
Расында жұртымыз итті үйге үйретіп, аңшылыққа, малшылыққа жетектесе, енді бірде тазы жарыстырып, бәйге ұйымдастырған. Ал бүгінгі қоғам мүлде бөлек. Ауылдағы шағын алқаптан басталған ит төбелес үлкен ареналарда ұйымдастырылуда. Мәселен Мойынқұм ауданының тұрғыны, мұндай жарыстарға белсене қатысушы Елжан Рыспаев ит төбелесі спортының да өз ережесі бар екендігін айтады.
– Иттер белгілі бір салмақ бойынша сынға түсіп, жеңісіне қарай атақ-дәрежеге ие болады. Олар үш салмақ бойынша, яғни 54 келіге дейін жеңіл салмақ, 64 келіге дейін орташа, ал одан жоғарылар ауыр салмақта күш сынасады. Алаңға шыққан иттерге халықаралық дәрежедегі төрешілер төрелік етеді. Төбелес кезінде екі иттің күші тең түсетін жайттар жиі орын алады. Мұндай кезде төрешілер он секунд уақыттан соң иттерді бір-бірінен айырып, он бес минуттан кейін иттер алаңға қайта шығады. Егер осы уақытта иттің бірі төбелеске шықпай, жатып алса, жеңіс қарсыласына беріледі. Төбелес кезінде иттің жеңілгенін даусынан аңғаруға болады. Ұтылған ит қыңсылап, ырылдап, тістерін ақситады. Кейбір иттер жеңілгенін сезсе, құйрығын артқы аяқтарының арасына тығып алып, алаңнан сытылып шығады, – дейді Елжан.
Ит ұстаушылар үлкен айқастарға төбет, алабай секілді иттердің тұқымдарын шығарады. Облысымыздағы «Борзый» мен «Тайсон» есімді чемпион иттердің иесі итте мінез болмаса дайындықтан пайда жоқ дейді.
– Бала күнімнен төбетке жақын болып өстім. Талай-талай тартысты төбелестерді де көрдік. Алайда мұнымен айналысуға уақыт болмады. 2021 жылы оқуымды аяқтап, ауылға келгеннен кейін бұл іске бет бұра бастадым. Төбетті 9-10 айлық кезінен дайындап бастайды. Серуенге шығарады. Тауға 5-6 шақырымға жүгіртеді. Итті тас жолмен жүгіртуге болмайды. Табаны ойылып кетпес үшін топырақты жерлермен жүргізеді. Адамға үйрету де маңызды рөл атқарады. Себебі төбелес алаңында көрермендердің айқай-шуынан шошынып қалмас үшін адамдар арасына бейімдейді. Ол 2 жарым жасқа дейін жас төбеттер арасында белдеседі. Одан кейін ересектер арасында сынға түседі. «Борзый» есімді итімді күшік кезінен үйрете бастадым. Алайда «Борзыйды» үлкен аренаға 5 мәрте ғана шығардым. Еншісінде үш жеңіс, екі жеңіліс бар. Одан кейін «Тайсон» атты төбетті Алматыдан алдырдым. Ол кезде екі жасар еді. Тайсон 2024-2025 жылдар аралығындағы «Алашорда» жас төбеттер айқасында жеңімпаз атанды. Әрине сайыс болған соң жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді. Мұндай сәттерде ит иелерінің дайындау әдісі әртүрлі болып келеді. Бірі ит мойнындағы қарғыбауына қорғасын құйып, салмағын ауырлатады. Бұл ит мойынының қатты әрі берік болуына арналған. Ал енді бірі мойынына жіппен балон байлап, оны сүйретеді. Жалпы итте мінез болмаса дайындықтан пайда жоқ, – дейді ол.
Кейіпкерлеріміздің сөзіне сүйенсек, ит төбелестеріне түрлі ұтыстар тігіледі. Тіпті халықаралық турнирлер ұйымдастырылып, финалға жолдама алған ит иелеріне бір-бір көлік беріліп, жеңімпазға қосымша қаражат табысталады екен. Ал жануарларды қорғау орталығы мен ұйымдарының сөздерінше бұл спорт түрі адам бойындағы мейірімділікті жоғалтады дейді. Себебі жарыста жеңіліп, әбден сілікпесі шығып, қансыраған итті емдеу қымбатқа түседі. Сосын иесіне адал дос болған жануар байқұс қажетсіз қоқыс сияқты далаға тасталатын көрінеді. Әрбір орталықтан мұндай жүзге тарта иттер кездескен екен.
Асыл дінімізде мұндай спорт түрлеріне тыйым салынғаны белгілі. Себебі саған зиян келтірмеген жәндік немесе жануарға зиян келтіру жақсы іске алып бармайтыны айтылады. Жамбыл аудандық Бәйдібек мешітінің бас имамы Дәурен Құттыбаев мұны растап отыр.
– Шариғатымызда зиянсыз болған нәрселерге тиісуге немесе оларды қорлауға тыйым салынған. Әрине кейбір өлтіруге бұйырылғандары да бар. Саған зиян немесе қауіп әкелсе, үйге кіріп кеткен жағдайда, сондай-ақ намазда тұрғанда шағады-ау деген нәрселерге зиян келтірген есебінде қарсы тұруға болады. Ал енді итті төбелестіріп, қорлап, оны өлімге дейін әдейі апару дегенге мүлдем рұқсат жоқ. Себебі мұның артында да тағы бір тыйым салынған іс-әрекет анықталады. Өйткені иттер жайдан-жай төбелеспейді. Алаңға белгілі бір ұтысқа шығады. Ал айналасындағылар мұны тамашалап отырып, бәс тігеді. Бәс тігу, құмар ойын дегендерге дінде рұқсат жоқ. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) осыған қатысты бір хадисінде: «Біреуге мейірімділік жасамаған адамға мейірімділік жасалмайды», дейді. Сондықтан өзі мейірімді болмаған жан өзгеден мұндайды күтпесе де болады. Бір ит немесе мысықтың өзіне қиыншылықта су беріп, көмектескен адам жәннаттық болды деген де мәліметтер бар. Сол себепті жануарларға мейірімділікпен қарайық, – дейді Дәурен Нұржанұлы.
Ел ішінде кеңінен таралған ерекше спорт түрінің тағы бір түрі – қораз төбелестіру. Негізінде қораз төбелесін ұйымдастыру және оларды арнайы баптау көптеген елде жануарларға жасалатын қатігездік ретінде қарастырылып, заңмен тыйым салынған екен. Дегенмен, кейбір аймақтарда мұндай төбелестер әлі де жасырын өткізіледі. Бүгінде құқық қорғау қызметкерлері мұндай спортты ұйымдастырушыларды, қатысушыларды және көрермендерді де ұстап жатыр. Маңыздысы әтештер төбелесін көруге келетін адамдардың қарасы қалың. Бұл спортқа да қомақты қаражат пен бағалы сыйлықтар тігіледі екен. Облысымызда мұндай жарыстар өткізілмегенімен өзге облыстарда чемпион атанып жүрген қораздарымыз баршылық. Мәселен есімін жасыруды сұраған Е есімді кейіпкеріміз қораздың түр-түрі болатынын айтып берді.
– Менің жауынгер 3 қоразым бар. Әрқайсысы жас ерекшелігіне қарай өз деңгейлерінде төбелеседі. Арнайы чемпионаттардан бөлек жолдастық кездесулер де ұйымдастырылып тұрады. Мұндай кезде ұтысқа 400-500 мың теңге көлемінде тігілетін кездер болады. Ол әрине алыс аймақтардан арнайы келіп отырған жағдайда ғана. Ал менің «Тұйғын» есімді қоразым Алматы қаласында өткен халықаралық чемпионатта жеңімпаз атанды. Қазір Тұйғын ел ішіндегі арнайы кездесуге бір миллион теңгеден төмен шықпайды. Сондай-ақ көп адам қызығушылық танытып, қомақты қаржы ұсынып, сатып алуға ниет білдіріп отырғандар да бар. Мен оны сатуға қарсымын. Қоразды төбелеске икемі бар етіп үйретудің сырымен бөлісейін. Мұндай қораздар белгілі бір тұқымнан таңдалады. Олар көбіне агрессивті мінезімен ерекшеленеді. Қораздарға жоғары ақуызды тағамдар берілуі керек. Бұлшықеттерін қатайту үшін қосымша дәрумендер мен минералдар қоса беріледі. Сонымен қатар қораздарға шабуылдау, секіру, қашу сияқты әдістер үйретеміз. Оларды арнайы алаңдарда бір-бірімен төбелеске де алдын ала дайындаймыз. Кейбір жағдайларда қораздардың табиғи тырнақтарын өткірлеу немесе металл қанжарлар тағу арқылы төбелесті қауіпті ететін жайттар көптеп кездеседі. Қоразды агрессияға үйрету үшін басқа қораздармен байланысын шектеп, тек төбелес алдында қарсыласын көруге мүмкіндік береді, – дейді кейіпкеріміз.
Көптеген елдерде қораз төбелесін ұйымдастыру заңсыз және қатігездік болып саналатынын айтып өттік. Қораздар төбелес кезінде ауыр жарақат алып, көбіне мұндай сайыс соңы өліммен аяқталып жатады. Құқық қорғау органдары мұндай әрекеттерге заңмен тыйым салады. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 316-бабына сәйкес жануарларға қатігездік көрсету, соның ішінде жануарларды төбелеске пайдалану заңсыз болып табылады және әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке әкеледі. Мұндай іс-әрекеттер үшін айыппұл салу, қоғамдық жұмыстарға тарту немесе бас бостандығынан айыру жазалары қарастырылған. Құқық қорғау органдары жануарларға қатысты қатігездік әрекеттерін анықтап, тиісті шаралар қолдануға міндетті.
Қазіргі таңда бастапқыда тек ермек ретінде қарастырылған бұл спорт түрлері елімізде кеңінен таралып, нағыз кәсіпқой деңгейге жетуде. Алайда бұл ойын-сауықтың астарында қатігездік пен жануарларға деген әділетсіздік жатқанын ескеру қажет. Иелері үшін бар күшін сарп етіп, өмірлері қыл үстінде өтетін бұл төбелескіш жануарлар көбіне ауыр жарақат алып, тіпті мерт болып жатады. Мұндай көріністердің жиілеуі жануарларға деген көзқарастың өзгеруін талап етеді. Сондықтан қандай жағдай болмасын, тіршілік иелеріне мейіріммен қарап, қатігездікке бой алдырмай, адамгершілік пен ізгілік қағидаларын ұстану – әрбіріміздің борышымыз.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ