Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Қазақтың салт-дәстүрін жаңғыртатын этноорталық ашылады»

«Қазақтың салт-дәстүрін жаңғыртатын этноорталық ашылады»
Ашық Дереккөз
Есімі елге белгілі кәсіпкер Меруерт Лештаева – жастайынан тағдырдың тауқыметін көріп өскен жан. Әкеден үш жасында айырылған оны өмірдің қиындықтары ерте есейтті. Анасының сырқатына байланысты еңбекке де жастайынан араласуға тура келді. Қарапайым салат жасаушыдан, бизнес әлемінің майталманына айналған кәсіпкердің өмір жолы жастарға өнеге. Мереке қарсаңында біз Меруерт Қаттабайқызымен әңгіме-дүкен құрып, еңбек жолы, бизнестегі алғашқы қадамдары, алдағы жоспарлары туралы сұхбаттасқан едік.

– Меруерт Қаттабайқызы, сіздің кәсібіңіз, өмір жолыңыз жайлы сұрап жатудың өзі артық. Сондықтан әңгімемізді «қазіргі кезде немен айналысып жүрсіз» деген сұрақтан бастасақ. Білуімізше өңірде бұрын-соңды болмаған жаңа жобаны қолға алып жатырсыз. Сол туралы өз аузыңыздан естіп-білсек дейміз...

– Облысымыздың туризм саласы ақсап тұрғаны ешкімге жасырын емес. Шетелдік қонақтарды қазақтың салт-дәстүрі, болмысы арқылы қызықтыратын өрелі істер өзгенің ойында, өңір атқамінерлерінің жоспарында бар шығар. Бірақ әзірге ол іс өркен жая алмай келе жатқаны шындық. Көптен бері осы мәселе төңірегінде өзім де терең ойға беріліп жүр едім. Ақылға сала келе «этноорталық салу керек» деп тоқтамға келіп, ауқымды жобаны іске асыруға кірісіп кеттім. Құрылыс орнын белгілеп қойдым, қаладан алыс емес, тура ипподромның қасында. Ол этноорталық қазақтың салт-дәстүрлерін жаңғыртатын алаңға айналады деген үмітіміз бар. Демалыс аймағында келушіні қызықтыратын дүниелер көп болмақ. Қазақтың ұмыт болған тағамдары қайта мәзірге енгізіледі. Қонақүйдің орнына киізүй құрылады. Қонақтар кең далада, қазақы үйде емін-еркін демалып қайтады. Әрине киізүй қазіргі заманға сай салынады, ішінде жатын бөлме, жуынатын бөлме барлығы қарастырылады.

Тағы бір айта кетер жайт, құрылысы жүргізілетін нысанды сатып алған кезде сол аумақта үлкен киізүй тұрған. Ол киізүйде кезінде экс-президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев қонақ болған. Кетерінде Нұрсұлтан Әбішұлы сол маңға болашаққа хат көміп тастап кеткен екен. Сондықтан аталған жерден музей ашқанды жөн көрдім. Таразға табаны тиген қонақтар сол музейге кіріп, еліміздің, облысымыздың терең тарихымен таныса алады. Сонымен қатар LED-экраннан өңіріміздің өткен дәуірін тамашалайды. Кешегі мен бүгінгі әдемі үйлесім тапқан «инновациялық музей болады» деп күтіп отырмыз. Одан бөлек әртүрлі шежірелі экспонаттар қойылады.

Этноорталықтан жастар театры жұмысын бастайтынын айта кеткім келеді. Жоспарға сай «Ботай дәуірінің амфитеатрын» ашсақ деп отырмыз. Демалыс аймағында университетте оқып жүрген студент актерлар өз қойылымын қоя алады, бұл іске өзім демеушілік жасаймын. Мұндағы мақсат – театр өнерін дамыту. Сондай-ақ демалыс аймағында концерттік бағдарламалар қоюға арналған аспанасты сахнасы болады. Ол жерде облыстық, республикалық деңгейдегі байқаулар ұйымдастырсақ деген ниетте жоқ емес. Колледж, институт бітіріп жатқан қаншама өнерлі өрендер бар. Солардың арасында ауқымды сайыстар өткізіп, қазақ өнер саласын дамытқым келеді.

Қазақылықтың исі аңқыған орталықта ат серуеніне ерекше көңіл бөлінеді. Міндетті түрде атбегі болады. Жасөспірім балаларымыздан бастап үлкен кісілерге дейін жылқыға мініп серуендей алады. Бұрын атқа отырып көрмеген жандарды, кішкентай балаларды сол жерде атбегі үйретеді. Одан бөлек балықшаруашылығына да назар аударамыз. Сол секілді этноқалашықта қазақ қолөнершілер орталығы ашылады. Шеберлеріміз сол жерде тоқыма, іс тігу өнерінен шеберлік сағаттарын өткізіп, арнайы дүңгіршектерде қолөнер бұйымдарын сатылымға қоя алады.

Сонымен қатар орталықта ерекше қазақ моншасы, дәстүрлі караоке, қазақы нақыштағы кофехана ашылады. Қазіргі балалар ет жемейді. Сол етті басқаша түрде, өзгеше мәзірде ұсыну жолын ойластырып жүрмін. Этноорталық бұйыртса осы жылы келушілерге есігін айқара ашатын болады.

– Қазіргі кезде әулиеаталық белсенділер той мәдениетін қалыптастыру туралы бастама көтеріп жүр. Үндеуге облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің өзі қолдау көрсеткенін жақсы білесіз. Шынында да кейінгі кезде той-томалақтарда түрлі дарақылық, ысырапшылдық, орынсыз ойындар ойнатылып, салт-дәстүрдің бұрмаланып жатқанын көзіміз көріп жүр. Осы мәселеге қатысты пікіріңізді білсек...

– Бір жайтты сеніммен айта аламын. Ол – қазақ барда ешқашан тойдың тоқтамайтыны. «Той – қазына» деген сөз тегін қалмаса керек. Жиған-тергенін тойға шашатын халықпыз. Бүгінде заман өзгерді, өткен ғасырдағыдай кең сахарада ғұмыр кешіп жатқан жоқпыз. Қаладағы кішкентай ғана екі бөлмелі пәтерге қай қонағыңызды сыйдырасыз?

Тойдағы дарақылық, салт-дәстүрлердің бұрмалануы барлығы асабалардың жауапкершілігіне байланысты деп ойлаймын. Кейінгі жылдары әзілкештер тізгін ұстағай бастағалы тойдан мән кетті. Өздерінің арзан әзілдерін тықпалап, жұртты келеке-әжуаға айналдырып, елді мезі етіп алады. Сондықтан тойды емес, осындай бейәдеп асабаларды тоқтату керек. Мысалы, жақында өзім көптен күткен немеремнің құрметіне бесік той жасадым. Тізгінді сөз саптауы көркем, әдебі мен мәдениеті келіскен абаса ұстады. Той жоғары деңгейде өтті, қонақтардың бәріне ұнады. Біраздан көріспеген ағайын-туыстар сағынысып табысып, арқа-жарқа болып, тойдан мәз болып тарқасты.

Мойындаймын, кей-кезде ысырапшылдыққа жол берілетін жиын-тойлар да болып жатады. Бірақ бес саусақ бірдей емес қой. Солай болды екен деп елді қуанышынан айырғанымыз болмас. Тойға тыйым салғысы келетін жұрттың айтар уәжі – тойды несие алып жасайтындығы. Бір нәрсені ескеруіміз керек, несиені тойға емес, «баламды үйлендіремін» деп, үйін жөндеуге, киім-кешегіне жаратуға, құдалар келгенде ыңғайсыз болмасын деп жиһазын жаңалауға, қызының жасауын апару үшін алады. Біз көбінде мол дастарқанды көреміз де, тек сол туралы пікір айтамыз.

– Бір кездері «Гауһартас жұлдыздары» атты жоба бастап едіңіз. Ол жөнінде әлеуметтік желіден оқығанымыз бар. Сол жобаның кейінгі тағдыры қалай болды, діттеген мақсатына жете алды ма? Негізі бұл ой қайдан келген еді?

– Иә, 2023 жылы «Гауһартас» мейрамханасының ашылғанына 10 жыл толған. «Мерейтойды қалай тойлаймыз?» деп ойлана бастадық. Бір жағы той жасап қана қоймай, жастарға титтей де болса пайдамызды тигізгіміз келді. Өнерлі өрендер сахнаға шығып, жанды дауыста ән айтып, елге таланттарын көрсетсін деген оймен «Гауһартас жұлдызы» деген керемет жоба ұйымдастырғанбыз. Жақсы байқау болды деп сеніммен айта аламын. Қаншама дарынды қыздар үшін бұл жоба үлкен мүмкіндікке айналды. Еңбегіміз далаға кеткен жоқ, діттеген мақсатымызға жеттік.

Конкурс нәтижесі бойынша жүлделі үш орынға ие болған Алуа, Кәусар, Айлон есімді үш аруымыз «Гаухартас Stars» деген трио құрды. Қазіргі уақытта қыздар сахнада өнер көрсетіп, тойларда ән айтып жүр. Елдің алдына шығып өздерін шындап жатыр. Сол топтағы Алуа Жеңіс деген қызды Алматы қаласындағы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына оқуға түсіруге әрекеттеніп жатырмын. Олай дейтінім, аталмыш оқу ордасына музыкалық білімі жоқ жастарды қабылдамайды екен. Сол үшін ақылы түрде дайындық курсына түсірдім, сонда тиісті білім алуда. Бұйырса енді академияға бірінші курсқа қабылданады. Жалпы «Гаухартас Stars» тобының күміскөмей қыздарын жуық жылдарда үлкен сахнада көреміз деп ойлаймын. Дауыстары өте керемет. «Ел іші – өнер кеніші» демекші, өнерлі өрендер үшін осындай байқауларды өткізіп тұрсаң, небір таланттар шығады екен. Оның үстіне мұндай жарыстар бәсекелестікті арттырады. Ал бәсекелестік бар жерде, сапа бар. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, «Гауһартас жұлдызы» жобасы жоғары деңгейде өтіп, өз мақсатына қол жеткізді.

Негізі өзім «елге, халыққа пайдам тисе» деген оймен жүремін. «Оң қолыңның бергенін сол қолың көрмесін» деген жақсы сөз бар халқымызда. Дегенмен, ақпарат арындап тұрған мына заманда елге жасаған жақсылығың да, жамандығың да жұрт көзіне көрініп қалады ғой. Өмірдің тезіне түскен тұрғындарға, жетімдер мен жалғысбасты, тұрмысы ауыр жандарға барынша қол ұшып созып, көмек беріп тұрамын. Орайы келсе баспанамен қамтамасыз етіп жүремін.

– Кәсіпкерлігіңізбен қатар облыстық іскер әйелдер қауымдастығының жетекшісісіз. Соңғы кезде осы қауымдастық жайлы қандай да бір жаңалық естілмей кетті. Қазіргі сәтте ұйым қандай жұмыстар атқарып қатыр?

– Облыстық іскер әйелдер қауымдастығының жетекшісі қызметін 2021 жылдан бері атқарып келемін. Қауымдастықтың мақсаты – облыстағы кәсіппен айналысуға ниетті нәзікжандыларға жол көрсету. Тарқатып айтсақ, кәсіп ашқысы келетін көп қыз-келіншектерді мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдауды білмейді. Үкімет тарапынан берілетін қаржыны қалай алу жолдарын да түсінбей жатады. Осындайда бізге келіп, көмегімізге жүгінген жандарға жол нұсқауға дайынбыз.

Өткен жылға дейін біз мемлекеттік грант алып, үлкен жобаларды жүзеге асырып келген едік. Қазір мемлекет тарапынан түсетін ондай жобалар қысқарып қалды. Сол үшін өз күшімізбен амалдап, өз-өзімізді қамтып, қатарымызға жас кәсіпкер қыз-келіншектерді қосып, солардың дамуына үлес қосып жатқан жағдайымыз бар. Оның ішінде «Мастермайнд» жобасы, менторлық, іскерлік байланыс бағдарламалары бар. Әр ауданнан іскер әйелдер қауымдастығының филиалдары ашылып, ауылдың қыз-келіншектерін кәсіпкерлікке үйретіп келеміз.

Былтыр іскер әйелдер форумы, қайырымдылық іс-шаралары, менторлық жобалар секілді бас-аяғы 380 жоба ұйымдастырған екенбіз. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Осыған байланысты қазіргі уақытта облыстағы колледждермен меморандумға қол қойдық. Меморандум аясында жұмысшы мамандығында білім алатын бітіруші түлектер арасында байқаулар өткізіп тұрамыз. Мәселен, 18 наурыз күні «Шебер қол» деген тігіншілер байқауын ұйымдастырғалы отырмыз. Қолөнерші жастар үшін бұл байқау өзін, өнерін, жасаған бұйымдарын көрсетуге тамаша мүмкіндік.

Сонымен қатар нәзікжандылар ғана емес, қаланың кез келген тұрғынын шақырып, қаржылық сауаттылықтарын дамыту үшін үлкен лекциялар оқысақ деген ойымыз бар. Лекция оқуға мықты деген спикерлерді шақыратын боламыз. Бұл елге пайдалы дүние болғалы тұр.

Жалпы біз кәсіпте жетістікке жеткен тұлғаларды шақырып, аймақ аруларының басын қосып, жылына бірнеше рет форум өткіземіз. Сондай-ақ ай сайын түрлі жиындар да ұйымдастырылады. Сол жерде қарапайым адамдардың қалай байығанын, жетістікке жету жолдарын қызықты әңгімелермен түсінікті тілде жеткізуге тырысамыз. Қайбір жылдары көпбалалы аналардың көшеге шығуы жиілеп кеткен болатын. Сол әйелдерді әңгімеге шақырып: «Сіздер балаларыңызды тәрбиелемей-ақ қойыңыздар, олар сіздерге қарап өседі, сондықтан өздеріңіз жұмыс істеп, кәсіпке бет бұрыңыздар», деп түрлі ақыл-кеңесімді айтып, пайдасы мол мемлекеттік бағдарламаларды түсіндірдік. Солардың біразы бұл күнде бір-бір кәсіптің тізгінін ұстап отыр.

– Бүгінде кәсіп ашып, ісін дөңгелеткісі келетін жас көп. Алайда қаржылық және тәжірибенің болмауы секілді қиындықтарға төтеп бере алмай, жұмысын орта жолдан тастап кетіп жатқандар да бар. Осы орайда қанша жылдық тәжірибесі бар кәсіпкер ретінде тірлігін енді бастаған жастарға қандай мотивация беріп, қандай кеңесіңізді айтар едіңіз? Жалпы осы кезеңге дейін өзіңіз де талай сәтсіздіктен өткен боларсыз. Өмірлік ұстанымыңыз, бағыт-бағдарыңыз қандай?

– Қазір не көп «Мен саған мына бизнесті үйретемін, ана іске баулимын» деп аттандап жүрген коучтар көп. Мен олардың айналысып жүрген тірлігімен жүз пайыз келіспеймін. Өйткені адамды бизнеске өз бас пайдаңды ойлап шақыруға болмайды, кәсіпке әр адам өзі келу керек. Өйткені бұл іс сүрініп құлаған адамнан қайта тұруды, бойын тіктеп, әрі қарай да қадамын нық басатын батылдық пен табандылықты керек етеді. Көптеген өрендер бизнес бастап бір рет қиыншылық көрген сәтте «сауда менікі емес екен, қолымнан келмейді» деп ісін аяғына дейін жеткізбей, орта жолда тастап кетеді. Бизнес ашқан адамның ең алдымен сол жұмыста тәжірибесі болу керек. Кеңес сұрап алдыма келген жастарға жиі айтатыным да сол. «Қандай бизнесті таңдап отырсың? Сол бизнеске бар да, екі-үш ай тегін болса да жұмыс істе. Сол кезде өзің ашқалы отырған бизнесті ішінен көресің. Бұл іске ебің бар ма соны түсінесің» деп үйретемін. Сондықтан алдымен тәжірибе жинап, зерделеп алған жөн.

Қазақта «Тегінде бар» деген сөз бар. Кейде кәсіпкерлік қанмен келген дүние болуы мүмкін. Мысалы, қолөнершілік қабілет анасынан қызына, ұлынан әкесіне беріліп, он саусағынан өнер тамған тігіншінің тегінде тұрған дүние түртіп оятып жатады ғой. Маған да кәсіпкерлік қасиетім қанмен келген деп ойлаймын. Менің әжемнің қолы алтын болған екен. Анамның жасаған тағамдарының дәмі әлі аузымнан кетпейді. Солардан дарыған болар, мен де кез келген тамақтың дәмін келістіре аламын. Саудаға да осал емеспін. Жалпы кез келген салада жетістікке жетуге болады. Ол үшін адамдар әуелі өзінің бейімі бар кәсіппен айналысқаны жөн.

Кәсіпкерлікте сүйенетін өз қағидам бар. Бизнесте жетістікке жету үшін үш нәрсе керек. Бірінші – бизнесте таңдаған саланы жақсы көріп, жақсы таныс болуың керек. Екінші қағидам, бір кәсіпті таңдағаннан кейін есебің дұрыс болуы қажет. Талдауың, есебің жөн болса сен еш уақытта опық жемейсің. Үшіншіден – табандылық керек. Қиындыққа, дағдарысқа табанды болып қасқайып қарсы тұра алмасаң жасап жатқаныңның бәрі бекер. Адам бір емес, он тіпті жиырма рет жолы болмай сүрінуі мүмкін. Кедергілер қалыпты жағдай. Табандылықпен күресе біл.

– Ал өзіңіз кәсіпке қалай келген едіңіз?

– Өзім жұлдызы биік Жуалы ауданының тумасымын. Тағдырдың басымызға жазғаны сол болар, әкемнен ерте айырылдым. Анамыз әке орнына әке, шеше орнына шеше болып бізді қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсірді. Өмір бір арнада тұрған ба? Әртүрлі себептермен біз ауылдағы қара шаңырақты сатып, осы Тараз қаласына қоныс аудардық. Біздің балалық, жастық шағымызды бүгінгідей бақытты күнмен салыстыруға мүлдем келмейді. Көп бала, жесір ана, жоқтан бар жасап, жұпыны ғұмыр кештік. Қаладағы қарапайым тірлік кешіп жатқанымызда, жығылғанның үстіне жұдырық болып шешем жүрек ауруына шалдығып, бірінші топ мүгедегі болып қалды. Бала кезімде менің де денсаулығым көп сыр беретін. Жалпы орта мектепті бітіргенге дейін аурухана менің екінші үйім болды десем де болады. Әкемнің өмірден ерте қайтуы, анамның жүрегін сыздатқан жара, өзімде дәрі-дәрмекке тәуелді болғанымнан болар, сәби шағымнан дәрігер болуды армандаушы едім. Алайда тәтті арманым далада қалып, үйдің бар ауыртпалығы маған түсіп, еңбекке ерте араластым. Сондықтан да мен жоғары оқу орнында оқи алмадым, өзгелер сияқты студенттік өмірдің балдай тәтті қызықтарын көрмедім. Есесіне жастық көктемімде дүкенде сатушы болып, кафеде салат әзірлеп ақша таптым.

Кәсіпкерлікке де ойламаған жерден келдім. Мейрамханада жұмыс істеп жүргенімде әдеттегі салат жасаушыдан мейрамхананың әкімшісі деңгейіне дейін көтерілдім. Бәлкім қызметтегі жауапкершілігім басшылыққа ұнаған болар. Бір жолы ағамның досы 40 жасқа толған мерейтойын өз үйінің есік алдында өткізетін болды. Ағамның өтініші бойынша сол тойға жиналған 250 адамға арнап жалғыз өзім 3 түрлі салат әзірлеп бердім. Сол кезде маған «Тәуекел түбі – жел қайық, өтесің де кетесің, неге өзім қаладағы көп кафенің бірін жалға алып, осы жұмысты істеп көрмеске, ақыры өзімнің қолымнан келеді ғой» деген ой келді. Содан осы жұмысты бастап кеттім. Әрине, өмірде бәрі өзіңнің ойлағаныңдай болмайды. Табысқа жету жолында сүрінген кездерім де аз емес. Шымкентке барып қос мейрамхана ашып, жұмысты жүргізе алмай, тығырыққа тірелдім. Таразда да тақырға отырған кезім көп. Ақын Мұқағали атамыз: «Мәңгі сені жазбаған сүрінуге, Қайта тұрып, хақың бар жүгіруге», демей ме?! Жалпы табысқа жетем деген жігерің болса, қайратыңды қамшыласаң алынбайтын қамал жоқ. Ақыры тынбай жасаған тіршіліктің арқасында «Гауһартас», одан кейін «Інжу-Маржан» мейрамханаларын, басқа да бизнес орталықтарын аштым. 

– Бірнеше жыл бұр короновирус індеті өршіп, елімізде карантин шаралары енгізілгені әлі ел есінде. Пандемия салдары әсіресе тойхана иелеріне соққы болғаны шындық. Той жасауға рұқсат етпей, халық қуанышын жасырып тойлап жүрді. Өткен шаққа сәл кідіріс жасап сол уақыттағы қиындықтан қалай шыққаныңызды айтып берсеңіз?

– Жасырып қайтейін, пандемияның зардабы тойхана иелері үшін ауыр тиді. Ресторан салған кәсіпкерлердің бәрі мен секілді несиесі бар жандар деп ойлаймын. Себебі сондай зәулім сарай салу оңай іс емес. Оның барлығы несиенің ақшасына бой көтерген нысан. Мойнымызда үлкен несие бар болғандықтан коронавирус уақтындағы ең қиын болғаны – қарыздың төленбей қалғаны. Ашығын айтқанда, бұрынғы қарызыма проценттері бар 60 миллион теңге қосылып, несие уақыты тағы да екі-үш жылға созылды.

Алайда мен заңға бағынып, алты айдай тойханалардың жұмысын тоқтаттым. Ол уақытта да қызметкерлерімнің жалақысын төлеп отырдым. Тіпті өзім мініп жүрген көлігімді сатып жібердім. Себебі жұмысшыларымның да отбасы, бала-шағасы, несиесі бар.

Пандемия кезінде де халықтан көп сұраныс түсіп жатты. Тойханаларды қайта ашпасқа амалым болмады. Той иелері «Анау ресторанда той, мына ресторанда да қуаныш, сіз неге той жасамайсыз?» деп өтінді. Сондықтан алты айдан кейін жасырын той өткізе бастадық. Солай жүргенде бір күні ұсталып қалып, он бес миллион теңге айыппұл төлеген жағдайым да болды. Өзім пайда көрдім деп айта алмаймын, бастысы қызметкерлердің айлықақысы уақтылы төленіп тұрды. Жоғарыда айтқандай жұмысыңды сүй, есебің дұрыс болсын, табанды бол деп жатқаным осыдан. Осы үш қағидама сүйеніп, сол бір қиын-қыстау кезеңді де артқа тастадық.

– Жамбылдық жұрт кәсіпкерлік, іскерлік қырыңыздан жақсы қанық. Ал шаңырақтағы отанасы, ене, әже ретіндегі рөліңіз қандай?

– Үлкен шаңырақта он жылдан бері екі келінмен бірге тату-тәтті тұрып жатырмыз. Екі ұлым, бір қызым, Құдай берген бес немерем бар. Жұрт біле бермейтін жағдай да жетерлік. Қарагөз есімді кіші келінім тоғыз жыл бала сүйе алмай жүрді. Әрең дегенде құрсағына бала біткенде, жүктілігінің төрт айлығында онкологиялық дертке шалдықты. Бұл да бір тағдырдың жазуы. Былтыр барлық жұмысты тастап, 6 ай Алматы қаласында онкология орталығында кіші келінімнің қасында болып, қолдау көрсеттім. Химия алып емделді. Қасынан бір елі кетпей, дұрыс тамақтандырып, еңсесін көтеріп, жаңдайын жасадым. Бағымызға орай келінім Гүлсім деген кестетігерді дүниеге алып келді. Қазір немереме 10 ай толды, жүгіріп тәтті қылығымен сүйсіндіріп жүр. Аллаға шүкір, қиындықтың бәрі артта қалды.

Үлкен келінім Динара да жаныма медеу, төрт немере туып берді. Аллаға шүкір, елге үлгі болып жүрген, берекесі жарасқан отбасымыз деп айта аламын. «Жанұяда ыдыс-аяқ сылдырламай қоймайды» дейді ғой. Біздің үйде ыдыс-аяқ анда-санда ғана сылдырлайтын шығар. Тіпті жанжалдасуға уақытымыз жоқ. Әркім өзінің жұмысы, бизнесі бар. Әркімнің тірлігі бар. Отбасы мен үшін бәрінен биік, келіндерім де қыздарым секілді.

– Әңгімеңізге рақмет. Мерекеңізбен!

Сұхбаттасқан Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар