Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қоқыс қалдықтарынан жасалған құрылыс желімі

Қоқыс қалдықтарынан жасалған құрылыс желімі
Ашық Дереккөз
Қазір әлемді қатты алаңдатып отырған өзекті проблеманың бірі – пластикалық қалдықтарды қайта өңдеу. Әсіресе табиғи жолмен ыдырамайтын және ұзақ жылдар бойы жиналып, экологиялық тепе-теңдікті бұзатын пенопластың қоршаған ортаға тигізетін зияны орасан.

Әлемде пластмассаны қайта өңдеудің түрлі әдісі бар. Мысалы, Жапонияда пиролиз әдісі арқылы пайдалы химиялық қосылыстар алынса, Германияда пенопластан қаптама материалдары мен маталар өндіріледі. Қытайда бұл материал құрылыс индустриясында белсенді қолданылады.

Осы озық тәжірибелерді ескере отырып, Тараз қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Әлия Жарқынова пенопласт қалдықтарын қайта өңдеу арқылы құрылыс желімін ойлап тапты. Зерттеу жұмыстары экономика магистрі, Назарбаев зияткерлік мектебі директорының орынбасары Әлия Жусанбаеваның жетекшілігімен жүргізіліпті. Жоба барысында пенопласты қайта өңдеудің теориялық әдістері жан-жақты зерттеліп, шетелдік тәжірибелер талданған.

– Жобаны жүзеге асыру барысында пластикалық қалдықтардың қайта өңдеуге жарамдылығын жан-жақты зерттедік. Қайта өңделген пенопластан жасалған кілей сапасы жағынан нарықтағы өнімдерден кем түспейді, ал өндіріс шығыны әлдеқайда төмен. Бұл әдіс қалдықтардың қоршаған ортаға тигізетін зиянын азайтуға және экологиялық таза өндірісті дамытуға мүмкіндік береді, – дейді Ә.Жарқынова.

Пенопластан құрылыс желімін жасау технологиясы салыстырмалы түрде қарапайым. Алдымен қалдықтар тазартылып, ұсақталады. Содан кейін олар арнайы ерітіндіде ерітіледі. Желімнің жабысқақтық қасиеттерін жақсарту үшін арнайы компоненттер қосылады. Дайын өнім әртүрлі құрылыс материалдарында сынақтан өткізіліп, оның сапасы тексеріледі.

Экономикалық тұрғыдан алғанда бұл әдіс өте тиімді. Бір литр желім өндіруге шамамен 300 теңге жұмсалады, ал осындай өнімнің нарықтағы бағасы 800 теңгеге дейін жетеді. Егер өндіріс ауқымы кеңейсе, бұл жоба үлкен табыс әкелуі мүмкін.

Бұл бастама экологияны қорғауға, пластикалық қалдықтарды азайтуға және қайта өңдеу саласын дамытуға үлкен үлес қосады. Сонымен қатар сапалы әрі қолжетімді құрылыс желімі құрылыс нарығында сұранысқа ие өнім болмақ.

– Экологиялық мәселелерді шешудің ең тиімді жолы – қалдықтарды қайта өңдеу. Бұл жоба экологиялық тұрақтылықты сақтауға және «жасыл экономикаға» үлес қосуға бағытталған. Әлияның жұмысы – жас ғалымдардың инновациялық идеяларының қаншалықты маңызды екенін көрсетеді, – дейді жас ғалымның ғылыми жетекшісі Маржан Қалмаханова.

Алдағы уақытта желімнің құрамын жетілдіру арқылы оның сапасын одан әрі жақсарту жоспарланып отыр. Сонымен қатар, Назарбаев зияткерлік мектебінде экологиялық таза технологияларды насихаттайтын білім беру бағдарламасы әзірленуде.

Әлияның жаңашыл жобасы экологиялық мәселелерді шешудің тиімді жолдары бар екенін дәлелдеді. Пенопластты қайта өңдеу – табиғатты қорғауға және тұрақты дамуға бағытталған маңызды қадам. Осындай бастамалар көбейген сайын, өнеркәсіп пен қоршаған орта арасындағы тепе-теңдікке қол жеткізуге мүмкіндік туады.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар