Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Дзюдодан Қазақстан чемпиондары анықталды

Дзюдодан Қазақстан чемпиондары анықталды
Ашық Дереккөз
Тараз қаласында 2005-2007 жылы туған қыздар мен ұлдар арасында дзюдодан Қазақстан Республикасының чемпионаты аяқталды.

Жарысқа еліміздің барлық облыстарынан, сондай-ақ Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан 557 спортшы қатысты. Бапкерлердің айтуынша, ел біріншілігі әлем және Азия чемпионаттарына дайындықтың маңызды кезеңі.

– Турнир жоғары деңгейде өтті. Қатысушылар тамаша физикалық және тактикалық дайындықтарын көрсетті.

Чемпионатқа қатысқан спортшылардың арасында осалы жоқ. Бәрі мықты. Жүзден жүйрік шығып, ұлттық құрама қатарын толықтыратын жастарымыз байрақты бәсекелерде ел намысын абыроймен қорғайды деген сенімдемін, – дейді дзюдодан Қазақстан жастар құрамасының аға жаттықтырушысы Бақнұр Мырзай.

Ал төрешілер мықтылардың мықтысы күштерін сынаған сайыста бағалау оңайға түспегенін айтады.

– Дзюдода даулы сәттер жиі кездеседі. Әсіресе шеберлік деңгейі бірдей қарсыластар кездескен жекпе-жекті бағалау қиын. Сайысты қарап әділ шешім қабылдауға мүмкіндік беретін бейне қайталау жүйесі бар. Біздің басты міндетіміз – лайықты спортшы үшін әділ төрелік жасау.

Бұл турнир қазақстандық дзюдо үшін өте маңызды. Өйткені дәл осы жерде халықаралық аренада Қазақстанның намысын қорғайтын үздік спортшылар іріктеледі. Төрешілерге кейде ережені бұзғаны немесе дұрыс емес техника үшін ойыннан шеттетілген спортшыларға қатысты қиын шешім қабылдауға тура келеді. Дегенмен, күресте әділдік пен адалдық бірінші орында тұруы керек, – дейді төреші, Қазақстан дзюдо федерациясының директоры Мұхсин Нұртазин.

Турнир нәтижесі бойынша жамбылдық спортшылар толайым табыстарға қол жеткізді. Атап айтқанда, қыздар арасында Аружан Данайбек (48 келі) алтыннан алқа тағынса, Ділназ Досберген (63 келі) күміспен күптелді. Ардақ Нұрсақ (57 келі) пен Гүлдана Мәрлен (70 келі) қола жүлдені қанағат тұтты. Ал ұлдар арасында 100 келі салмақ дәрежесінде Бибарыс Раис қола жүлде иегері атанды.

Сонымен, жекелей жарыстар нәтижесі бойынша Алматы қаласы 3 алтын, 1 күміспен көш бастады. Екінші орынға 3 алтын медальмен Қостанай облысы көтерілсе, 2 алтын, 2 күміс, 2 қоламен Алматы облысы үздік үштікті түйіндеді.

Чемпионаттың соңғы күнінде спортшылар аралас командалық жарыста үздіктерді анықтады. Бұған барлығы 16 команда қатысты. Атырау облысының құрамасы топ жарып, Қазақстан чемпионы атанды. Финалист Жетісу облысының спортшылары күміс жүлдені қанағат тұтты. Ал Шымкент қаласының құрамасы мен Алматы облысының жас дзюдошылары қола жүлдені теңдей бөлісті.

Жарыс қорытындысына сәйкес 2025 жылы өтетін Азия және әлем чемпионаттарында Қазақстан намысын қорғайтын жастар құрамасы жасақталады.

 

«AR-AI» ақпарат

 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар