
Журналист Әкебай Ертайдың «Жоғалған әйел» атты әңгімесі қоғамда орын алған келеңсіз жәйттардың бірін сипаттайды. Жоғалған әйелдің аты-Айнаш. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен ауыл адамдарының қимылынан ешнәрсе өнбейді. Ал Айнаштың ет жақын туыстары шарқ ұрып іздегенмен табыла қоймайды.
Айнаштың күйеуін қаламгер: «Күйеуі Дәукен кеңшарда инженер болып істеген. Бұл өзі жігіт болғанда да сол көп жігіттердің ішіндегі жалындап тұрған бір «жампозы» тұғын. Істесе қолынан іс, сөйлесе ауызынан сөз келетін...» деп сипаттайды.
Бірақ, Дәукеннің аяқ-қолы аяқ астынан сал болып, өз шамасымен қадам басып жүре алмай қалады. Ал Айнаш болса сүйіп қосылған жолдасы Дәукеннің қиын жағдайына қарамай, «әй» дейтін әже жоқ, «қой» дейтін қожа жоқ, үйінен қалаған уақытында шығып, жеңіл жүріске салынып кетеді. Ақыры айтқанын тыңдамайтын болған соң Дәукен Айнаштың қолынан ұстап алып, тұншықтырып өлтіреді. Дәукен әйелінің өлі денесін жұрттан жасырып, балтамен майдалап пешке жағып жібереді. Ақыры анасының шашын тауып алған қызы сезіп қояды да, Дәукен ұсталып, сотталып, еңбекпен түзеу колониясына айдалады.
Әңгіменің қысқаша мазмұны осы. Қаламгер желісі ұзақ хикаятқа құрылатын оқиғаны қысқа әңгімемен аяқтайды. Қоғамдағы мұндай қайғылы оқиғаға кінәлі Айнаш. Дәукен де аяқ астынан жауыздыққа барып, әйелін өлтіреді.
«Өгей шеше» әңгімесінде анасынан айырылып, жетімдіктің азабын басынан өткізген Азаттың қиын, азапты күндері суреттеледі. Адамгершіліктен ада болған өгей шешесі Шайбаланың қылығы оқырманды елеңдетіп, күйіндіріп отырады. Шайбала Азатты ыстық ықыласқа бөлемейді. Шыбықпен арқасын осып-осып жіберіп, қызыл ала қан қылады. Шайбаланың айтқанынан шыға алмайтын күйеуі, Азаттың әкесі адуын, көкбет әйелдің алдында дәрменсіз. Шайбаланың айтқанынан шыға алмайды. Шайбала Азатқа қорлық көрсетуімен қоймай колхозшы келіншектің қолын кетпенмен шауып жарақаттайды.
Азат үйден безіп кетеді.
Ақыры Сапар мүгедек болып қалады. Ал Шайбаланың екі көзі көрмей, соқырға айналады. Кешегі шыбықпен ұрып сабаған Азат өз бетімен өмір сүріп жатады.
Әңгіменің негізгі лейтмотиві-қатыгездік жасаған адамдардың түбінде қарғысқа ұшырайтындығы. Оқырман қатыгез әке Дәукен («Жоғалған әйел») мен қатыгез шеше Шайбаланың («Өгей шеше») істеген қылықтарына «Әттеген-ай!» деп бас шайқайды.
«Жәй ғана айтыла салған бір ауыз сөз жәй көрінгенмен, қазекеңнің әрбір мақалы кәдімгі өмірдің ортасынан ойылып алғандай-ау. Оның шындықтан туғанына шүбә келтіре алмайсың...» деп басталатын «Бақ қонбайтын жігіт жоқ» деген әңгімесі өзі туып-өскен ауылына бастық болып келіп, менменсінген Қожанның қолайсыз мінезін, теріс іс-әрекетін баяндайды. Әдетте, қазақ халқында «Ұлық болсаң кішік бол», деген қанатты сөз бар. Кешегі ауылдың «қарасирақ» баласы жоғарғы оқу орнын бітіріп келіп, ауылға бастық болып тағайындалғанда ауыл ақсақалдарының ашуына тиіп, олардың айтқан жылы сөздерін тыңдамай, менмендік көрсетуі оның осы лауазымда ұзақ істей алмайтынын дәлелдеген еді. Қожанның өрескел тәкаппарлығы оның түбіне жетіп тынады.
Журналист «Нашақордың ақыры» әңгімесі арқылы қолдан жасалған тажалдың жастардың басына қара бұлт болып үйіріліп, адам өмірін әп-сәтте қиятынына көз жеткізе түседі.
Есірткіге елтіген Саян төрт баласымен, әйелінен айырылып жалғыз қалады. Анасы баласының есірткіге жақын болғанына жаны ашып, іштей күйзеліп өмірден озады. Әкесі тұрмысқа шыққан қызын паналайды.
Саян өзіне ұқсаған нашақор жігіттерді бос қалған үйіне жинап, есірткі сатумен айналысады. Ақыры жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүріп, оңай олжаға батқысы келген жігіттер жиналған қаржыны бөлісе алмай жанжалдасып қалады. Соңында сыбайластары Саянды өлтіріп, қол-аяғын байлап өзенге ағызып жібереді.
Жазушы ағыны қатты өзенге ұқсаған адам өмірінің қысылтаяң шақтарын осылай суреттей отырып, өскелең ұрпақтың жаман әдеттен сақтану қажеттігін алға тартады. «Адам болып дүниеге келдің бе, адамша өмір сүр. Қатыгездік пен зұлымдық адамның қас жауы» деген ұстанымды меңзейді. «Жоғалған әйел» әңгімесіндегі Дәукеннің әйелі Айнаштың да қателігі бар, өгей шеше Шайбаланың күйеуі Сапардың да кемшілігі көзге ұрып тұр. Азатты шыбықпен ұрып жаралағанда асқар таудай әке Шайбалаға ләм-мим демейді. Ал Қожан жас кезінен тәрбие көрмеген адам.
«Перзентсіз өткен ғұмыр» әңгімесінде жазушы толғанысы кімді болса да терең ойға жетелейтіні анық. Олай дейтініміз әңгімедегі Мәстура өмір бойы Жаратқан иеден перзент сұрап, жалбарынып жүрген ұстаз әйел.
Бір перзент сүюге зар болған Мәстураның келмес сапарға аттанған сәтінен басталған әңгіме оқырманды баурап алатыны даусыз. Халық әртісі, өнер қайраткері Мәстура туралы еске түсіру сөзін тебіреніп тұрып айтады: «Мәстура апай ұстаз ғана емес, халықтың анасындай болған адам. Мына, мен өзімді ол кісінің алдында күні бүгінге дейін шәкірт санап келдім. Себебі, апай менің өнер жолында абырой, атақ пен биікке жетуіме бірден-бір себепші кісі. Мен ол кісіні үлкен өнерге құлаш ұрардағы алғашқы ақылшым санаймын. Аяулы ұстаз, мейірімді ана сіздің рухыңызға әрқашанда тағзым етіп, басымды иіп өтермін...»
Шәкіртінің бұл сөзінен Мәстураның шын мәнінде халық мұғалімі болғаны дәлелденіп тұр.
Сұрапыл соғыстың зардабы зілбатпан. Әкеден балаға, баладан немереге, немереден шөбереге ұласып келе жатқан соғыс қасіреті ұзақ жылдарға дейін ұмытыла қоймайтыны белгілі.
Мәстура әкесі соғыста қаза тауып, шешесі екеуі ғана қалады. Аудандық оқу бөлімінде мектептер жөніндегі инспектор болып еңбек ететін Тұрар деген оқымысты жігітті ұнатып, соған тұрмысқа шыққан Мәстура бала көтере алмайды. Соғыстан қайтпай қалған әкесінің қазасы бірінші қасіреті болса, мұнысы екінші уайымы. Мәстураның Тұрармен өмірі тату-тәтті болса да сәби сүймеген ерлі-зайыптылар арасында мұңға бататын сәттері де жоқ емес. Ақыры еліне қалтқысыз қызмет етіп, бір перзент сүйе алмаған Мәстура осылай дүниеден озды.
Әкебай Ертаев Мәстура арқылы соғыс қасіретіне назар аударады, екінші әйел бақыты туралы сөз өрнектейді. Жазушының тағы бір алға қойған мақсаты-соғыс қасіретін көрген ананың бала сүйе алмай өткенін айтпақ болғаны. Суреткер осыны шығарманың түйіні етіп алады. Оқырманға ой салады.
«Құдағи мен құдабала» атты әңгімесі Нұржан мен Ғайшаның үйлену тойында құда бала Сержан мен құдағи Жібектің арасындағы жалт етіп жанған махаббаттың жалп етіп сөне қалғаны баяндалады. Тойда құмарын қандыра би билеген Сержан Жібекке ұнап қалады. Вальс билеп жүрген Жібек пен Сержанның бір-біріне деген ынтықтығы аяқ астынан басталады. Жазушы оны былай жеткізеді: «Туу, құда бала-ай! Денең неткен ыстық еді, сонша? Күйдіріп-жандырып, бара жатырсың ғой, тегі,-деп Жібек сылқ-сылқ күліп, Сержанға бұрынғыдан да тығыла түсті. Үнінде әзілден көрі әлдеқандай наздықтың нышаны басымдау еді сол жолы.
- О не дегеніңіз, құдағи?! Әлден қызуымыздан айырылсақ, кім болғанымыз?-деп Сержан да құдағиын бауырына қарай тарта түсті. Жібектің келісті келбеті қызықтырғаны сонша, жігіттің тұла бойы қорғасынша балқып, еріп бара жатқандай еді...»
Жібек Сержанды сауда-саттықпен айналысу үшін Ақтауға алып кетеді. Екеуі бір пәтерді жалдап саудамен айналысады. Бірде мыңдаған долларды беліне байлаған Сержан Бішкекке кетіп, қайта оралмайды. Тауар аламын деген ақшасын алаяқтармен карта ойнап, ұттырып қояды. Ал, Жібек қайта оралмаған Сержанды күтеді. Сержанның опасыз екенін сезіп, ішімдікке салынады. Жібектің туыстары оны Ақтаудан таба алмайды.
Қаламгер Жібек пен Сержан арасындағы жылт еткен жалған махаббатты суреттей отырып, қалың оқырманға терең ой салады. Адам тағдыры қатал сынақтарға төзе білуі керек. Аяғыңды шалыс бассаң шыңнан төмен қарай құлдырайсың. Сержан мен Жібек өмірде қатты адасады. Осындай адасушылыққа тап болмау үшін жазушы оқырмандарын таза жүруге, адал болуға үндейді.
Меңдібай Әбілұлы,
филология ғылымдарының кандидаты,
Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
Ш. Мұртаза атындағы халықаралық
Тараз университетінің профессоры