Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Атлах шайқасының ақиқаты қандай?

Атлах шайқасының ақиқаты қандай?
Ашық Дереккөз
Түркі халқының әлемдік аренадағы орны - сонау 3000 жылдан бері келе жатқан тарихи оқиғалардан бастау алады. Б.д.д 700 жылдары Мадай бастаған сақтар бүкіл әлемді жаулап, Египетке дейін барды. Египет патшасы Псевматих сақтардың аяғына жығылып, алтын-күмісі мен байлығын алып, пирамидаларды қиратпауын өтініп, құлдық ұрды. Одан берідегі б.д.д 525 жылдары елімізге шапқан парсы патшасы Кирдің өлімші болып кетуі, Дариидың жеңілуі, б.д.д 300 жылдары қағанат құрған Қаңлы, Үйсін, Ғұн мемлекеттерінің құрылуы, Ғұн Тәңірқұты Мөденің әлемді жаулауы сияқты түркілердің абыройы асқақ еді. 552 жылы құрылып, тағы да әлемді жаулаған Түркі қағанаты, Қимақтар, Қыпшақтар, Түргештер, Қарлұқтар мемлекеті ғаламды дүр сілкіндірді. Сондықтан, қай ел болса да күшейе бастаса, бірінші түркілерді бағындыруды ойлады. Өйткені, түркінің бағынуы – олардың тыныш өмірлерінің кепілі болып саналды. Бірақ, жауынгер түркілер ешкімге бағынбады, еш тыныш жатпады. Басы бірігіп, қосыла қалса, айналасындағы елдердің жерлерінің бәрі түркінің ат тұяғының ізі тиген жер екенін еске түсіріп отырды. Міне, осындай ұлы оқиғалар қатарында араптардың әлемді жаулап келуі – түркінің жаңа тарихнамасымен ұштасты. Түркі халқы да осы уақытқа дейін қаншама жеңіс пен жеңілістің дәмін татса да, өр рухынан құлаған жоқ. Сөйтіп, жаңа дәуірдің жаңа ғазауатында араб басқыншыларымен бетпе-бет келді.

Біздің дәуіріміздің 751 жылы Тараз қаласының жанындағы Атлах қаласы маңында қытай және араб әскерлерінің арасында әлемдік өркениетке жаңа серпін әкелген ірі шайқас болды. Тіптен, ешкім ойламаған қиян-кескі ұрыс өтті. Қазіргі уақытта әлемдік тарихнамада мәңгілік қалған жеті ірі шайқас болатын болса, солардың қатарында осы Атлах шайқасы да аталады. Жалпы, бұл шайқастың шығуына не себеп болды? Неге екі алып өркениет бір-бірімен алапат ұрысқа барды? Осыған да тоқтап кеткеніміз жөн шығар.

Дәл сол шайқас қарсаңында 749 жылы араб халифатындағы ұзаққа созылған тақ таласы аяқталған еді. Таққа талас барысында Омаядтар билігін жеңген қара киімділер деп аталған Аббас әулеті билікке келді. Аббас әулеті келе сала осыған дейін халифат бақылауынан тыс қалған және халифат билігі әлсірей бастаған Орталық Азиядағы иеліктеріне ықпалын қайта күшейтуді қолға алды. Қалай болғанда да Орта Азияның маржандай көзтартар байлығынан айрылғысы келмей, шабуылын үдете түскен болатын. Ал, осы тұста Тан патшалығының әскері де Шығыс Түрік қағандығының әлсірегенін пайдаланып, Талас өңіріне таяп келіп, араб халифаты иелігіне қауіп төндірді. Яғни, бұл жерлерден айрылып қалмай, түркілерді өз боданында ұстауға қытайлар да тырысты. Алайда, Тан патшалығынан қаншама жылдардан бері теперіш көріп келе жатқан жергілікті түргештер мен қарлұқтар араб халифаты әскерінің көмегіне сүйеніп, қытайға деген сырттай тәуелділіктен арылуды ойлады. Бірте-бірте түркілер қытайға деген бағыныштылықтан бас тарта бастағаны Тан патшалығына ұнаған жоқ. Бұл жағдай арабтар мен қытай әскерлерінің қақтығысқа түсуін жеделдете түсті.

Осылайша арабтар мен қытайлар екі жақтан түріктерді қыса келе өздері де бір-бірімен түйісіп қалды. Орта Азияның байлығына таласқан екі алып империяның мақсат-мүддесі Тараз қаласының қасында мәңгілікке түйісті.  Екі жақ әскерлерінің шайқасы 751 жылы шілдеде басталып, 5 күнге созылды. Қытай әскерінің қолбасшысы Гао Сянь-чжидің қарамағында 100 мың әскер болыпты. Алғашқы төрт күндік шайқаста екі жақ та тең түсіп, бір-бірін ала-алмай итжығыс күн өткізеді. Соңғы шешуші бесінші күні болғанда тағы да тең түсер ме еді, екі жақтың да әлсіреген тұсын байқаған түркілер көрегендік танытып, араб әскерлерін қолдап, шайқас барысында қарлұқтар мен түргештер арабтарға жақтасып, екі жақтан Тан армиясын қыспаққа алады. Түркілердің әскерімен бірігіп, үлкен қолдауға ие болған араб қолбасшысы Зияд ибн Салих пен қарамағындағы әскерлер шайқас барысында қытай әскерінің 50 мыңын өлтіріп, 20 мыңын тұтқынға алады.

Тыңнан түрен салған түркі әскерлері бұрыннан келе жатқан ата-баба кегі үшін қытайлармен аянбай соғысқа кіріседі. Шайқаста оңбай жеңіліс тапқан Тан патшалығы бұдан кейінгі кезеңде өз құдіретінен айрылды. Бұл өз кезегінде түркілердің Ислам өркениетімен жақындасуын жылдамдатты. Жалпы, Атлах (Талас) шайқасының тарихи маңызы зор. Себебі осы шайқастан соң Тан империясының Орта Азияға бағыттаған шапқыншылық саясатына нүкте қойылды. Қытай империясының Шығыс Түркістандағы әскери бекіністері түгелімен жойылды. Орталық Азияның тарихи, мәдени және саяси картасы өзгеріске ұшырады. Өлкемізде ислам өркениеті жаңа арнада қанат қағып, білім мен ғылымның  дамуына даңғыл жол ашылды. Түркілер қытай экспансиясынан мәңгілікке құтылып, ешкімге бодан болмайтын өзінің тәуелсіздігін сақтап қалды. Сонымен бірге, ислам дінін қабылдай отырып, үлкен өркениетке жол ашты. Міне, Атлах шайқасының түркілерге әкелген мынадай бірнеше пайдасы болды:

1.Жүйеленген тұрақты бір діннің астына бірікті;

2.Халықтың жаппай сауаты ашылды (сауат ашу орталықтары ашылды);

3.Сауаттылықтың арқасында түркілерде әлемдік ғылымға өз үлесін қосқан көптеген ғұламалар шықты;

4.Түркілер мәңгілік өздерінің тәуелсіздігін сақтап қалды;

5.Ежелгі түркі әліппесі жаңа араб әліппесіне ауысып, Азиядағы бірнеше мемлекеттердің ортақ әліппесіне айналды;

6.Түркі халқы үшін ежелгі антикалық грек-рим білімін толық игеруге жол ашылды.

Осылайша Исламның келуімен бірге түркілер арасында жаппай сауаттылық мәселесі қолға алынып, халықтың сауатты көзқарасы қалыптасты. Исламның гүлденген осы дәуірінде сауаттылықтың арқасында көптеген ғалымдарымыз тарих сахнасына шықты.

Қазіргі таңда, шынын айту керек, өз тарихымызды тануда, бағалауда біз ұғынбай жүрген дүниелер баршылық. Сондықтан да біздің жерімізде болған кейбір тарихи соғыстардың әлі күнге дейін ақиқаты ашылып, бағасы берілген жоқ. Біз осы күнге дейін Атлах шайқасының мән-маңызын аша алмай келе жатырмыз. Бұл – өте үлкен тарихи оқиға. Мұны бүкіләлемдік тарих сахнасында зерттеу қажет. Сол дәуірдегі екі алып империяның бетпе-бет келіп, қасиетті Тараз қаласының маңында соғысуы – түркілерге келген бақыт деп түсінуіміз керек. Ол кезде осы аймақтағы геосаяси ойыншылар ретінде шығыстан Қытай, батыстан Араб-Парсы империялары шықты. Олардың көздегені Түркістан өңірін жаулап, түркілерді бағындыру. Өйткені түркілерді бағындырған елдің қуатты империяға айналатындығы. Міне, осындай қазақ жеріне деген таластан туған аталған ұлы шайқастың Түркі тарихы үшін маңызы өте зор болды. Өйткені сол соғыста Қытай әскері Талас бойында тас-талқан болып жеңілді, енді қайтып түркілер еліне беттей алмады. Қытайлықтар Түркістанға жүргізген барлық экспансиялық саясатынан бас тартып, мың жылға дейін беттеуден қалды.

Осы жерде мың жыл дегенге түсініктеме бере кетейін. Осы шегіністен кейін қытайлар 1757 жылы ғана қазақ жеріне аяқ басып, қайта қауіп төндірді. Жоңғар елін талқандап, күшейген соң қазаққа да шабуыл жасады. Жоңғар шапқыншылығынан әлсіреп шыққан Абылай хан бастаған қазақ әскеріне бұл оңай соққан жоқ. Алла жар болғанда, қырғын соғыс болмай, үш күн текетіресіп тұрды да, бір түнде қытайлық әскерлер артқа шегініп кетті. Сонау мың жыл бұрынғы Атлах шайқасындағы жеңілісін есіне түсірсе керек. Сол кеткеннен мол кетті. Міне, қытайларды қазақ жеріне мың жылға дейін беттемеді дегенім осы болатын.

Сонымен қатар бұл соғыстың тағы бір пайдасы, ислам өркениетінің даму заңдылығы біздің елге келіп сіңді.  Ислам діні бізге, ең алдымен, сауаттылықты алып келді. Дінді қабылдаған әрбір адам міндетті түрде намаз оқуға тиесілі болды. Ал намаз оқу үшін Құранды жаттау керек еді. Құранды жаттау үшін оны оқу керек болды. Ал оқу үшін не істеу керек, әрине, әліпбиді білу қажет. Яғни әрбір Құран оқуға ниеттенген адам ешкімнің зорлауынсыз араб әліпбиін өз еркімен жаттайтын болды. Кез келген пенде, кедей болсын, бай болсын көзі ашық сауатты болды, әріп таныды, кітап оқи алатын дәрежеге жетті.  Соның арқасында түркілерден шыққан ғұламаларда сан болған жоқ. Әл-Фараби, М.Қашқари, Ж.Баласағұни, А.Ясауи, С.Бақырғани, Әл-Бируни, Ибн Сина сияқты көптеген ғұламалармен бірге бір ғана Тараздың өзінен 50-ден аса «Таразилер» ныспылы ғалымдар шоғыры шыққанын мақтанышпен айтуға тиіспіз. Тіптен олардың жазған еңбектері әлемнің көптеген елдеріне тарады. Оны әлі күнге дейін пайдаланып келе жатыр. Осының барлығы да сол сауаттылықтың арқасында болды. Әйтпесе, ел сауатсыз болса, мұндай ғұламалар шығар ма еді? Сондықтан Атлах шайқасының ең маңыздылығы – ислам дінінің келуімен бірге халықтың жаппай сауаттылыққа бет бұруы деп айтуға болады. 

Сол кездегі Орта Азия тұрғындарының лек-лек болып Исламға қосылғаны тарихи әдебиеттерде баяндалады. Мәселен, 960 жылы 200 мың киіз үй түркі халқы ислам дінін қабылдаған. Бұл түркі халықтарының тарихындағы ірі оқиға. 1232 жылы қайтыс болған араб тарихшысы Ибн әл-Әсирдің «Әл-Кәлім» деп аталатын 8 томдық кітабында осы оқиғаны: «Түріктерден екі жүз мың шатыр адам мұсылман болды»,-деп баяндаған.

Бұл оқиғалардан түркі халықтарының біраз бөлігінің ислам дінін кабылдағанын байқаймыз. Сол кезеңде қалаларда ислам діні кеңінен қалыптасқаны анық. Мысалы, ежелгі Тараз қаласы ислам дінінің осы өңірдегі тарауына тірек болды және тағы бір ортағасырдағы гүлденген Испиджаб көшпелі түріктерге ислам дінін таратудың орталығына айналды, бұдан да басқа қалалар дінді таратуда жақсы істер атқарды. Ислам діні тек қана таралумен шектелмей Орталық Азия мен Қазақстан калаларының келешекте өркендеуіне жол ашып берді. Өйткені, дінмен қатар ғылым мен архитектураның даму дәрежесі де айтарлықтай болды. Тарихқа үңіліп қарасаңыз, қайсы дін, қандай мәдениет немесе қай отаршыл ел түркілердің мәдени ілгерілеуіне, өнер мен ғылымының, сондай-ақ, өзіндік қайталанбас архитектурасының дамуына алып келіп еді? Біз араб мәдениетінің тарихына және оның әлем мәдениетіне қосқан үлесін, ислам дінінің тигізген пайдасын, сонымен қатар, антикалық дәуірдің философиялық ғылымдарына жол ашқанын ұғынар болсақ, халқымыздың ұлт болып ұйысуына негіз болған тарихи бетбұрыс деп қабылдар едік. Өйткені, Атлах шайқасынан соң, түркілер еркіндікте болып, тек,  ғылым мен білім, өнер мен мәдениетті дамытуға кеңінен үлес қосты. Араб әліпбиінің Азия мемлекеттері үшін ортақ болуы да ислам дінін ұстаған елдердің арасында бір-бірінің жазба хаттарын еркін оқуға, түсінуге пайдасын тигізді. Сол себепті, түркіден шыққан ғұламалар Дамаск, Бағдад, Шам сияқты кітап шоғыры көп жиналған қалаларға барып, кеңінен ғылыммен тыныстауына мүмкіндік алды. Гректердің, Римнің, Латынның европалық ғылыми көкжиегінің шеңберін шарлауға даңғыл жол ашылды. Мұның барлығы түркілердің әлем өркениетіне өз үлесін қосып, қолтаңбасын қалдыруға, көптеген ғалымдардың шығуына септігін тигізіп, гүлденген мәдениет ошағын қалыптастыруға негіз болды. Осы Атлах шайқасынан кейін Азияға көптеп кірген түркілік тайпалар, тіптен олардың өзін жаулап алып, мыңдаған жылдар бойы өз өркениетін де жасады. Олардың қатарында: Оғыздар, Селжүктер, Осман түріктері, Әмір Темір империясы, Жалайырлар мемлекеті, Аққойлы, Қарақойлы мемлекеттері сияқты түркі ұлыстары қағанат құрып, ғылым мен білім ордасына айналған Бағдат, Шам, Дамаск, Мерв қалаларын өздерінің астанасына айналдырды.

Міне, түркілердің әлем өркениеті мен тарихын өзгертіп, ұлы бетбұрыс жасауына пайдасын тигізген Атлах шайқасы  біздің тарихымызда осындай маңыздылығымен ерекшеленіп қалуы тиіс және сол шайқас өткен орынға үлкен тарихи ескерткіш орнатылуы қажет.

 

Асылжан Дулати,

тарихшы-түркітанушы,

Ш.Мұртаза атындағы

руханият және тарихтану

орталығының меңгерушісі

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар