
Іс-шараға айтыскер ақын, Парламент Мәжілісінің депутаты Аманжол Әлтай және Мәдениет саласының үздігі Айтмұханбет Исақов, сондай-ақ Серік Қалиевтің туыстары, айтыскер ақындар, өнерсүйер қауым мен БАҚ өкілдері қатысты.
Жиын барысында сөз алған Аманжол Әлтай мен Мәдениет саласының үздігі Ербол Қамбатыров Серік ақынның сан қыры жайлы естеліктер айтып, бұрыштың ашылуымен құттықтады.
– Біз Секеңмен қанаттас болдық. Айтыстарда бірге өнер көрсеттік. Сахнада бірге жүрдік. Ағамыз Қаратау өңірінде ақындық мектептің, айтыс мектебінің қанатын кеңге жаюына үлкен үлес қосты. Әулиеата жерінен шыққан ақындардың көбі Серік Қалиевтің ұстаздық, ағалық тәлімін алды, өнегесімен өнерін ұштады.
Серік ағамыздың тек айтыста ғана емес, жазба поэзияда да өз орны бар. Өмірден ерте өткенімен артына өшпейтін мұра қалдырды. Секеңнің бүгінгі қоғамға, ұрпақ тәрбиелеуге, келешігіміздің көшінің түзелуіне өзіндік үлес қосатын жауқазын жырлары, өлеңдері өзі кетсе де елге, ұлтқа қызмет ете береді. Сондықтан қасиетті қарт Қаратау жерінен Серік ағамыздың жолын жалғайтын абыройлы азаматтар шыға берсін, – деді Аманжол Дүйсенбайұлы.
Ары қарай Серік Қалиевтің інісі, дәстүрлі әнші Берік Қалиев сөз сөйлеп, «Ағалар-ай» әнін орындады. Сонымен қатар орталықтың үйірме қатысушысы Айша Сұлтанхан Серік Қалиевтің «Ұстаздар» өлеңін, ал ақынның ұлы Хамза Серік «Оян қазақ!» өлеңін нақышына келтіре оқып берді.
Кеш барысында Халықаралық айтыс ақындары мен жыршы термешілер одағының куәлігі облысымыздың жас жыршы-термешілері мен айтыскер ақындарына табысталды.
Бұрыштың лентасы қиылғаннан кейін мекеме директоры Ахметжан Өзбеков Серік Қалиевтің шығармашылығы мен оның өнер жолындағы жарқын сәттері жайлы сыр шертіп, естеліктерін ортаға салды.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ