
Іс-шараға осы оқу орнының басқарма мүшесі, әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректор Аслан Тұрлыбек, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агентігі облыс бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Дәурен Омаров, ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің облыс бойынша өкілі Еркін Қуанышев және Тараз қалалық жастар ресурстық орталығының директоры Абзал Есіркепов қатысты.
Жиын барысында жұртшылық алдымен қоғам дерті саналатын сыбайлас жемқорлыққа жол бермеуге және адалдықтың ақ туын кірлетпеуге бағытталған бейнероликті тамашалады. Басқосуда студенттердің болашақ кәсіби және жеке табысының негізі болатын оқу кезеңінде адалдық пен парасаттылық құндылықтарын қалыптастырудың маңыздылығы айтылды.
–Іс-шараның мақсаты – профессор, оқытушылар құрамы мен студенттер арасында академиялық адалдықты сақтау, сонымен қатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастырып, адам бойындағы адалдық пен парасаттылықты, тазалық пен әділдікті дәріптеу.
Әрбір адам баласы қашанда өз елінің, мемлекетінің дамуына үлес қосу үшін бір ғана қасиетті бойына мықтап сіңіруі қажет. Ол елін сүйген отаншыл, патриот болуы шарт. Сонда ғана еліміз көркейіп, сыбайлас жемқорлық азаяды деп ойлаймын. Қоғамда адамның тәрбиесіне кері әсер ететін жағымсыз әрекеттер бар. Одан жастардың бойын аулақ ұстауға баулу – үлкендердің міндеті, – деді университеттің әлеуметтік жұмыс басқармасының бас маманы Бахтияр Алпысбаев.
«Дөңгелек үстел» отырысында қатысушылар тақырып аясында көкейде жүрген сауалдарын жолдап, нақты жауаптарға қанықты.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ