Cardiff университеті 2025 жылы Қазақстанда жаңа кампус ашады
- author AR-AY
- 20 наурыз, 2025
- 54

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәлімедеуінше, бұл маңызды қадам университеттің жаһандық дамуын жалғастырып, Орталық Азияда әлемдік деңгейдегі білім беруді қамтамасыз етуге деген ұмтылысын білдіреді.
Үздік білім беру дәстүрі: Russell тобы Қазақстанда
Ұлыбританияның жетекші зерттеу университеттерін біріктіретін беделді Russell тобының мүшесі ретінде Cardiff университеті Астана қаласындағы жаңа кампусына 140 жылдан астам академиялық тәжірибе, инновациялық зерттеулер мен әлеуметтік әсерін алып келеді.
Cardiff университеті Қазақстанда 2025 жылы STEM (ғылым, технология, инженерия және математика) және бизнес бағыттары бойынша дайындық бағдарламаларын іске қосады, ал 2026 жылы бакалавр бағдарламалары ашылады. Студенттер Cardiff университетінің білікті оқытушылары мен зерттеу тәжірибесіне қол жеткізе отырып, жаңа салаларда және жаһандық еңбек нарығында қажет дағдыларды игереді.
Астана кампусы коммерциялық емес ұйым болып табылатын «Qualified Centre of Education» (QCEF) Қоғамдық қорымен бірлесіп дамуда.
Cardiff университеті сондай-ақ Қазақстан үкіметімен тығыз жұмыс істеп, алғашқы үш жылда 500-ге дейін толық қаржыландырылатын шәкіртақы бөлуді қамтамасыз етеді. Бұл бастама қазақстандық дарынды студенттердің жаңа кампуста жоғары сапалы білім алуына мүмкіндік береді.
Жаһандық білім беру орталығы
Қазақстанның қарқынды дамып келе жатқан экономикасы оны жоғары білім берудің маңызды орталығына айналдыруда. Қазақстанның білім беру жүйесін халықаралық деңгейге көтеру жөніндегі бастамалары Cardiff университетінің жаһандық әріптестікті дамыту және жоғары сапалы білім беру мүмкіндіктерін ұсыну миссиясымен үндеседі.
Cardiff университеті Қазақстан үкіметінің әртүрлі білім беру мүмкіндіктерін кеңейту стратегиясына айтарлықтай үлес қосады, әлемдік деңгейдегі академиялық бағдарламаларды қазақстандық және халықаралық студенттерге ұсынбақ. Кампус толық іске қосылғаннан кейін жылына 2500-ден астам студентті қабылдайды, бұл аймақтың білікті кадрларын даярлауға және экономикалық дамуына ықпал етеді.
Бұл туралы Cardiff университетінің президенті және вице-канцлері профессор Венди Ларнер:
«Қазақстандағы Cardiff университетінің кампусы ашылатын мүмкіндіктерге қуаныштымыз. Қазақстан үкіметімен, инвесторлармен және басқа да мүдделі тараптармен кең көлемде жүргізілген талқылаулар негізінде бұл бастама екі жаққа да тиімді болатыны айқын көрініп отыр».
Сондай-ақ «Qualified Centre of Education» (QCEF) Қоғамдық қорының директоры Қуаныш Күчекбаев бұл жобаның стратегиялық маңыздылығын атап өтті:
«Cardiff университетінің Астанадағы филиалының ашылуы – жоғары білікті мамандарды даярлауға және өңір мен ел экономикасының тұрақты дамуына ықпал ететін стратегиялық маңызды жоба».
Cardiff университетінің Қазақстандағы кампусы Ұлыбритания мен Қазақстан арасындағы білім беру, инновациялар мен зерттеулер саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған жоғары білім беру саласындағы маңызды бастамаға айналады.
Ұқсас жаңалықтар
Қазақстанда зергерлік бұйымдарды сатудың жаңа ережелері әзірленді
- авторAR-AY
- Бүгін, 11:13