Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Көбетайдың ұлдары көпке үлгі көрсетіп отыр

Көбетайдың ұлдары көпке үлгі көрсетіп отыр
Ашық Дереккөз
Қысы 6 айға созылатын Жуалы ауданында мал қыстату және мал төлдету науқаны аса маңызға ие шаруалардың бірі. Қазір өңір шаруалары осынау жауапты кезеңді жауапкершілікпен өткеру үстінде. Қытымыр қыстан төрт түліктің қоңын түсірмей алып шығу, жаңа туған жас төлдерге тиісті күтім жасау, жалпы мал қыстату мен төлдету жұмыстары – шаруа мен малшы қауымы үшін жауапты кезең.

Қасиетті өңірдегі малшаруашылығының дамуына өзінің үлесін қосып, адал еңбекке талаптанып жүрген шаруа азаматтың бірі – Қайрат ауылының тұрғыны Махамбет Сағынтаев. Ол бүгінде шағын шаруашылықта сауынды сиырдың басын көбейтумен бірге, сүттің көлемін ұлғайтуға да барынша күш салуда. Ақсай ауылдық округінің Қайрат ауылының жоғарғы жағындағы (Алатау жақ беті) мал қыстауында қазір сауынды сиыр мен бордақы бұқашықтар, онымен қоса бойдақ малдар бағылады. Шаруашылықтың ауыл сыртындағы мал қыстауында 2 адам малдың күтіміне жауапты.

Қазір мұнда сауынды сиырлар кезегімен төлдеп, жұмыстар қарбаласып жатқан сәт. Жаңа туған сиыр мен жас бұзауларға жылы орын мен жақсы күтім керек. Күтім жасау жұмыстарына жауапты адамның қажеттігі айтпаса да түсінікті. Ол үшін қазір мұнда тәулік бойы бір жұмысшы тұрақты отырады. Оған қыстау маңынан үй-жай мен жатын орын қарастырылған. Сейсенбі күні Қайрат ауылының жоғарғы бөлігіндегі мал қыстауына арнайы барып, шағын шаруашылықтың мал қыстату және мал төлдету науқанының барысын көзбен көріп қайтқанбыз.

Қыстау ауылдан анағұрлым қашықта орналасқандықтан болар, қызметтік көлікпен қара жолдың езілген балшығын белшеден кешіп ақырын жүріп келеміз. Жол жеткізер емес. Біздің осында келгенімізден хабардар болған шаруа азамат Махамбет те соңымыздан «Нива» көлігімен тездетіп жетті. Ауа райының қолайсыз күндерінде мұнда ары-бері қатынаудың өзі қиын екені көрініп-ақ тұр. Себебі, қалың қар жауып, боран болса жол жабылып қалады. Ал көктемге салым жолдың топырағы езіліп, балшыққа айналады. Бірақ алға қойған нақты мақсаты бар еңбекқор азамат мұндай қиыншылықтарға мойымайтынын айтады.

– Шаруа қожалықты әкем біраз жыл бұрын өз қолымен құрған болатын. Мал қыстауының маңындағы мына тұрған ескі сарайлар бұрынғы Ленин колхозынан қалған тауарлы-сүт фермасының қоражайлары. Ұжымшар тарағаннан кейін әкем осы ғимараттарды сатып алған. Кейіннен мал қоралардың ішін шаруашылыққа ыңғайластырып, қайта жөндеп алдық. Қазір мұнда негізінен сауынды сиырлар мен бордақы бұқашықтар бағылады. Қыс мезгіліне қажетті жемшөптің қорын жаз мезгілінде молынан дайындап алып, мал қолға қараған уақыттан бері оларды құнарлы азықпен қамтамасыз етудеміз, – дейді шаруашылық Махамбет Көбетайұлы.

Алдыңғы жылдары мұнда барлығы 20 басқа дейін сауынды сиыр бағылса, қазір 11 сиыр тұрақты сауылып, сүт беріп тұр. Малдардың дені – жергілікті сүтті сиырлар. Құнарлы азықпен бағылғандықтан болар, тәулігіне 15-20 литрге дейін сүт беретін сиырлар да бар. Сауылған сүт аудан орталығындағы «Олжа» сүт зауытының шағын сүт өңдеу цехына күнара өткерілу үстінде. Майлылығына қарай қаржысын да тұрақты алып отыр.

Мал қыстауында қазір бір жарым, екі жас аралығындағы қызыл-ақбас 10 бұқашық бордақыланып жатыр. Олар осында 6-7 айға дейін құнарлы жемшөппен байланып, әбден семіртілгеннен кейін ғана етке өткізіледі. Бұдан да түсетін табыс жаман емес. Былтыр дәл осындай бұқашықтардың етін көршілес Түркістан облысына қарасты Сайрам ауданының Қарабұлақ ауылындағы мал сою алаңына әр келісін 2 500 теңгеден өткізіпті. Бойдақ бұқашықтар мал қыстауында есейгенше бағылып, кейіннен семіртіліп, етке өткізу үшін бордақыға байланады. Шаруашылық мүшелерінің жыл сайын айналысатын негізгі кәсіптері осы. Шаруашылық мүшесі Махамбет Көбетайұлы сауынды сиырлардың басын көбейтіп, бордақылау алаңын ұлғайтсақ деген ойларының бар екенін аңғартты

– Бірер жыл бұрын «Ауыл аманаты» жобасына қатысып, 5 миллион теңге несиеалғанбыз. Бұл қаражатқа барлығы 13 бас сауын сиыр сатып алынды. Жұмыстың бағыты – ірі қара малды өсіріп көбейту әрі өнімін алу.

Далада жүрген бойдақ тана-торпақтардың көбісі қолдағы сиырлардан алынған төлдер. Асылтұқымды болмаса да, қолдағы мал тұқымының сапасы жаман емес. Сиырдан күнделікті сауылған сүттің көлемі, бордақы малдан алынған еттің де көлемі көңілден шығады. Алға қойып отырған мақсат көп. Жұмысты жолға қойып, туған бауырларымызбен бірге істі ары қарай жалғастыра береміз, – дейді Махамбет Көбетайұлы.

Малды көбейтіп, сапасын арттыру үшін оған ең алдымен жылы әрі таза қоражайлар мен сапалы азық қорының қажет екені белгілі. Шаруашылықтың ауыл сыртындағы мал қыстауында қоражайлар жеткілікті. Мал азығына қажетті сапалы жемшөпті де олар өз егістік жерлерінен дайындайды және жетпегенін ауылдастарынан қосымша сатып алады. Ол үшін қыстау маңына жыл сайын 5 мың данаға жуық тайланған құнарлы шөп пен сабан жиналып, онымен қоса, малдың жеміне ұсақтап тартылған арпа, бидай дайындалады. Бұл – малдың басын көбейтіп, сүттің көлемін ұлғайтуға толықтай мүмкіндік береді деген сөз.

Әкелері құрып, істі бастап берген шаруашылықтың жұмысын тұрақты жүргізіп отырған ағайынды азаматтардың бірлігі бекем, алға қойған жоспарлары да айқын. Шаруашылық мүшесі М.Сағынтаев күнделікті жұмыспен қатар, үйде айғыр ұстап, ат баптайтынын да айтады. Онысы – ұлттық спорттық ойын көкпарды дамытуға деген құлшыныстан туған әрекет екенін де жасырған жоқ.

Айта кету керек, ауыр бейнеттен қашпай, малдың басын көбейтіп, экологиялық таза ет-сүт өндірумен бірге, аудан орталығындағы 10-нан астам сүт өңдеу зауыты мен шағын цехтарды таза шикізатпен күнделікті қамтамасыз етіп отырған да ауылдардағы осындай шағын шаруашылықтар. Жаңа заман сұранысына қарай бейімделіп, адал еңбегімен тау қопарып жүрген мұндай шаруа азаматтар барда қасиетті қара шаңырағымыз болған ауыл да өсіп-өркендеп, дами бермек.

 

Нұржан МАНАСҰЛЫ,

журналист,

Жуалы ауданы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар