Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Тұла бойы тұнған тағылым

Тұла бойы тұнған тағылым
Ашық Дереккөз
Өмірде жаны нәзік, көңілі биік, ал іске мығым әйелдерсіз қоғамды елестету еш мүмкін емес. Байыппен қарасақ, отбасымен қатар, елдік мүддені көздеп, партия, кеңес органдарында, мемлекеттік қызмет саласында абыройлы еңбек етіп, елдің дамуына елеулі үлес қосқан аналарымыздың есімдері әрдайым құрметпен аталады. Солардың қатарында партия, мемлекеттік қызмет саласының ардагері, Сарысу ауданнының Құрметті азаматы, Жамбыл облысының Құрметті ардагері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің, «Жамбыл облысына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері Тыныштық Бектөрееваның да орны бөлек.

Тыныштық Бегматқызы 1942 жылы 8 сәуірде Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Саудакент ауылында дүниеге келген. Балалық шағы Ұлы Отан соғысымен  тұспа-тұс келген ол қиын кезеңнің ащы дәмін тата жүріп, ерте есейді. Сол кездегі өзімен тағдырлас балалардың  өзі Отан үшін еңбек ету керек деген ұғыммен ер жетті. Жастайынан алғыр, пысық әрі білімге құштар болған кейіпкеріміз 1950-1960 жылдары Саудакент ауылында орналасқан орта мектепте оқып, аталмыш білім ордасының түлегі атанады. Болашақ мамандығына таңдау жасаған жан 1960-1964 жылдары Шымкент педагогикалық институтында орыс тілі және әдебиеті мамандығы бойынша білімін жетілдіріп шығады.

Мұғалімнің күнделікті елеусіз еңбегі елдің ертеңін, келешек келбетін  қалыптастырады. Міне, осы ретте теориядан бөлек, тәжірибеден көбірек сабақ алатын кейіпкеріміз өзінің алғашқы мансаптық жолына қадам басады. 1964 жылы Бүркітті елді мекенінде орналасқан М.Әуезов атындағы мектепке мұғалім болып жұмысқа орналасады. Іске деген ептілік, жауапкершілік пен тиянақтылық оның өмірінде алдыңғы орындағы дағдылар.  Адал еңбек абырой биігіне жетелеп, I969-1971 жылдар аралығында Жаңатас қаласындағы кешкі мектептің, 1971-1973 жылдары П.Морозов атындағы мектептің директоры қызметін атқарды.

«Саналы да ерікті еңбек қана адамды бақытқа кенелтеді», - дегендей, жастайынан талапшылдығымен және табандылығымен көзге түскен Тыныштық Бегматқызы 1973-1978 жылдары Халык депутаттары Жаңатас қалалык атқару кеңесінің жауапты  хатшысы, I978-1990   жылдары   Жаңатас қалалык атқару комитеті төрағасының орынбасары, 1990-1992 жылдары қалалық кеңестің аппарат жетекшісі қызметін абыроймен атқарды.

Ал 1992-1994 жылдары Жаңатас қалалық зейнетақы корының төрайымы, 1994-2000 жылдары Жаңатас қалалық және Сарысу аудандық мәслихатының хатшысы болды.

2000-2008 жылдары «Отан» Республикалық саяси партиясының Сарысу   аудандық   филиалы   төрағасының   бірінші орынбасары ретінде маңызды оқиғалардың басы-қасында болды. Ұтымды ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында талай саяси науқандардың өз деңгейінде өтуіне атсалысты.  Білсем, үйренсем деген жастарды да тасада қалдырмай, қолынан келген көмегін аямады. Ел иігілігі үшін аянбайтын Тыныштық Бегматқызы 2003-2007   жылдары   аралығында   үшінші    шақырылған Сарысу аудандық мәслихатының депутаты болып сайланды.

Оның ұзақ жылғы жемісті еңбегі, табысты жұмыстары, маңдай тері көп ұзамай-ақ абырой мен құрмет болып орала бастады. Еңбектері басшылық тарапынан жоғары бағаланып, көптеген марапаттарға ие болды.

Атап айтар болсақ, «Қазақстан Республикасының Парламентіне 10 жыл», «Қазақстан Республикасы Парламентіне 20 жыл», «Қазақстан мәслихаттарына 10 жыл», «Қазақстан  мәслихаттарына 20 жыл», «Қазақстан Конституциясының 20 жыл», «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 20 жыл»,  «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 25 жыл», «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 30 жыл», «Ерен еңбегі үшін» медальдары, «Жамбыл облысына сіңірген еңбегі үшін», «Сарысу ауданына сңірген еңбегі үшін» төсбелгілері,  сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Президентінің бірнеше Алғыс хаттары мен өзге де салалық мақтау қағаздар – осы сөзіміздің бір дәлелі. Бұдан бөлек, «Нұр  Отан» партиясының  «Белсенді қызметі үшін» төсбелгісімен және бірнеше рет облыс әкімінің, облыстық мәслихаттың Құрмет грамоталарымен марапатталған. Ал 2002 жылы «Сарысу ауданының Құрметті азаматы» атанды.

Талай басшылық қызметте болып, Жаңатас қаласының қалыптасуына, дамуына сүбелі үлес қосқан Тыныштық апайдың тұла бойы тұнған тағылым.

Жаңатас қаласы Кеңес Одағының тұсында фосфор кенімен аты шыққан шаһар. Ол кезде қаланың өндірісі дүркіреп, жергілікті тұрғындардың  саны 60 мыңнан асқан.

Осы Жаңатас қаласының әрбір тасы Тыныштық Бегматқызының көз алдында қаланды десек артық айтқанымыз емес. Сол кездерде қаланың дамығаны соншалық, 26 балабақша, 8 мектеп, 1 институт, 1 техникум, 1 училище, мәдениет үйлері, театр, балаларды сауықтыру лагерьлері және әр түрлі мекемелер қызмет етті. Автобаза, зауыттар, өндіріс орындары мен трест өз алдына бір төбе.  Жаңатастың құрылуы, қалыптасуы, өсуі және әлеуметтік-экономикалық жағынан дамуына өзіндік септігін тигізген Тыныштық апай Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы тоқырауда қаланың қираған, құлдыраған кезін де көз алдынан өткізді.

Ұзақ жыл Жаңатас қалалық атқару комитеті төрағасының орынбасары, Жаңатас қалалық және Сарысу аудандық мәслихатының хатшысы қызметтерінде жүргенде Тыныштық Бегматқызы Жаңатас қаласының дамуы үшін көп еңбек сіңірді.

Бала күнінен қоғамдық істерде белсенділік танытып жүретін жан қызмет барысында да тыным тапқан жоқ. Оның  мансаптық жолында тарихи сәттер көптеп орын алған-ды. Тыныштық Бегматқызының өзі есіне алған естеліктеріне көз жүгіртер болсақ, бірде Жаңатас қаласында ескерткіш тастың салтанатты жағдайда ашылуына орай, сол кездегі Жамбыл облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Бименде Сәдуақасов аталған шараға арнайы келеді. Осы салтанатты жиында жас мұғалім Тыныштық Бектөреева сөз сөйлейді. Екі тілде таза сөйлейтін жас маманның жалынды сөзіне ризашылығын білдірген бірінші хатшы «Бақытты бол, өркенің өссін, келешекте осы қаланы басқаратын өздерің боласыңдар» деп, батасын береді. «Батаменен ер көгерер» деген, үлкен кісінің батасы кейіпкеріміздің  еңбек жолының бағдаршамындай болды.

Екінші бір есіне жиі алып отыратын жағдай, Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Д.А. Қонаевтың Жаңатас қаласына келуі. Жалпы, Дінмұхаммед Ахметұлы Жаңатас қаласына екі рет келген. Республика басшысының  келуі қаланың дамуына тың серпін беріп, ол кісі шаһардағы әрбір атқарылып жатқан жұмыстарды тікелей өзі қадағалап отырған.

1985 жылы Д.А. Қонаев  Жаңатасқа келгенде күн тәртібіндегі протокол бойынша шәй құю Тыныштық Бегматқызына жүктелген.

– Шыны кесені ұсынып жатқанда қолым дірілдеп кетті. Бұған облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Хасан Бектұрғанов, облыстық атқару комитетінің төрағасы Сейілхан Аққозиев екеуі еріксіз күліп жіберді. Сол кезде Димекең «Әй, жігіттер! Бұл біздің қазақ қыздарының өзіне тән, жарасымды, ибалы мінезі. Қызым, бақытты бол!», – деп ақ батасын берді.

Содан кейін, 1986 жылы екінші рет келгенде ауа райы сондай жылы, шуақ шашып тұрды. Көктемнің басы болса да, осындай тамаша ауа райын көрген мен: «Димаш Ахметович, когда к нам добрые люди приезжают, даже погода меняется»,-дедім. Сонда ол кісі күліп маған: «Доченька, когда хорошие люди с добрыми намеренями»,-деп айтқаны есімде. Артынша қасындағылардан «Бұл қыз кім?»- деп сұрады. Жаңатас қалалық атқару комитеті төрағасының орынбасары екенімді естіген Димаш Ахметұлы: «Бұл үлкен кісі екен ғой, амандасайық» деп, өзі қолымды алды. Мен де, қазақы дәстүрмен иіліп сәлем жасадым. Ол кезде партия мүшелеріне сәлем салуға болмайтындығына қарамастан, Димаш Ахметұлы маған көзқарасымен ризашылығын білдірді. Осы үлкен кісілердің баталары қабыл болған шығар, бүгінде баталы ердей көгеріп отырған жайым бар», – дейді Тыныштық апай.

Үшінші бір жағдай, аудандағы Қыршабақтыда халықаралық геологиялық симпозиум өтеді. Кеңес Одағының кезінде мұндай симпозиумның саяси маңызы жоғары болатын. Әлемнің түкпір-түкпірінен, капиталистік елдерден арнайы лауазымды қонақтар келіп, Жаңатаста он күндей болған. Жаңатастың қазынасын көріп, танысып, зерттеген. КСРО геология министрлігі, геология академиясы Қыршабақтыда өткен үлкен жиынды ұйымдастыруды Тыныштық Бегматқызына тапсырады.

«Қыршабақтыдағы жер геология академиясына қарайды екен. Жүктелген жұмыстарды ойдағыдай атқарып шыққаннан кейін, бірінші хатшының тапсырмасымен Алматыға барып, Қыршабақтының жерін қаланың иелігіне алдық. Соның нәтижесінде «Геолог» балалар-сауықтыру лагерін аштық», – дейді кейіпкеріміз сол кездерді есіне алып.

Сондай-ақ, Тыныштық Бегматқызы Жаңатас қалалық атқару комитетінің орынбасары болып қызмет атқарып жүргенде жасанды бассейн, балалар саябағы, орталық саябақтың құрылыс жұмыстарының басы-қасында болған. Әсіресе, атшаптырым аумақты алып жатқан орталық саябақтың тарихы өз алдына бөлек әңгіме. 

– Украинаның астанасы – Киев қаласынан сәулет-құрылыс институтының студенттері екі жылда екі рет келіп, тиісті жұмыстарды атқарды. Орталық саябақтағы сәулеттік  мүсіндер солардың ой-қиялдарынан туған және өз қолдарымен жасаған туындылар.  Оларды арнайы шақыртып, алып келген сол кездегі комбинаттың бас директоры Анатолий Шейн болатын. А.Шейн өте білімді, беделді, адамгершілігі мол азамат еді. Жаңатас пен  Қаратау қаласының дамуына үлкен еңбек сіңірген өндіріс басшысы болды. Ол кезде Анатолий Шейн комбинаттың бас директоры, әрі Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің  депутаты болатын. Ол кісі мені «Қарындасым» деп атаушы еді. Бір күні маған: «Қарындасым, осы келген құрылысшы студенттердің жасағына өзің басшылық етесің. Жандарында болып, барлық жағдайларын жасауға көмектес. Қаражатты комбинаттан бөлеміз. Шығарып салғанша бас-көз боласың» - деді. Орталық саябақтағы жұмыстарды ойдағыдай ұйымдастырып, студенттердің қасында болдым. Кейін, қайтар кезінде студенттер мені қимай қоштасса,  комбинаттың бас директоры Анатолий Шейн «Қарындасым» деп сыйлап, маған өмірінің соңына дейін қолдау білдіріп жүрді», – дейді Т.Бектөреева.  

Тарихқа беттеріне көз жүгіртсек, тоқсаныншы жылдардағы терең тоқырау Жаңатас қаласына да оңай соққан жоқ. Қалада су мен жылу беру мұңға айналды.  Көптеген тұрғынүйлер қаңырап бос қалды. Шағын аудандардағы нысандар жекенің қолына өтіп, шетінен бұзыла бастады. Бұл өзі балапан басымен, тұрымтай тұсыменӨ кеткен қиын кезең еді. Ол тұста Тыныштық Бектөреева Жаңатас қалалық мәслихатының бірінші хатшысы болатын. Содан каланың депутаттары  бірауыздан сегіз мың тұрғынның  колын жинап, Үкіметке хат дайындайды. Хатты Алматыға aпapy мәслихаттың хатшысына жүктеледі.

«Мен қасыма қалалык мәслихаттың екі депутатын ертіп алып, тура Алматыға барып, Жоғарғы кеңестің төрағасы Әбіш Кекілбаевтың қабылдауында болдым. Тұрақты комиссияның отырысына қатыстым. Біздің берген өтінішімізге сәйкес, Әбіш Кекілбаевтың тапсырмасымен Жаңатасқа Олжас Сүлейменов келіп, қаланың жағдайымен танысты.  Осы кезде Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Меттенің басшылығымен өткен жиынға  катысып, Жаңатас каласының жағдайы туралы мәлімдеме жасадым. Осы табанды жұмыстардың нәтижесінде, Жаңатас қаласына 350,0 миллион  теңге бөлініп, қаланың су мен жылу мәселесін кайта қалпына келтіру туралы тапсырма берілді.  Осылайша, өте қиын кезде коммуналдық шаруашылығындағы түйткілдердің түйінін тарқатуға септігімізді тигіздік», - дейді, мемлекеттік қызметтің ардагері Тыныштық Бегматқызы.

Әрине, бұл Тыныштық Бектөрееваның ел даумындағы атқарған жұмыстарының бір парасы ғана. Ол өмірдің бақытын, атақ пен абыройын өзінің қажырлы еңбегімен тапты. Сондықтан да, барлық саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне, туған жердің өсіп-өркендеуіне арнаған Тыныштық апайдың өткен жолы ұрпаққа үлгі.

Кейіпкеріміз  мемлекеттік қызметпен қоса, бойындағы осындай асыл қасиеттерімен үй шаруасын да дөңгелете білген ардақты ана. Өмірлік жолдасы Қырғызбай Мұханов Жаңатас қаласындағы М. Әуезов атындағы мектепте қазақ тілі және әдебиеті пәнінен сабақ берген ұлағатты ұстаз. Бір мектепте табан аудармай 44 жыл ұстаздық етіп, зейнетке шыққан. Қызмет барысында мүлтіксіз еңбегі үшін «Білім беру саласының үздігі», «Білім озаты» төсбелгісінің иегері атанған.

Ұлы Рәт Мұханов- жоғарғы санаттағы дәрігер. Ұзақ жыл Сарысу аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарған. Келіні Қаракөз Дүйсенбина - ұлағатты ұстаз.  Немерелері жоғарғы білімді, әр салада жемісті еңбек етіп келеді.

Еңбек пен бақыт қатарлас жүреді. Оның қадірі мен қасиетін түсінгеннің ғана мәртебесі өсетініне осы Тыныштық апайдың қызметпен өрнектелген өмір жолы арқылы анық көз жеткізуге болады. Жасы сексеннің үшеуіне келген қайраткер ана ауданның қоғамдық, мәдени, саяси өміріне белсене араласады. Кейінгі жастарға ақыл-кеңесін беріп, өмірлік тәжірибесімен бөлісуден еш жалыққан емес. Ауданда Тыныштық апайды өзіне үлгі, өнеге тұтатын қыз-келіншектердің қатары да аз емес. Өйткені, зиялы адам – қай жағынан болсын, өскелең ұрпаққа үлгі бола алатын, кейінгілер қарап бой түзейтін тұлға. Біздің кейіпкеріміз осы үденің көш басында тұр.

Білімділігімен, біліктілігімен және адал еңбегімен ерекшеленген Тыныштық Бекматқызын Халықаралық әйелдер күні мерекесімен құттықтап, деніне саулық, отбасына амандық, әрбір ісіне сәттілік тілейміз.

Асан Тілемісов,
Сарысу ауданы

 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар