
Осыдан отыз жыл бұрын жазылғанымен, өзектілігін әлі күнге дейін жоғалтпаған бұл туынды – әлемнің көптеген театр сахналарында үздіксіз қойылып келе жатқан шедевр. Өзбек әдебиетінің көрнекті өкілі, драматург Саид Ахмадтың әйгілі «Келіндер көтерілісі» пьесасы отбасы мен қоғамдағы шынайы қатынастарды әзілмен астарлай отырып, бүгінгі күннің өзекті мәселелерін қозғайды.
Қойылымның режиссері – Ташкент қаласынан арнайы шақырылған талантты режиссер Сайфиддин Мелиев болса, қоюшы-суретшісі Айгерім Амангелді. Көрерменнің көңілінен шыққан көңілді музыкалық комедияның балетмейстрі – Айгүл Нұрымова.
Бір айта кетерлігі, Сайфиддин Мелиевтің есімі жамбылдық көрермендерге бұрыннан таныс. Режиссер осыған дейін облыстық орыс драма театрында «Қожа Насреддин» және «Синьорита Рита» пьесаларын қойған.
Пьесаға негіз болған оқиға ене мен келін арасындағы ғана емес, адамның бостандығы, таңдау еркі мен ескі тәртіптің арасындағы конфликтіге негізделген. Әдемі әзілмен әспеттелген, дәстүрлі театр элементтерін пайдаланған спектакль көрерменді күлдіре отырып, ойға батырды.
Жеті ұл өсіріп, қырық бір немере тәрбиелеп, алты келін жұмсап отырған Фармон бибі қабағы қатыңқы, мінезі тік әрі қатал жан. Ата салтты мықты ұстайтын оған ешкім қарсы тұрып, сөзін ешкім аяқасты етпейді.
Күндердің күнінде Фармон бибі кенже ұлын үйлендіріп, келін түсіреді. Ата-анасы бетінен қақпай, төбесінен құс ұшырмай өсірген ерке келін Нигора бұрыннан келе жатқан әулет заңдарына бағынбайды. Босаға табалдырығын аттаған күннің ертесінде-ақ, ол ритмикалық гимнастика жасап, үй ішіндегі тәртіпке қарсы шығып, наразылық білдіреді. Жас келіннің бұл әрекеті Фармон бибінің тынышын қашырса, қайынағалары мен абысындары «Жолдастар, біз қалай және қайда өмір сүріп жүрміз?!» деген сұраққа жауап іздей бастайды. Енесінің жоқтығын пайдалана отырып, кіші келін абысындары мен қайынағаларының қатысуымен «Генерал ене» атты шағын қойылым дайындайды. Ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстайтын бас кейіпкерден өз бейнесін таныған Фармон бибі өз қателігін мойындап, ұлдарының еншісін алып, бөлек шығуына рұқсатын береді. Ал «Келіндер көтерілісін» ұйымдастырған ерке келін Нигора ата дәстүрден аттамай, енесімен бірге қарашаңыраққа ие болып қалады.
– Комедия ене мен келін арасындағы қарым-қатынасты ғана емес, жалпы қоғамда орын алып жатқан мәселелерді көрсетеді. Адам баласының еркіндігі, еркі, іс-әрекеті, таңдау құқығы сияқты күнделікті өмірде кездесетін мәселелер негізге алынған. Қойылымда ата дәстүрін берік ұстайтын өзбек халқының ұлттық биі мен музыкасы қолданылады. Астарлы әзілге толы комедия көрермен қауымды күлкіге бөлей отырып, терең ойға батырады, – дейді Сайфиддин Мелиев.
Өзбекстандық режиссер жергілікті актерлермен жұмыс істеу оған өте оңай болғанын, жамбылдық театр ұжымынан үйренері көп екенін айтты.
– Мен Дауылбай ауылында өстім, бала кезімде қазақ достарым көп болды. Сондықтан театр труппасымен тез тіл табысып кеттім, – деді режиссер С.Мелиев.
Қойылымның басты кейіпкері, адуынды Фармон бибі рөлін театрдың талантты актрисасы, ҚР Мәдениет саласының үздігі Анар Сағымбекова сомдаса, еркіндікті аңсаған жас келін Нигора бейнесінде – жас актриса Малика Алтынбекова. Ал Сәтті келін рөлінде – дарынды актриса, ҚР Мәдениет саласының үздігі Жадыра Құлтаева, ал оның жұбайы Асқарды ҚР Мәдениет саласының үздігі Мәмбет Қожалиев шеберлікпен бейнелейді.
А.Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының директоры Ақылдос Тәжиевтің айтуынша, «Келіндер көтірілісі» қойылымы көрерменге заманауи көзқарастарды, қоғамның әлеуметтік мәселелерін, ұрпақтар тартысын жеткізуді көздейді.
Қойылым көпшіліктің көңілінен шығып, театрсүйер қауымды күлкіге қарық қылды. Сахналық көріністердің шынайылығы, актерлердің шебер ойыны мен өткір әзілдері көрермендердің жүрегінен ерекше орын алды. Спектакльдің соңында көрермендер труппаны ұзақ уақыт қошеметпен шығарып салды.
Режиссердің көмекшісі Роман Абдуқадиров спектакльде театр әртістері өздерін біртұтас ұжым, біртұтас отбасы ретінде көрсете отырып, берілген рөлдерді тамаша ойнап шыққанын атап өтті.
«Келіндер көтерілісі» – комедиялық оқиға желісімен көрерменді баурап қана қоймай, терең мағыналы ой тастайтын қойылым. Бұл премьера театр әлемінде есте қаларлық жарқын оқиғалардың бірі болып қала бермек.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ