатына Халықаралық түркі мәдениеті ұйымына (ТҮРКСОЙ) мүше елдердің – Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Түрікменстан, Түркия және Өзбекстанның мәдениет министрлері мен өкілдері қатысты. Құрметті қонақтар қатарында Түркі мемлекеттері ұйымының өкілдері және Мажарстан делегациясы болды.
Мерекелік бағдарлама түркі әлемінің ортақ мәдени мұрасын танытқан хореографиялық және вокалдық ұжымдардың өнер көрсетуімен өрбіді.
Каспий теңізінің жағалауында өткен ауқымды шараны жүз мыңнан астам көрермен тамашалады. Олардың қатарында жергілікті тұрғындар, Қазақстанның түрлі өңірлерінен және шет елдерден келген қонақтар да бар.
Салтанатты кештің басты нысандарының бірі – «Дархан дала» этноқалашығы болды. Бұл – қазақтың дәстүрін, Маңғыстаудың киелі мұрасын және түркі халықтарының тарихын насихаттауға арналған бірегей мәдени кеңістік.
Іс-шара аясында ТҮРКСОЙ-ға мүше елдердің суретшілері мен қолөнершілерінің көрмесі де ашылды.
Мерекелік кеште Ақтау аспанын ерекше таңғажайып көрініске бөлеген дрон шоуы өтті. Бір мезетте 500-ден астам дрон көкке көтеріліп, Қазақстанның туы, Маңғыстаудың табиғатына тән жануарлар мен бозжыра тауы, халықаралық шараның логотипі және қазақтың ұлттық мәдениетінің элементтері бейнеленді.
Ұқсас жаңалықтар
Қазақстанда зергерлік бұйымдарды сатудың жаңа ережелері әзірленді
- авторAR-AY
- Бүгін, 11:13