
№1 Арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығын сондай түрлі тағдыр иелері мекен етеді. Мекеме зейнет жасына жеткен егде адамдарға, І және ІІ топтағы мүгедектерге, бөгде адамның күтіміне мұқтаж, жалғызбасты жандарға арналған. Қазіргі таңда орталықта 165 қызмет алушы болса, 143 қызметкер жұмыс істейді. Мұнда әлеуметтік-тұрмыстық, медициналық, психологиялық, еңбек, мәдени, құқықтық, экономикалық бағытта қызметтер көрсетіледі.
Іші-сырты гүлмен көмкерілген мұнтаздай орталықтың жұмысы «Өз-өзіне қызмет көрсете алатын» және «Өзіне қызмет көрсете алмайтын» деп екі бөлікке бөлінген. Әр қабатта жуыну, тұрмыстық, демалыс бөлмелері орналасқан. Тұрмыстық бөлмелер электрлі плита, тоңазытқыш және асүйге қажетті әртүрлі заттармен, жиһаздармен жабдықталған. Одан бөлек асхана, монша, кір жуу комплексі, дербес жылу қазандығы жұмыс істеп тұр.
– Қызмет алушылардың психологиялық жағдайына ерекше назар аударамыз. Әрбір қызмет алушымен жеке-жеке жұмыс жүргізіледі. Оларға күйзелісті жеңуге және өмір сапасын жақсартуға бағытталған түрлі әдістерді қолдана отырып, эмоционалдық қолдау, көмек көрсетіледі. Қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандардың эмоционалдық күйі әртүрлі факторларға байланысты құбылмалы болып тұрады. Мұндағы кісілердің тағдырлары әртүрлі. Бірақ олардың барлығын байланыстыратын ортақ мәселе – жалғыздық. Әрқайсысы өмірлік қиын жағдайға кездесіп, жақындарынан айырылып, түрлі қайғыға душар болған. Ида Беднякова есімді қызмет алушы Ресейдің Қорған облысында дүниеге келіп, кейіннен Қазақстанға қоныс аударған. Тараз қаласындағы зауытта еңбек еткен. Өмірінде екі рет тұрмыс құрғанымен, екі жұбайы да өмірден ерте озған. Балаларынан да ерте айырылған жарымжан әйел жалғыз қалғандықтан, орталықты мекен етуде. Бірақ өмірлік тәжірибесі мол жан болғандықтан, өз ортасында сыйлы, құрметке лайықты азаматша. Бұл кісі отбасынан айырылып, қарттық жеңіп, жалғыз қалғандықтан, осы күйге түскен. Мария Мұхаметжанова да тағдырдың түрлі сынақтарына тап болған. Бұл қызмет алушының да туған жері – Ресей. Бала кезінде Ұлы Отан соғысының қиыншылықтарын басынан өткерген. Қазақстанға қоныс аударып, сүйген жарымен 50 жыл отасқан. Кейін жалғыз ұлы мен жары өмірден өткен соң, орталықтың табалдырығын аттапты. Өмір бойы тігінші болып еңбек етіп, өз күшімен өмір сүрген. Кәрілік жеңіп, жалғыз қалған жандарға орталық таптырмас мекен. Мұнда әлеуметтік қызметкерлер көмекке мұқтаж, күш-қуаты сарқыла бастаған немесе мүгедектігі бар жандарға көмек қолын созып, қамқорлық танытады. Барынша қолдау көрсетіп, қайғыларын ұмыттыруға тырысып, түрлі іс-шаралар ұйымдастырып тұрамыз, – дейді психолог Айгүл Бекбердиева.
Тағдыры қоларбаға таңылған Талғат Аманбаевтың бөлмесіне жол тарттық. Қабырғадағы сөре толы алғысхат, дипломдар мен медаль, кубоктар Талғаттың түрлі облыстық, республикалық, халықаралық би байқауларынан алған жетістіктері екен. Дүние есігін ашқанда анасы қайырылмай кете барғандықтан, Талғат балалар үйінде тәрбиеленген.
Дүниеге сау болып келген Талғат жасөспірім шағында өзі ұнатқан қызбен кездесуге барады. Жас қыз Талғатқа «Маған тал басындағы алманы алып бер» деп қиылады. Жігіттің есінде қалғаны тал басынан алма үзген сәт қана. Одан кейінгі ғұмыры көз алдында бұлыңғыр тартып, кете барады. Есін жиғанда омыртқасына зақым келгенін, енді ешқашан орнынан тұра алмайтынын білген.
– 18-ге толған жылы Шымкент қаласына барып, бір құжаттарға анамның қол қоюы қажет болғанда қатты толқыған едім. Ана деген мейірім иесі емес пе?! Мен де сол сәт анамның құшағына тығылып, жылуын сеземін деп ойлағанмын. Бірақ дүниеге алып келген жан тек құжаттарға қол қоюға ғана келген екен. Маған бұрылып та қарамастан, бір тіл қатпастан кете барды. Сонда сыртқа таксиге отырғанда өзегімді өртеген өкініш көзімнен жас болып аққанда өзімді тоқтата алмадым. Сонда бейтаныс көлік иесі жұбатты. «Сен анаң сені тастап кеткеніне өкінетіндей ғұмыр кеш! Сенің қолыңнан бәрі келеді, тек алға ұмтыл» деп айтқаны жүрегімде қалып қойды. Кейін биге қатысып, расымен жетістіктерге қол жеткізе бастадым. Тағдырға налып, ешкімді кінәламаймын. Тек әрбір күні оянғанда аяғымнан тік тұрсам ғой шіркін деген арман кеудені кернейді. Ал анамды түсінемін. Оның өз отбасы, балалары бар. Ол кісіге кедергі жасамаймын. Қайта дүниеге алып келгеніне алғыс айтқым келеді, – дейді Талғат.
Ал Тұрғынбек атаның жүрегіндегі дертті емдеп жазуға ешкім қауқарсыз. Жалғыз ұлы қара шаңырағын сатып жібергелі бері орталықта күнелтіп жүр. Жасы сексеннің сеңгіріне шыққан ақсақал жалғыз ұлынан күдерін үзген. Тіпті көргісі келмейтінін айтады. Есесіне бір ғана арманы бар екен. Екі қызын сағынады.
– Орал және Әсем Шалбаева есімді қыздарымды көрмегелі көп жылдың жүзі болды. Қызымның бірі облыстық балалар ауруханасында жұмыс істейді деп естіген едім. Қалған ғұмырымда екі қызымды құшағыма алсам деп армандаймын, – деп кемсеңдеген қарияның жағдайы біздің де жанарымызға жас үйірді.
Облыстық ауруханаға қоңырау шалып, қыздарды сұрастырдық. Әлеуметтік желізе атаның қыздары жайлы айтып отырған бейнеролигін жариялап, іздеу салдық. Бірақ қыздар туралы дерек табылмады. Қазіргі таңда «Астарлы ақиқат» бағдарламасының шығармашылық ұжымы ақсақал жайлы деректерді жинастырып, қыздарды іздестіріп жатыр. Бәлкім, қос қызының жылуын аңсаған әкенің тілегі қабыл болып, қыздар табылып қалар деген үміттеміз.
Осы тұста Оңғар есімді танысым еске түсті. Мектепті жақсы оқып, шетелде білім алып келді. Ата-анасы ажырасып, әкесінен хат-хабарсыз қалған ол жұпыны киіміне, ашқұрсақ болып жүргеніне, әке мейірімін сезінбей өскеніне анасын кінәлайтын. Ешкімнің ала жібін аттамай, еден жуып күнелтетін шешесінің сауатсыздығын бетіне басып, налитын. Сөйтіп, бала Оңғар өз тағдырына кіжініп өсті. Сөйтіп жүріп жетілді, қатарынан озып, озат болды. Отбасын құрды. Өз тойын өзі жасап, отыз жылға жуық көрмеген әкесін іздеп тауып, төрге оздырды.
Оңғар өзінің әкесіне тартқан алғыр екенін ұқты. Асқар тауы ұзақ жылдар қасында болмаса да, оның беделді азамат екендігі қатты қызықтырды. Неше жыл бойы анасымен жұпыны ғұмыр кешкеніне өкінді. Әкесі отбасылы екен. Бес қызы бар. Бұл лезде бай әкенің жалғыз ұлы болып шыға келді. Асқар тауы зәулім үй, қымбат көлік алып беріп, бар жағдайын жасады. Ол өзінің кәрі анасынан, оның жарқырап жүрмейтінінен, еңкіш тартқанынан, аяғын сылтып басатынынан намыстанатын болды. Жарқырап, жадырап жүретін екінші шешесінен аналық мейірім іздеді. Оның сөйлеген сөзі, жүріс-тұрысынан тектіліктің белгісі аңғарылатын. Ал туған анасының қойған сұрақтары, сөйлеген сөзі, жасаған іс-қимылының бәрі ерсі көрініп, күннен-күнге одан алшақтай берді.
Жаңадан отау құрғандықтан жас келіншегі де анасының бұлардың толық бақытты болуына кедергі келтіріп жүргенін айтып, құлақ етін жейтін. Бірде үйіне мас болып келіп, ене мен келіннің сөзге келіп жатқанын көрген Оңғар еш ойланбастан анасын жетектеп, киім-кешегімен қосып қарттар үйіне апарып тастады. Таңертең есін жиғанда өз қателігіне өзі намыстанып, өз мұңына өзі тұншықты. Бойын ашу мен ыза кернеген бойы қарттар үйін бетке алды. Ұлына еш кек сақтамаған қарт ана баласын құшақ жая қарсы алды.
– Ол оқиғадан бері де көп жылдың жүзі өтті. Қазір анам қасымда. Сол күнгі мастықпен жасаған қылығымнан әлі намыстанамын. Сол опасыздығымның өтеуі болсын деп анамды күнде қуантуға тырысамын, орайын тауып гүл шоқтарын сыйлаймын. Негізінде мен анамды түсінбеген екенмін. Бұл дүниеде ата-анаңнан өзге ешкім сені дәл солай жақсы көре алмайды. Олардан асқан мейірім иесі жоқ. Мен Тәңірге өз алғысымды айтып, анамнан күнделікті кешірім де сұраймын, – деді Оңғар.
Кімнің алдында не күтіп тұрғанынан адам баласы әрине бейхабар. Алайда қандай зіл батпан арқаласаң да, тағдырдан ауыр емес. Ешкім тасқа желіндеп, мұзға тумаған. Барлығы да әкенің қаны мен ананың жатырынан жаралды. Сондықтан, барлық нәрсенің өтеуі жылылық қана. Ал жылылық пен мейірім жоқ жерде ана мен әке, бала мен бауыр да жоқ. Екі жақынның жат болып, бір-бірінен суып кеткеніне асқан қасірет те жоқ шығар.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ