Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Берекелі бірліктің берері мол

Берекелі бірліктің берері мол
Ашық Дереккөз
Киелі қазақ жері миллиондаған тағдырларды тоғыстырды, пана болды. Бауырмашыл қазақ халқы тоталитарлық саясаттың салқынын сезген талай жанға қайырымдылығы мен кеңпейілділігін, даналығы мен қонақжайлылығын көрсетті. Қазақ халқы паш еткен асқақ адамгершіліктің, адал ниеттің, шынайы жанашырлықтың арқасында талай этнос өкілі қиын-қыстау шақтың ауыртпалышығын еңсерді, қазақ жерінде өнді-өсті, бақытын тапты. Міне, осындай өрелі істің нәтижесінде елімізде 1995 жылдың 1 наурызында Қазақстан халқы Ассамблеясының негізі қаланды. Биыл құрылғанына 30 жыл толғалы тұрған бұл конституциялық институт тәуелсіздік жылдарындағы толағай табыстардың бастауынан табылып, ортақ тағдыр біріктірген Қазақстан халқын берекелі еңбекпен ел ырысын арттыруға жұмылдырып келеді.

Бірлігі жарасқан, ымыралы күн кешкен, ежелден достықтың тұғырлы ордасы болған облысымызда бүгінгі таңда 87 этнос өкілі тұрады. Облыстық Ассамблея тарихы Қазақстан халқы Ассамблеясы шақырылғаннан бұрын бірнеше мәдени бірлестіктің құрылуынан басталады. Алғашқылар қатарында өз қызметін грек, өзбек, тәжік, ұйғыр, дүнген, кәріс, шешен-ингуш, орыс, түрік және күрді орталықтары бастап кетті. Облыстағы этномәдени бірлестіктердің қызметін үйлестіруді өңірлік Ассамблея хатшылығының меңгерушілері жүзеге асырды. Ассамблеяның этносаралық және конфессияаралық бірлік пен келісімде өмір сүруі, ұлттық салт-дәстүрлерін, ана тілдерін жаңғыртып, дамытуды этномәдени бірлестік пен хатшылық бірлесе ұтымды атқара білді. Ұйымшыл топтың бастамасымен 2005 жылы Тараз қаласында бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Достық» үйінің салтанатты ашылуы өтті. Этностардың көптігі облыстың этносаралық қатынасының ерекшелігі болып табылады. Ал аймақтық Қазақстан халқы Ассамблеясы қанатының астына топтасқан 41 этномәдени бірлестік қоғамдағы сан қырлы мәселелерге үн қатып, бейбітшілік пен татулықтың орнауына үлес қосып келеді.

Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметін үйлестіру үшін 2013 жылдың 26 желтоқсанында облыс әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылды. 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлау қарсаңында «Көне Тараз» тарихи-мәдени кешені аумағында айрықша сәулет үлгісімен салынған еңселі «Достық» үйі пайдалануға берілді. Бүгінде облыс орталығындағы «Достық» үйінде этномәдени бірлестіктердің әлеуетін дамыту арқылы этносаралық келісімді қолдау бағытында маңызды жұмыстар атқарылуда.

Облыстық Ассамблея жанында ғылыми-сараптамалық топ, Ақсақалдар және Аналар кеңесі, этномедиация кабинеті, «Журналистер» клубы, «Жомарт жан» орталығы, «Ассамблея жастары», «Жас ғалым», «Қолөнер шеберлері» және «Белсенді ұзақ өмір сүру» клубтары, этнос жастарынан құралған «Достық» театры жұмыс істейді.

Аймақтағы этносаралық ахуалды тұрақтандыру бойынша «Бейбітшілік пен келісім», «Достық керуені», «Біртұтас қоғам: келісім және сенім» сынды 3 ірі пилоттық жоба бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2020 жылдан бері іске асырылып жатқан «Бейбітшілік және келісім» пилоттық жобасы республикалық деңгейде кеңінен бағалануда. Бұл жобаның ең басты мақсаты – облысты мекендейтін барлық этнос өкілдері арасындағы татулық пен берекелі бірлікке сызат түсірмей, оларды алаңдататын өзекті мәселелерді күн тәртібіне шығару және оны тез арада шешуге негізделген.

Екі жылдан бері этносаралық тәуекелдің алдын алу мақсатында облыстық «Достық керуені» жобасы іске асырылуда. Былтырғы жылы этностар жиі орналасқан 5 ауданда ұйымдастырылып, Ақсақалдар, Аналар кеңестерінің 12 отырысына 1 200 тұрғын, ұлттық ойындар спартакиадасына 15 команда, «Өнерім саған, Қазақстан!» фестивалінің іріктеу кезеңіне 30 үміткер қатысты. Ассамблея жастарының «Менің елім, Менің Қазақстаным!» тимбилдингіне 200 жас тартылды. Сондай-ақ, жоба аясында облыстық этномәдени бірлестіктер мен аудандық этностардың диалогына негізделген этностардың мәдениеті мен дәстүрі күндері және бүлдіршіндерге ойын алаңшалары жоғары деңгейде өтті. Жалпы жоба аясында 37 іс-шараға 5 000-нан аса адам қамтылды. «Достық керуені» жобасымен Түркістан облысына сапар ұйымдастырылып, Ассамблея құрылымдары тәжірибе алмасып қайтты.

1995 жылдан бастап елімізде дәстүрлі түрде Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиялары өтіп келеді. Әрбір сессияда мемлекет өміріндегі өзекті мәселелер талқыланып, келелі шешімдер қабылданады. Былтырғы сессия шешімдерін іске асыру мақсатында 13 арнайы жоба бекітілген болатын. «Біртұтас қоғам: келісім және сенім» республикалық пилоттық жобасы 2024 жылы облысымыздан бастау алды. Жобаның мақсаты – этноорталықтарды қоғамдағы сенім мәдениетін дамытуға тарту. Жоба аясында этномәдени бірлестік өкілдерінің, медиаторлардың қатысуымен 8 ауданда және Тараз қаласында, Халыққа қызмет көрсету орталықтарында «Ашық есік» күндері, тұрғындармен кездесу сынды барлығы 25 іс-шара ұйымдастырылып, 1 000-нан аса адам қамтылды.

Сондай-ақ, сессия аясында Жамбыл, Түркістан, Алматы облыстарының этномедиация саласындағы іс-тәжірибесін республика көлемінде тарату тапсырмаларына сәйкес «Елдесу мен татуласу» жобасы аясында 2024 жылы Маңғыстау облысының делегациясы тәжірибе алмасу мақсатында Жамбыл жеріне арнайы келіп, үздік жұмыстарымен танысты.

Мемлекеттік тілді екінші ана тілі санап, сөйлеуді мәртебе көретіндер қазақ тілді қоғамды қуантып қана қоймай, тіліміздің келешегі зор екенін айғақтай түседі. Бұл мақсатта елімізде мемлекеттік тілді дамытып, оны этносаралық қарым-қатынас тіліне айналдыруда «Мәміле», «Ұлы даланың ұлтаралық тілі», «Мың бала» жобалары жүйелі жүзеге асырылып, оң нәтижесін беруде. Бүгінде өңірде мемлекеттік тілді еркін меңгеру арқылы қызметте жетістікке жеткен 71 спикер пулы қалыптастырылып, оның 15-і республикалық реестрге енгізіліп отыр.

Көпмәдениетті ортаны дамыту тапсырмасы бойынша облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан «Достық» театры құрылған болатын. Құрамында дүнген, өзбек, қарашай-балқар, орыс, неміс, түрік этностарының жастары бар. Жетекшісі – облыстық ҚХА төрағасының қоғамдық орынбасары Асқарбек Сейілханов. Жастар театры Шерхан Мұртазаның «Интернат наны» және Мұхтар Мағауиннің «Бір атаның балалары» қойылымын сахналады. «Шыңдағы шынар – Шерхан Мұртаза» атты облыстық драма үйірмелері фестивалінде 1 орынды иеленді. Қазіргі күні Ұлы Отан соғысының 80 жылдығына арнап Сәкен Жүнісовтің «Жаралы гүлдер» қойылымын дайындауда.

Ұлттық құндылықтар ұлттың баға жетпес қазынасы екенін ескерсек, осы бағытта «Елтану» мәдени-ағартушылық жобасы аясында «Достық» үйінде «Алтын шаңырақ» алаңшасы ашылды. Аталған жоба шеңберінде «Ұлттық киім құндылықтары – ұрпаққа мұра» және «Ұлттық бас киімдер әлемі» атты этнос өкілдерінің ұлттық киімдер экспозияциясы мен бас киімдер экспозициясы ашылып, өз жұмысын бастады.

Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы тарапынан былтырғы жылы барлығы 1 219 іс-шара өткізіліп, оған 114 200 адам қамтылды. Оның ішінде «Рождество», «Масленица», «Пасха», «Песах», «Славян жазбасы мен мәдениеті күні», «Сабан той», «Сумаляк», «Алғыс айту күні», «Наурыз», «Ұлттық домбыра күні», «Қазақстан халқының тілдері күні», ұлттық ойындар сайысы, «Өнерім саған, Қазақстан» этнофестивалі, бұдан өзге форумдар, көрмелер өткізілді. Сонымен қатар өткен жылы өңірлік Ассамблея 294 миллион 170 мың теңгеге қайырымдылық көмек көрсетті.

Ассамблеяға жүктелген негізгі міндеттердің бірі – халық арасында мақсатты кездесулер өткізіп, мемлекеттік саясат пен қабылданған саяси шешімдерді түсіндіру және ілгерілету. Бұл бағытта облыстық Ассамблея жанынан ақпараттық-түсіндіру тобы құрылып, оның мүшелері этнос өкілдері жинақы тұратын ықшамаудандар мен тұрғын алаптарда кездесу өткізіп келеді.

Былтырғы Алғыс айту мерекесі қарсаңында мерекелік апталық бастау алып, әрбір күн – қайырымдылық, тазалық, көршіге ізет, ұстазға құрмет, тарихқа тағзым, ықылас, ұрпақтар сабақтастығы және Алғыс айту күндері болып белгіленді. Биыл да бұл үрдіс үзілмей, 30 жылдық мереке аясында ауқымды істер қолға алынуда. Мереке аясындағы іс-шаралар патриотизм, абырой, әділдік, құрмет, ізгілік, бауырмашылдық сынды асыл қасиеттерді дәріптейді.

Бірлігі бекем, ынтымағы ырысты киелі Әулиеата тұрғындары бейбітшіліктің бесігі болған Қазақстанымыздың қуатын арттыруға, кемелденуіне еңбегін сарқа жұмсап, ел алғысына кенеле беретініне сенім мол.

Сөз соңында барша қазақстандықтар мен жамбылдықтарды, жалпы ҚХА жолында шын ықыластарымен еңбек етіп жүрген әріптестерімді 1 наурыз Алғыс айту күнімен шын жүректен құттықтаймын! Баршаңызға бейбітшілік пен келісім және ертеңгі күнге деген сенімділік тілеймін. Бұл мереке адамдардың жандүниесін тазартады, жүрегін жұмсартады, мейірімін оятады. Әсіресе, бір мүддеге негізделген, бір құндылықты бөліскен, бір мекенді ортақ Отан еткен адамдар арасындағы алғыс пен сыйластық қоғамның рухани тыныштығына, бауырмалдыққа жетелеп, ризашылыққа қауыштыратын күн. Жүректеріміз әрдайым мейірім мен қуынышқа толы болсын!

Мүбарак ЖИНАҚБАЕВА,

облыс әкімдінінің ақпарат және қоғамдық даму

басқармасының «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар